АҚШ мемлекеттік хатшысының азаматтық қауіпсіздік, демократия және адам құқықтары мәселелері жөніндегі орынбасары Сара Сьюэлл «Вашингтон Қазақстанда жерге қатысты наразылықтарды ұйымдастырған емес» деп мәлімдеді. Сьюэлл төрт күндік жұмыс сапармен Астанада жүр.
Мұндай айыптарды ол «өте күлкілі» деп атады.
«Демократия құндылықтарының бірі – сөз бостандығы, адам құқықтары және ой еркіндігі. Үкіметке өз пікірін жеткізе білу. Өкінішке орай, үкімет халықтың ойын еркін жеткізуге жағдай жасамай отыр. Кейде халық жекелеген адамдардың, ұйым басшыларының сөздерін халық пікірі ретінде қабылдап жүр. Бұл дұрыс емес», — деді ол.
АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары Құрама Штаттардың Астанадағы елшілігінде дөңгелек үстел мәжілісіне қатысты. Ол Қазақстан үкіметі өкілдерімен өткен кездесулерде былтыр өзгертілген үкіметтік емес ұйымдар туралы заңды талқылағанын айтты.
Ресми Астана өкілдері заңдарға өзгерістер енгізілуін Сьюэлге үкіметтік емес ұйымдар қызметіндегі кедергілерді жою үшін қабылданды деп түсіндірді. Бұған қоса Сьюэлл Астанада терроризм және экстремизм мәселелерін зерттейтін ұйымдардың өкілдерімен кездескенін айтып берді.