"Ашық хатты оқыдым!". Дәрігерлер дауы Тоқаевқа жетті

Dalanews 25 сент. 2019 12:27 810

Соңғы екі күнде Алматы полицейлері №4 қалалық клиникалық аурухананың екі бірдей дәрігері қамауға алған.

Қамауға алынған аурухананың бас дәрігері Қанат Тезекбаевтың әйелі әзір Нью-Йоркте жүрген Тоқаевтан араша сұрап, тергеудің Серік Күдебаевтың (Алматы қаласы полиция департаментінің басшысы) ұлы қайтыс болған соң және ешбір негізсіз, дәлелсіз басталып кеткеніне шағымданды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Дина Тезекбаеваның айтуынша, жаздың ортасында 29 жастағы Нұрсұлтан Күдебаев жол-көлік апатына түсіп,  №4 ауруханаға жеткізілген. Оған сол арада ота жасалған. Кейіннен шұғыл түрде Германиядағы ауруханаға жеткізіліп, сол көз жұмған.

"Күдебаевтың ұлы қайтыс болғаннан кейін, операциядан кейін 26 күн өткесін, жолдасымды себебін айтпастан №4 аурухананың бас дәрігері қызметінен босатып, кепілдікпен босап шығу құқығынан айырып, қамауға алып тынды.

-№4 ауруханада жол-көлік апатына түскен Нұрсұлтан Күдебаевқа операция жасалған кезде күйеуім екі көмекшінің бірі болды және ота жасаған хирургпен, тағы бір көмекшімен, анестезиолог-дәрігер және медбикемен бірге бір палатада болған. Ол отаның нәтижесіне тікелей жауап бермейді., - дейді бас дәрігердің жұбайы.

Дина Тезекбаева тергеу Күдебаевтың ұлының өліміне дәрігер салғырттығы себеп болған дәлелдер ұсынған жоқ, деп есептейді.

"Керек десеңіздер марқұмның жүрегінің тоқтап қалуына жауырыны мен бұғанасына жасалған операция кері әсер етті деген тікелей дәлел жоқ", - дейді Дина Тезекбаева

Ал әзір Нью-Йоркте жүрген Қазақстан президенті twitter-інде осы оқиғаға байланысты пікір білдірді.
"Мен Нью-Йоркте жүріп, Германияда науқастың қайтыс болуына байланысты Алматының 4-ші қалалық ауруханасының бас дәрігері мен анестезиологының ұсталуы туралы дәрігерлер қауымының хатын оқыдым.

Бәрін заңға сәйкес тексеруді тапсырдым. Президент әкімшілігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Алматы қаласының әкімі бұл істі бақылауына алды", деген жазба шықты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың twitter-дегі парақшасында.

 

 

 

https://twitter.com/TokayevKZ/status/1176794561273839616

Тезекбаевтың әріптестері дәрігерді кепілдікпен босатуды талап етуде. Дәрігердің досы, әрі әріптесі Қайрат Смағұлов Nur Otan партиясы төрағасының орынбасары Бауыржан Байбекке хат жолдапты.
"Бүкіл ғұмырын адамға арнаған, ажал ұшында тұрған талай тағдырдың өмірін аман сақтап қалған дәрігерді абақтыға жабу кімге керек болды? Оны тергеу изоляторына қамаудың қажеті бар ма еді? Біз оның ақталып шығарына сенеміз. Алайда мұндай ауыр соққыдан кейін оның күрделі операция жасауы неғайбыл..., - дейді Смағұлов.

Айта кетсек, Нұрсұлтан Күдебаев 2019 жылы тамыз айының аяғында қайтыс болды. Ол Алатау ауданы прокурорының орынбасары қызметін атқарған. Нұрсұлтан Күдебаевтың артында үш баласы қалды.

Қамауға алынған №4 аурухананың бас дәрігері мен анестезиологына "медициналық және фармацевтикалық қызметкердің кәсіби міндетін тиісті деңгейде орындамағаны үшін" деген айып тағылды.

Рекомендовать
Последние новости