Арыста Абайға бюст ескерткіш ашылды

Dalanews 11 нояб. 2021 04:27 870

Түркістан облысында Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесіне және Арыс қаласының 65 жылдығына орай Арыс қаласында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлына арналған бюстің салтанатты ашылуы өтті. Өнер туындысын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, академик әрі Арыс қаласының тумасы Тілеуберді Бинашев сыйға тартты. Салтанатты іс-шарада Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев арыстықтарды мерекемен құттықтады.

– Абайдың өлеңдері мен қара сөзінде ұлттымыздың болмыс-бітімі мен тұрмыс-тіршілігі, дүниетанымы, рухани әлемі көрініс тапқан. Арыс қаласының 65 жылдық мерейтойы елге ой салатын, тағлымы мол танымдық іс-шаралармен жалғасын тауып жатыр. Әлемге танымал бас ақынымыздың еңбегін халық болып ұлықтау мемлекетіміздің мерейін арттырады. Ұлы ойшылдың асыл мұрасын ардақтау және жан-жақты дәріптеу – бәрімізге ортақ міндет. Ол үшін бүгінгі буын Абай мұрасынан нәр алып, рухани кемелденуі тиіс. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Абай қазақтың әр баласын ұлтжанды азамат етіп тәрбиелеуге шақырды. Оның мұрасы – парасатты патриотизмнің мектебі, елдікті қадірлеудің негізі. Сондықтан, азаматтарымыздың көзі ашық болсын десек, Абайды оқудан, ақын өлеңін жаттаудан жалықпаған жөн» деп атап өтті. Олай болса, орталық кітапхана алдында бой көтерген еңселі ескерткіш жастарымызды Абай армандаған кемелдікке жетелейді деп сенемін, – деді облыс әкімі.

Бюст ұлы ақынның есімін жас ұрпаққа кеңінен насихаттау мақсатында, қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мекемесінің алдына орнатылды. Ескерткіштің биіктігі – 4 метр, тұғыры – 2,20 метр, бюстінің биіктігі – 1,50 метр. Тұғыры гранит-мрамордан жасалған. Еңселі ескерткіштің айналасына көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, 7 жарықшам, 7 орындық, 2 прожектор қойылды.

Сонымен бірге осы күні Арыс қаласының 65 жылдық мерейтойына арналған мерекелік іс-шара және концерт өтті. Салтанатты жиында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев «Биыл Орта Азияның қақпасы атанған Арыс қаласына 65 жыл толып отыр. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген бұл мерейтой арыстықтар ғана емес, тұтас теміржолшылар қауымы үшін де зор мәртебе. Әрине қаланың тарихы жүзжылдықтарға жетелейді. Бүгінгі таңда барша қазақ халқы, оның ішінде Түркістан облысының тұрғындары Тұңғыш Президентіміз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының нәтижесінде жүзеге асып жатқан оң өзгерістердің куәсі болып келеді. Арыс өңірінде бұл күні сан-салалы бағыттар бойынша жарқын жобалар жүзеге асырылып жатыр», – дей келе арыстықтарды құттықтады.

Арыс қаласының мерекесіне орай өңірден шыққан өнер жұлдыздары әннен шашу шашты. Атап айтсақ, кеште Қазақстан және Татарстан Республикаларының халық әртісі Нұржамал Үсенбаева, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Ақжол Мейірбеков, әнші, сазгер Нұрлан Еспанов, Жанболат пен Жазира, Арыстың күміс көмей әншілері мен мың бұралған бишілері және өзге де эстарада жұлдыздары, сондай-ақ «Шаншар» әзіл-сықақ театры өнер көрсеттті.

Салтанатты жиында бірнеше азаматқа «Арыс қаласының құрметті азаматы» атағы берілді.

Жарылыстан кейін мемлекеттің, күллі елдің қолдауымен жаңарған Арыс бүгінде дамудың даңғыл жолына түсті. Бұл – қоғамның ортақ жеңісі.

Рекомендовать
Последние новости