Астана әкімдігі Назарбаеваның компаниясымен жұмысын тоқтатпаған болып шықты

Қаракөз Амантай 26 февр. 2024 17:20 4350

Астана әкімдігі Әлия Назарбаеваға тиесілі "Clean City NC" қоқыс шығару компаниясымен серіктес ретінде әлі де жұмыс істеп келеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұған дейін ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев журналистерге берген сұқбатында Назарбаеваға тиесілі компаниялармен келісім-шарт тоқтағанын кесіп айтқан болатын. Алайда соңғы мәліметтерге сәйкес, бұл ақпарат шындыққа жанаспайтын болып шықты.

Астана әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, "Clean City" ҰК-мен бес жыл бұрын жасалған келісім сәуір айында аяқталады-мыс.

"Бұл компаниямен келісім-шарт мерзімі аяқталады. Бүгінде компания бүкіл қала бойынша жұмыс істеп тұр. Онымен бес-алты жыл бұрын келісім-шарт жасалған. Осы жылдың сәуір айында қаланы бес ауданға бөліп, конкурс жариялаймыз. Себебі тұрғындар саны екі есеге артқан. Сәйкесінше қоқыстар да көбейген", - деді Қасымбек.

Бұдан былай Астанада бірнеше компания қоқыс шығаратын болады. Оларға қойылатын басты талап – арнайы жабдықтың болуы. Бірақ Әлия Назарбаеваның компаниясы бұл байқауда да жеңіске жетіп, әкімдік мердігерлерінің бірі болуы мүмкін.

Еске салайық, 2023 жылдың күз айында экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев экс – президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кіші қызы Әлия Назарбаеваның компаниясы қоқыс шығарумен айналыспайтынын жеткізген еді.

"Менің ақпаратым бойынша, Әлия Назарбаеваның компаниясы бүгінде қоқыс шығарумен айналыспайды", - деп министр Үкіметтегі брифингте мәлімдеме жасаған болатын.


Рекомендовать
Последние новости