Әр саладағы цифрлық даму аймақтың әлеуетін арттырады

Азамат Қойшығара 11 нояб. 2024 13:08 1017

Қазақстан соңғы жылдары экономиканың барлық саласын цифрлық технологиялармен қамту ісін шындап қолға алды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жол құрылысы, оның сапасы мәселесін қозғай отырып, бұл салаға да цифрлық даму тұрғысынан тың серпін керек екенін атап өтті. Бұл ретте Түркістан облысында да жолдар бойын, елді мекендер арасын, ауылдарды интернетпен қамтуды көздеген цифрландыру үдерісі өзге өңірлерден кеш қалып жатқан жоқ.

Барлық жолға қатысты ақпарат болуы керек

Биылғы Жолдауда «Әрине, мұнда саннан гөрі сапа маңыздырақ. Сол үшін инновациялық заманауи әдіс-тәсілдерді кеңінен қолданған абзал. Бұл жұмысқа қоғамдық бақылауды күшейту үшін бірыңғай цифрлық платформаны іске қосқан жөн. Онда барлық жолды, соның ішінде, қала аумағындағы жолдарды салуға және жөндеуге қатысты ақпарат болуы керек.

Қазақстан цифрландыру саласында қол жеткізген жетістіктерін еселей түсуге тиіс. «Электронды үкімет» платформасына жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу қажет. Қазақстан жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын және цифрлық технологияларды дамытып жатқан елге айналуға тиіс. Бұл – Үкіметтің басты міндетінің бірі. Парламент депутаттарын осы жұмысқа атсалысуға шақырамын», деген Президент келесі жылы Астанада Жасанды интеллект ұлттық орталығын іске қосу керектігін де айта кетті.

Мемлекет басшысы бұл орталық оқушылар, студенттер, ғалымдар және кәсіпкерлер үшін әрдайым ашық болатынын да жеткізді.

Түркістандықтар сапалы интернетпен қамтылып жатыр

Цифрландыру үдерісі еліміздегі үлкен экономикалық әлеуетке ие, халық тығыз орналасқан Түркістан облысында да жақсы жолға қойылып келе жатыр.

Мәселен биыл шекара бойындағы жолдар мен сол маңда орналасқан ауылдар жоғары жылдамдыққа ие интернетке қосылды.

Осыған орай өткен айда аймақ тұрғындарын жоғары жылдамдықты интернетпен қамту мәселелері қозғалған жиын өтті.

Осы бағыт бойынша «Қазақтелеком» АҚ-ның серіктесі «OK Telecom» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен Түркістан облысы цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы өкілдері осы мәселе төңірегінде біраз келісімге келді.

Тараптардың келісімдері негізінде қазіргі таңда Сарыағаш ауданы аумағындағы Достық-2 шекара аймағына кіретін елдімекендер жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізді.

Бұдан бөлек, Дербісек, Бостандық, Ынтымақ және Еңкес сынды ауылдардың халқын үй жағдайындағы жоғары жылдамдықты интернетпен қамту жұмыстары қолға алынып жатыр. Осының арқасында түркістандық ауылдар тұрғындарын онлайн форматта оқуға, жұмыс істеуге және заманауи цифрлық технологиялардың барлық мүмкіндіктерін пайдалануға барынша жол ашылып отыр.

Аймақтағы ауылдық елді мекендерді сапалы интернетпен қамтуға бағытталған жол картасы аясында Сарыағаш ауданы аумағында «Kcell»-дің – 5 және «Beеline» ұялы байланыс операторының 16 базалық станциясын орнату жұмыстары атқарылып жатыр. Дегенмен ел арасындағы радиофобия мәселесін жоққа шығара амаймыз. Соның салдарынан базалық станцияны орнатуға тұрғындар радиофобияны алға тартып, елді мекендерді толыққанды жоспарлы мобильді интернетпен қамту ісіне кедергі келтіріп жатқаны жасырын емес. Сондықтан аймақ тұрғындарын заманауи жетістікке, әлемдік тенденцияға негізделген цифрлық дамуға барынша түсіністікпен қарауға шақырамыз!

Бүгінге дейін Сарыағаш ауданында «OK Telecom» байланыс желісіне Ынтымақ ауылынан – 155, Бостандықтан – 85, Достық-1 және Достық-2 – 130 абонент, Еңкес аулынан – 120, ал Дербісек елді мекенінен 35 абонент қосылып қойды.

Жаңа технологиялар мен IT шешімдер

Осы ретте отандық жол саласындағы цифрлық даму аясында еліміздің өзге де өңірлерінде атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқтала кетсек.

Мәселен Атырау қаласында «Инновациялар және кадрлар: Батыс Қазақстанның жол инфрақұрылымын дамыту перспективалары» тақырыбына арналған аймақтық семинар ұйымдастырылды. Іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» акционерлік қоғамы ұйытқы болды. Семинарға республиканың батыс өңіріндегі төрт облыстан шақырылған сала мамандары цифрлық даму бағытындағы тәжірибелерін бөлісіп, пікір алмасты.

Семинарды ашып, алғашқылардың бірі болып сөз сөйлеген Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев Қазақстандағы көліктік-транзиттік әлеуетті дамыту іс-шаралары жайлы айтып өтіп, әлемдік қолданыстағы жаңа технологиялар мен IT шешімдерді енгізу арқылы көлік инфрақұрылымын жаңғыртудың тиімді тетіктеріне тоқталды.

Семинар аясында жол құрылысына қажетті отандық технологиялар мен материалдар кеңінен таныстырылды. Олар Атырау мен Орал қалаларында өндірілген. Таныстырылымдар барысында отандық тауар өндірушілердің әр аймақтың ерекшеліктеріне қарай қолданылатын жол жамылғысының сапасын арттыруға бағытталған жетістіктері мен инновациялары айрықша аталып өтті.

«ҚазжолҒЗИ» акционерлік қоғам ғалымдарының ізденістерінің арқасында әзірлеген тың технологиялық жаңа материалдар, оның ішінде құм мен құмды-шағыл тасты қоспасына арналған катализаторлар көпшілік назарына ұсынылды. Бұлардың инновациялық артықшылығы – материал жолдың мерзімінен бұрын тозбауына септесетін қасиетінде. Материал ауа температурасы +45-тен -45 градусқа дейін құбылатын климаттың экстремалдық жағдайына ұшырайтын еліміздің батыс өңірлері үшін таптырмас озық технологиялық өнім.

Көліктегі қауіпсіздік пен цифрландыру форумы

Алматы қаласында Көліктегі қауіпсіздік пен цифрландыру бойынша V Еуразиялық форум өткізілді. Бұл басқосуда көлік саласының мамандары қозғалыс қауіпсіздігі мен цифрлық технологияларды енгізу мәселелерін жан-жақты талқылады.

Көлік министрінің орынбасары Сәтжан Аблалиев форумның ашылуына бейнеконференц байланыс арқылы қатысып, форум қатысушыларын онлайн негізде құттықтады. Вице-министрі өз сөзінде аталған ведомствоның көлік саласын цифрландыру бағытындағы маңызды жобаларға тоқталды.

– Өтініш берусіз-ақ азаматтарға жеңілдетілген жол жүру билеттерін автоматты түрде алатын мүмкіндік беретін проактивті форматқа көшіру бойынша біраз жұмыс атқарылды. Сондай-ақ жол жабынын қорғау шаралары да министрлік назарынан тыс қалған емес. Осы тарапта ведомство жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жолдарға түсетін жүктемені бақылау мақсатында жүк автокөлігінің салмағын өлшейтін автоматтандырылған станцияларды орнатуға кірісті.

Биыл Астана қаласына кіреберістерде осындай жеті станция орнатылды. Алдағы жылдары олардың санын республикалық жолдарда 70-ке, облыстық және жергілікті автодораларда 150-ге дейін арттыру жоспарланып отыр, – деді вице-министр.

Форумға қатысқан Көлік министрлігінің, ұлттық тасымалдаушылардың, «KAZLOGISTICS» Көлік қызметкерлері одағының, ғылыми ұйымдардың, консалтингтік компаниялардың, инженерлік жүйелерді өндірушілерінің, сондай-ақ, білім беру және коммерциялық емес мекемелердің өкілдері қатысып саладағы цифрландыру жобаларының аяқ алысы жайлы пірік алмасты. Атап айтсақ, автомобиль және теміржол салаларындағы цифрландыру мен қауіпсіздікті, әуе және су көлігін дамытуды, және де көлік-логистика саласына қажетті кадрлар даярлау ісін талқылады.

Екі күнге созылған форум аясында қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, көлік инфрақұрылымын одан әрі дамытуға, технологияларды жетілдіруге қатысты шешімдер төңірегіндегі ұсыныстарын ортаға салды.

Көлік салмағын автоматтандырылған өлшеу жүйесі

Еліміздің көлік қозғалысына қатысты заңнамаларында жүк көлігінің салмақтық нормаларын сақтамағаны үшін қолданылатын тиісті шаралар мен салынатын айыппұлдар қарастырылған. Ал бүгінгі көлік нөпірі артқан заманда мұндай шараны цифрлық технологиялардың көмегінсіз атқару тіпті мүмкін емес. Бұрынғыдай әр жүк көлігін таразыға тартып отыратын уақыт жоқ. Өйткені елдегі жүк тасымалы, сауда-саттық айналымы барынша кедергілерге ұрынбауы тиіс және жол сапасы үнемі бақылауда болуы тиіс. Бұл – Мемлекет басшысының Үкіметтің алдына қойған негізгі тапсырмаларының бірі.

Осы тапсырманы орындау аясында жуырда Астана қаласына кіретін негізгі жолдарда автоматтандырылған өлшеу жүйесі іске қосылды. Бұл құрылғының атқаратын негізгі функциясы – жолдардың бұзылуының алдын алу және артық салмақтың кесірінен бүлінуіне жол бермеу. Сондай-ақ өзге де көліктердің кедергісіз жүруі үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар жасауға мүмкіндік бермек. Ал жүк көліктері жүк тасымалдау кезінде бекітілген нормадан асыра жүк артқан жағдайда жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Автоматтандырылған өлшеу жүйелері іске қосыла сала көліктік инспекция қызметкерлері көп ұзамай ереже бұзушылықтардың алғашқы фактілерін тіркеді. Яғни жүргізушілер салмақ параметрлерін ұстанбай, заң талаптарына бағынбаған. Айталық, мұндай жағдай жақында елорданың сыртындағы айналма жолда – Қызылсуат ауылының маңында болған. Біраз жүк көлігінің жүргізушілері көлігіне бақылау шараларынын жүргізуге мүмкіндік бермей, инспекторлардан қашып кетуге әрекет жасаған. Сондай сәттердің бірінде бір ауыр жүк көлігі инспекцияға тиесілі қызметтік көлікті соғып, механикалық зақым келтірген. Соған қарамастан аталған жүк көлігінің жүргізуші алысқа ұзай алмай қолға түскен. Сөйтіп уақытша қамау изоляторынан бір-ақ шығып, көлігі айыптұраққа «қаңтарылды».

Қалай десек те, қоғам болып жолдардың сапасын құртатын әрекеттерден аулақ болып, әсіресе жолдардың мерзімінен бұрын тоздырып жіберетін фактор – көлікке рұқсат етілген массадан артық жүк тиеуді тоқтатуымыз керек. Қазіргі цифрлық технологияның арқасында артық жүк салмағын жасырып қалу тіпті мүмкін емес. Жоғарыда айтып өткен шаралар көлік жолдарының уақынан бұрын бүлініп, ерте тозуын болдырмауға, сондай-ақ салмағы ауыр және көлемі ірі көлік құралдарын қалт жібермей қадағалап отыруға жағдай туғызады.

Бұл автоматтандырылған жүйе осы жылдың қыркүйек айынан бері жұмыс істеп тұр. Нысанаға ілінген көліктің салмағы шамадан тыс екені анықталса, жүйе автоматты түрде фотофиксация жасап алады. Сосын тіркелген ақпарат көлік дерекқорының ақпараттық-аналитикалық жүйесіне түседі. Осы арқылы Көлік комитеті үшін салмақ нормаларынан асып кеткен құқық бұзушылықтар туралы хабарламаларды жедел алуға мүмкіндік туып отыр.

Автоматтандырылған өлшеу жүйесі елордаға Павлодар, Қарағанды, Қостанай, Көкшетау, Қосшы қалалары, сондай-ақ Қараөткел және Малотимофеевка кенттері бағытынан негізгі кіреберістерде орнатылды.

– Сараптамаға сәйкес, ауыр жүк көліктері қолданыстағы нормадан 1,5-2 есе артық жүк тасымалдайтыны белгілі болып отыр. Яғни норма бойынша 25 тонна жүк артуға рұқсат етілсе, қазіргі таңда 35-40 тоннаға жүк тиеген көліктер тіркелді. Көлік министрлігі Астана әкімшілігімен бірлескен арнайы автоматтандырылған өлшеу жүйелерін орнату бағытындағы жұмысты 2023 жылдың басында-ақ қолға алған. Олар қалаға кіреберіс жолдардағы 7 нүктеде қосылған.

Сонымен қатар Астана төңірегіндегі отызға жуық карьерден материал алатын 6300 ауыр жүк самосвал көлігі бар екені анықталды. Осындай автоматтандыру жүйесін енгізіп, цифрландыру үдерісі арқылы жұмыс тиімділігін арттырудағы басты көздегеніміз – бар жолдарды күтіп ұстап, мезгілсіз бұзылуына жол бермеу, – дейді Көлік министрлігі Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің төрағасы Алтай Әлі.

Одан бөлек, мамандардың айтуынша бұл жүйе саладағы сыбайлас жемқорлық сипатындағы тәуекелдерді мейлінше азайтуға және адами факторды араластырмауға мүмкіндік береді. Ендігі меже – жыл соңына дейін осы жүйені еліміздің өзге де өңірлеріне енгізу болып отыр.


Рекомендовать
Последние новости