Ақтаулық блогер тұрмыстық зорлыққа ұшыраған қыздың жағдайын жария етті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл оқиға туралы әлеуметтік желіде Ақтау қаласының блогері Азамат Сәрсенбаев жазды. Блогердің сөзінше, бұрынғы күйеуі әйелін екі сағаттан астам уақыт бойы ұрып-соққан, 17-қабаттан лақтырамын деп қорқытқан.
Блогердің айтуынша, 26 мамыр күні сот азамат “И”-ге қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 461-бабы (қорғау нұсқамасын бұзу) бойынша он тәулік қамау және үш ай бойы бақылау шарасын қолдану туралы шешім шығарған.
Қазір оған қатысты Қылмыстық кодекстің 109-бабы (денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бұл бап бойынша үш жылға дейін бас бостандығынан айыру, екі жылға дейін бостандығын шектеу немесе екі жылға дейін мәжбүрлі еңбекке тарту жазасы көзделген.
Сот өкілдерінің мәлімдеуінше, ер адаммен алдағы уақытта профилактикалық әңгіме жүргізіледі.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қызылорда облысында мұғалім әйелін балтамен ұрып, саусақтарын шапты деген күдікке ілінген болатын. Бұл жантүршігерлік оқиға Шиелі ауданына қарасты Бала би ауылында орын алған. Жұбайына шабуыл жасаған ер адамның әрекетіне ауыл тұрғындары да, әріптестері де сене алмай отыр. Күдікті 21 жыл бойы мектепте биология пәнінен сабақ берген. Мектеп ұжымы бұған дейін оның оғаш қылықтарын байқамағандарын айтады.