Асқар феномені

Dalanews 05 апр. 2016 04:21 1079

Әдебиет – сөз өнері, яки асыл сөз. Олай болуының бір парқы – оның бойында адамның жан дүниесін баурап алатын сиқырында шығар, бәлкім. Бұл өнер – қазақ мәдениет ландшафтында өзіндік орны бар дүние. Әдебиет – қазақ тарихы, ұлт болмысы деген ұғымдармен етене болып келетін ұғым. Асқар дарыны, феномені осындай ірі ұғымдармен тығыз байланыста болып келеді. Асқар – өзін ұлт тарихымен, ел болмысымен, халық өмірімен тығыз бірлікте қараған суреткер. Оның суреткерлігі де осындай ұстындардан тұрады. Жеке адам, тұлға, оны қоршап тұрған кеңістік, уақыт шарбағында орналасқан қоғам бар. Бұл екеуі бірінсіз бірі өмір сүре алмайтын түсініктер.

А.Сүлейменов те өз қоғамынан бөлініп кете алған жоқ. Кейбір қаламгер оны «саяқ жылқы», «диссидент», «эмигрант» деп есептесе де, ол өз қоғамының ішіндегі ішкі саяқ жылқы, ішкі диссидент, ішкі эмигрант еді. Ол – тіпті өзіне-өзі қарсы болған тұлға. Ірі талантта, ірі суреткерде қайшылық проблема көп болады. Ол қайшылықтың үстіне сыртқы қоғамдық қайшылықтарды қосыңыз. Сонда бұл екі қайшылық қосындысынан не шығады?! Тұлға феномені шығады.

Асқар күрескен, әшкерелеуге тырысқан дерттер, ауру ұғымдар – жалған интеллигентшілдік, стильсіз, мінезсіз өнер, қортық интеллектуалшылдық, ұлттық нигилизм, өтірік қоғамдық теория – социализм, іріп-шіріген елдік жүйе – тоталитаризм т.б. Ол – социализмге сенбеген, кеңестік идеологияны, жүйені қабылдамаған жазушы. Және ол қалпын ертерек түсініп, өз шын болмысына ертерек жүгінген зиялы қауым өкілі. Ленин ол үшін авторитет болмаған. Оған қарағанда жанына Чаадаев жақын болған. Чаадаевпен жақын болған адамнан қорқуға болады. Ал, Абаймен ше? Асқар өзінше 60-жылдардағы – Абай. Кеңес кезіндегі – Абай. Ол сол Ленинді аттап өткен күйі Алашордалықтарға кеп тірелді. Алашордалықтардан өтіп барып, Құранға кеп жығылды. Рас, Құранның алдында Інжілді де біраз шарлаған. Қайтыс боларынан аз бұрын Қазығұрттағы Қызылқия деген ауылдағы Жақан деген күйеу баласының үйінде қонақтаған екен. Жақаңмен сөйлескенімде, ол кісінің шұқшиып кітапқа көп үңілгенін айтты. «Қандай кітап»? – дегенімде, «Әсіресе, «Інжіл», – деген. Інжіл – ол кісі үшін келесі бір баспалдақ, өмір бойы, 53 жыл бойы үздіксіз жүріп отырған таным баспалдағы еді.

3af12af8c13990c97ac9d84919873e66Дүниеге адам болып келген. Адам болған соң, адамшылық әрекеттер жасамай тұра алмаған. Ол әрекетті түсінбегендерді ол да түсінбеген. Сол түсінбеген күйі өмірден өтті.

Білім болды. Бас болды. Интуиция бар. Жүрек бар. Сезім бар. Содан соң орта болды. Орта – сол орта. Орта саған төсек боп жайылмайды. Орта ешкімге көрпе боп төселмеген. Адам соның зардабын тартуға мәжбүр. Ортаны адам өзгерте ала ма? Өзгертеді? Бірақ ірі бір шарты бар. Аллаһ Тағала қалаған болса. Онсыз адамның қолынан ештеңе келмейді. Онсыз адам – бір шыбын, әлсіз зат. Ал Аллаһтың өзінің заңы бар, ережесі бар. Ол ережеге біз басшылық жасай алмаймыз. Ол бізге басшылық жасайды. Ойшыл жан бұл жалған тіршілік сырын, механизмін, феноменін сезе алды. Әсіресе, өмірінің соңғы кезіндегі буырқанған тарих факторлары бұны қатты сездірді. Ірі жараның ірің боп аққан қалпын көрді. Дүние өзінің мінезі мен асты-үстіне түсіп өзгеріске душар болды. Қалы бар патша бұл жерде тек әншейін шахмат фигурасы ғана. Асқар да – фигура. Біз де – фигурамыз. Өзі көп айтатын физикасы бар фигура ғана.

Асқардың бойына Құдай өнерді үйіп-төгіп берген. Ал сол өнердің серті бар. Мәселе сол, сертті ұстануда ғана болатын. Ол – сол сертті ұстанған жан. Өнер сертін ұстану, ұстанбау да оңай нәрсе емес. Ол сертті ұстай алмай, серт өздерін ұстағандар да болған тарихта. Құдай одан сақтасын. Асқар қоғамнан бөлініп қалған. Ол маған талдан үзіліп түскен алмаға, не жапыраққа ұқсайды. Өмірде ондай құбылыстың болатынын ешкім жоққа шығармайды ғой. Сол бір үзіліп түсуден, бөлінуден мен бір тазалық көремін. Бөліну – бөліну үшін болмаған. Кейінірек Мұқағалиға, Асқарға еліктеп бөліну үшін бөлінгендер де болған. Бірақ ол жасанды әрекеттер тез оңып, білініп қалды. Бұлар да ол самородный сары алтын түрде болған. Кеңестік дәуірдегі бөлінудің көкесі – Бауыржан Момышұлы сияқты боп көрінеді. Баукең секілді кім бөліне алған? Бұлар содан кейін бөлінгендер. Қоғамнан шын бөліне алғандар аз болды. Ол екінің бірінің қолынан келе ме? Асқар сөзсіз – ірі жан. Ең бастысы – осы. М.Шаханов бірде: «Өлең жазу ақындықтың 100 шартының бірі ғана», «Тіпті ақын болу үшін өлең жазу міндетті де емес», – деген. Сонда ол нені меңзеді? Меніңше, ірі жандылықты. Жанның ірі болуын. Жаны ірі болған адам – бар қызық сонда. Б.Момышұлы да ірі жан болған. Оның ең басты қасиеті – 1941 жылы генерал Панфиловтың резервінде болғанында емес. А.Бек повесінің бас қаһарманы болғанында да емес. Мінезінің шатақ болғаны да емес. Гәп басқада. Оны іштей сіз де сезесіз. Мұхтар Шахановтың да ең басты ерекшелігі ол – оның «Танакөз» поэмасын жазғаны емес. Немесе желтоқсан оқиғасы жайлы съезде батырлық мәлімдеме жасағаны да емес. Сол сияқты, сол сияқты боп кете береді. Бауыржан – ірі тұлға, Мұхтар да, Олжас та – ірі тұлғалар. Асқар һәм – ірі тұлға. Иә, Асқар – ірі тұлға. Қайда барсаңыз да мейлі. Мәселе қайда? Мәселе осында. Бұлардың бөлінушілігі де осында жатыр ма деймін. Әйтпесе неге бөлінеді олар. Мұқағали һәм – ірі тұлға. Әлі күнге оның өлеңдерінің халық жанын тербейтіні содан. Жанының ірі болғанынан. Сөздерінің ұйқасы керемет болғанынан емес. Халық ішінде ірі жанды адамдар көп болу керек. Ірі жанды адам – тірі адам. Бұлар – тірі адамдар. Қоғамда өлі адамдар да көп. Сонда олардан басқалардың бәрі өлі адам болғаны ма? Жоқ, бәрі өлі емес. Басқалар да тірі. Тек бұлар жай тірі емес. Гүлнәр Салықбай деген философ ақын қыз айтыпты:

...Біреулерге өліден де өліміз,

Біреулерге тіріден де тіріміз, –

деп. Олар тіріден де тірі. Мүмкін біздің айтпағымыз да осы шығар. Ірі жанға ақ пен қара арасы ашылады. Яғни, ол ақ пен қараны ажыратушы кабілетке ие болады. Ең зор өнер, бәлкім өнер атаулының ең биік Хан Тәңірісі де сол. Асқар байқамай сол биікке көтеріліп кеткен тұлға екен. Әйтпесе ол: «Ең зор өнер ол – ақ пен қараны ажырата білу өнері. Бұл мәселені тек ішкі түйсікпен шешуге болады. Онда да әупірімдеп», – деп жазбаған болар еді. Өзі қойған проблемаларды өзі шешіп кетті. Ақ пен қара проблемасын ол өмірінің проблемасы етіп қоя алды. Қал-қадерінше шешуге тырысты. Созақтан шыққан Хемингуэй – Америкадан шыққан Асқар емес. Баяғыда бір француз: «Дарынды жанды адамдар провинцияда туып, Парижде өледі», – деген екен. Біз бұл өрнекті былай түрлентпекпіз: «Ірі жанды адамдар Жуалыда туып, Алматыда өле береді». Немесе «Ірі жанды адамдар Қарасазда туып та Алматыда өле береді», – деп т.б. Бұл жай әншейін фасон ғой. Әдебиет – асыл сөз. Қадірлі сөз. Ол – өнер. Адам тағдырын шешуге араласатын, дәнекерлік болатын элемент. Қайтіп? Бір Құдай тарапынан серт боп келуі арқылы. Сізге серт боп келген нәрселерге сіз де сертпен жауап беруіңіз керек. Ол қандай өнер болсын, мейлі. Соның арты тағдыр феноменіне айналады.

Ақжол ҚАЛШАБЕК,

филология ғылымдарының кандидаты

www.adebiportal.kz


Рекомендовать
Последние новости