Ақтөбеде жұмбақ жағдайда көз жұмған ерлі-зайыптыға қатысты тың дерек айтылды

Сағыныш Сардарова 24 нояб. 2025 11:06

Ақтөбеде бірер күн бұрын ерлі-зайыптының денесі табылды. Тәртіп сақшылары алдымен көлік ішінен 39 жастағы әйелдің мәйітін көрген. Оған күш көрсетілген болуы мүмкін. Алдын ала дерек бойынша сол маңда марқұмның күйеуі асылып қалған. Бұл оқиғаға қатысты тың ақпарат айтылды, деп хабарлайды Dalanews.kz "КТК" телеарнасына сілтеп.

Көршілері марқұм ерлі-зайыпты туралы айтты.

"Жақсы отбасы болды. Ең кішісі есімде, шамамен бір жарым жаста еді. Ешқандай күдікті жағдай байқамадық", - деген көршілердің бірі Жұлдыз Айтмұқан телеарнаға.

Марқұмдардың артында бес бала қалды. Үлкені - 10-сынып оқушысы, ал ең кішісі әлі екі жасқа толмаған. Төртеуі де жергілікті орта мектепте оқиды.

Мұғалімдердің айтуынша, балалар - үлгілі оқушылар, ал ата-анасы мектеп өміріне белсенді қатысқан, жиналыстарға үнемі келіп отырған.

"Оларды өзім жақсы білемін, жұмыс барысында кездесіп, мектепке қатысты мәселелерді талқылап жүрдік", - деді мектеп директоры Ғазиз Қаламов.

Қазір балалар жақын туыстарының қарауында.


Рекомендовать
Последние новости