Ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаев Instagram-дағы видеоға пікір жазғаны үшін 20 тәулікке қамалды

Көркем Алдабергенова 28 мая 2025 16:36

Бүгін, 28 мамыр күні Ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаев Instagram парақшасында жариялаған видеодағы сөзі үшін сот шешімімен 20 тәулікке қамауға алынғанын хабарлады. Ол және оның қорғаушылары бұл шешімді әділетсіз деп есептейді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Блогерге ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-бабы (Жала жабу) бойынша айып тағылып, 20 тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалған. Оқиғаның мән-жайын ол Instagram-да баяндады.

Сәрсенбаевтың айтуынша, сотқа дейінгі жағдай оның Instagram-дағы пікіріне байланысты басталған. Ол пікірінде донер дүкені иесі мен клиент әйел арасындағы дау-дамайға қатысты өз көзқарасын білдіріп, кәсіпкердің сөзін келтірген.

– Достар, сот шешімімен мені 20 тәулікке қамады. Бұл қалай, не үшін – түсініксіз. Бұл – нағыз басынушылық. Қазір мен апелляциялық сот шешіміне дейін арнайы қабылдау орнына бара жатырмын. Мені жала жабу бабы бойынша қамады. Антикоррупциялық қызметке қатысты пікір білдіргенім үшін. Бұл – қауіпті жағдай. Егер бұл заңды болса, енді кез келген азамат, қоғамдық белсенді билікке қарсы сөз айтса, қамалуы мүмкін, – деді Сәрсенбаев.

Мәселенің мәні бұған дейін қоғамдық тамақтану орнында болған жанжалға байланысты. Сол кезде мекеме иесі әйел мен оның балалары беделіне нұқсан келтірмек болды деп айыптап, «бұл мекеменің иесі – Антикор» деп айқайлаған.

– Қоғамдық аялдамада орналасқан 60 шаршы метр жер телімін 650 шаршы метрге дейін кеңейтіп, заңға сай келмейтін сауда орталығын салу – билік тарапынан қолдау болмаса мүмкін емес. Егер әкімдік мұндайды көріп тұрып үндемесе, демек, рұқсат берген, – деген еді блогер өз жазбасында.

Блогердің адвокаты Сері Абул бұл шешімге қарсы апелляциялық шағым түсіріп жатыр. Оның айтуынша, бұл тек әділетсіз ғана емес, заңсыз шешім.

– Біз шок болдық. ҚК-нің 73-бабында жәбірленуші тек жеке тұлға бола алады, ал бұл жағдайда мемлекеттік орган – Антикор өзін жәбірленуші ретінде көрсетіп отыр. Бұл – заңға қайшы. Бұндай баппен қылмыстық іс қозғау – заңсыз. Мұндай норманы Мәжіліс айналып өтіп, өздері ойлап тапқандай көрінеді. Істі тоқтатуды сұрап өтініш жаздым, бірақ нәтиже болмады. Мұндай жағдаймен алғаш рет кездесіп отырмын, – деді қорғаушы.

Бұған дейін Сері Абул сотқа ресми өтініш жіберіп, құқықтық ұстанымын түсіндірген. Онда ҚР ӘҚБтК-нің 73-3-бабының 2-бөлігіне (Жала жабу) сәйкес әкімшілік іс қозғау негізсіз екенін көрсеткен. Адвокаттың айтуынша, кодекс нормасына сәйкес, жала жабу бабы бойынша құқық бұзушылық объектісі болып тек жеке тұлға саналады. Ал мемлекеттік орган мұндай баптың шеңберінде жәбірленуші бола алмайды, сондықтан құқық бұзушылық объектісі жоқ. Осы негізде адвокат істі заңсыз деп танып, өндірісті тоқтатуды сұраған.

Алайда бұл дәлелдерді сот елемеген.


Рекомендовать
Последние новости