Әр қазақ менің жалғызым. Ұранымызға әрекетіміз сай ма?

Dalanews 05 апр. 2016 05:52 5359

Сабыр Адай: «Әр қазақ менің жалғызым». Сабыр Адайдың осы бір тауып айтылған сөзі тұтастай ұлттың бірлігін ту еткен ұран десек артық айтқандық болмас. Ұлттың тұтастығы мен бірлігі бір ауыз сөзге сыйып тұрғандай.

Бүгінгі күні екінің бірі осы ұранды  ту етеді. Әр қазақ менің жалғызым деп жар саламыз-ау, бірақ ұранымызға әрекетіміз сай келе ме? Әр қазақты жалғызым деп сүйіп жүрсіз бе? Әрине, бір-бірімізді жалғызым деп жанымызға балағанымызға не жетсін. Бірақ, іштей тыжырынып, сырттай бауырым деп жақсы көргеніміз кімге керек? Осы ұранды бауырларымыздың қаны мен санасына сіңіре алдық па?

«Әр қазақ менің жалғызым» деген ұранды өткен айда қос азаматымыз бар әлемге үлгі етіп көрсетті. Ережесіз жекпе-жектен Қытайда өткен халықаралық жарыс финалында жолыққан Айбек Нұрсейіт пен  Ғабит Тұрғанбектің әрекеті қазақтың бауырмалдығы мен бірлігін, тектілігін есімізге бір салып, бізді де өзге елді де бір сүйсіндіріп тастаған еді. Атақ пен ақшаға бауырын сатпаған екі қазақтың ерлігі талай қазақтың жүрегіне бауырмалдық сезімін ұялатқаны анық.

Отандық БАҚ-қа сұхбат берген Айбек Нұрсейіттің: «Алаңға шыққан соң Ғабит соққы жасамай жүрді. Ғабиттің маған қолы батпай тұрғанын бірден байқадым да, мен де шабуылға шықпадым. Қытай көрерменнің алдында қос қазақ бір-бірінің мұрнын қанатып, көзін шығарып жату жараспайды деген намыс болды. Қанша ақша беріп жатса да, қазақ екенімізді дәлелдегіміз келді» деген сөздері бәрімізді ерекше толқытты. Қаршадай ғана екі азамат, екеуі екі мемлекетте өмір сүріп жатқан жап жас қазақ балалары қазақтың ұлттық сезіміне спорттың да өмірдің де ержесі мен заңдары жүрмейтінін көрсетті. Қос азаматымызға бәріміз сүйсіндік, разы болдық, мақтандық. Бірақ, оларға қарап өзіміздің кей қылықтарымыздан ұялу керегінін ұмытып кеткен болуымыз да мүмкін.

Иә, біз Айбек пен Ғабиттан шынында ұялуға тиістіміз. Айбек пен Ғабит қытай көрермендерінің алдынды бір-бірінің мұрынын қанатқысы келсесе,  басқаларымыз өз қазағымыздың алдында бір бірімізді қан жоса қылудан арланбаймыз. Өз еліміз, өз жерімізде жүріп тап-тапқа, жік-жікке бөлініп алып бір бірімізді талап жеуге дайынбыз. Ауыруын жасырғанның өлімі әшкере деген. Бүгінгі қазақ саяси мүддесі, дінли көзқарасы, руы мен туған жері сияқты тағы тағы неше түрлі типтері бойынша бөлініп, бір-бірін мойндағысы да, баурым деп жанына тартып, бастарын қосқысы да келмейді. «Орысқұл», «Арапқұл», «Шала қазақ», «нағыз қазақ», «маңгүрт қазақ», уахабист, салафи, сопы, таңіршіл болып бөлініп алып, бір бірімізге оғымызды қарша боратып отырамыз. Осы мақаламды жазбас бұрын әлеуметтік желіде кішікірім зерттеуде жүргізіп көрдім. Бөлінгіштіктің дәрежесін көрейін деп фейсбукта «Уахабтардың ұлтшылдардан бағы басым» деп бір сөйлем жазып, 7,8 сағат қойып тұрып едім. 100 ден аса адам ұнатып, 50 ден аса адам пікір жазып бір-бірін түтіп жесе, оннан астам адам мені достықтан шығарып тастады.

Әлихан Бөкейханның, Мұстафа Шоқайдың да мақалаларын бөлісіп жүрмін. Алаш көсемдерінің мақаларын оқып талқамақ тұрмақ, «ұнатпаған» достарым менің қазақты бөліп жазған бір сөйлемімді сонша талқылағанына қарағанда бізге бірліктен көрі бөлінгіштік «қасиет» жақын сияқты. Бұл әрине үлкен індет. Ендеше бұл індеттен қашан құтыламыз? Не істеу керек? Осы сұрақтар әр қазақты ойландыруы керекті.

Меніңше, бұның бәрі ұлтты бірлікке шақыратын идеологияның жоқтығынан келсе керек. Әр қазаққа ең әуелі әлмисақтан қазақ екендігін ұқтыра алмауымыздан болса керек. Ұлттық бірліктен көрі дінли көзқарасы мен саяси мүдесі, болмасаса рулық санасы басым тұрады. Бір талай қазаққа қазақ деген ұғымдынан көрі найман, керей, адай, албан, шапырашты, арғын, қоңырат, дулат сияқты ру атаулары ардақты болып, қазақ баласына қарағанда найман баласы найман баласы ғана жақын бауыр. Ал, әсіре діншіл  бауырларымыз үшін намаз оқымайтын қазақтан көрі намаздағы өзге ұлт өкілері баруыр екен. Ал бұның бәріне «әр қазақ менің жалғызым» деген ұранның жүрегі мен санасына сіңе алмауынан

«Біріңді қазақ бің дос, көрмесең істің бәрі бос» демекші, бір бірімізді дос көруден де алыстап барамыз. Бұл күнде біреу озып алға шықса оның жанкүйерлері мен достарынан бақталастары мен күншілдері кобейеді. Құларгерлерді Батыршатар құлатуға әуес. Сөйте тұра, әр қазақ менің жалғызым дейміз..Сондықтан, әр қазақ менің жалғыз дегенді толық түсініп санамызға сіңіре беруіміз керек.

Қандай да бір ағымның болмаса жіктің шырмауына шатылмау үшін рухымыздың берік болуы керек. Ол үшін тәрбие тал бесіктен дегендей, әр ата-анадан бастап баласын, әр азамат айналасына «әр қазақ менің жалғызым» екенін өз әрекетімен көрсете білуі керек. Әр азамат әр қазақ менің жалғызым деп ұрандаса, әрі ісі ұранына сай болғаны абзал. Әр азамат бірінші өзінің қазақ екенін, қазақ ұлты алдындағы өз жауапкершілігін толық сезіне білуі керек. Сонда ғана әр қазақты жалғызым деп білесіз.

Мақсат қазақты жамандау емес, осы бір бөлігіштік әдетті жойып, бір қазақ болсақ деген тілек еді. 

Тұрдыбек Құрметхан


Рекомендовать
Последние новости