АҚШ доллары 500 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін бе - сарапшы пікірі

Dalanews 10 окт. 2024 09:47 1760

Соңғы күндері ұлттық валюта бағамы әлсіреп, АҚШ доллары күш ала бастады. Ақша айырбастау орындарында америкалық ақша 491-493 теңгеден сатыла бастады. Кейбір мамандар бұл бағам 500 теңгеге дейін баратынын болжайды. Дегенмен экономикалық сарапшы Айбар Олжаев доллар сатып алуға асықпау керектігін айтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, теңгеге негізінен әсер ететін үш глобалды факторда айтарлықтай өзгеріс жоқ. Яғни, мұнай бағасы, сыртқы төлем балансының жағдайы мен сауда-саттықтағы ұсыныс/сұраныс көлемдерінде.

"Тура осы жерде қызық жағдай туындайды. Мұнай бағасы тұрақты, тіпті Иран мен Израиль арқасында ақырындап өсіп келеді. Сыртқы төлем баланысының теріс сальдосы біз үшін қатты ауытқыған жоқ, керісінше қысқаруға бет алды. Кей сарапшылар тілге тиек еткен бюджет дефицитінің теңгеге еш қатысы да жағымсыз әсері де болмайды. Себебі, дефицитті жабу үшін Ұлттық қордан көбірек трансферт алынса, ол долларлар Қазақстан қор биржасында конверттелгенде керісінше теңгеге демеу беретінін көрдік", деп жазады ол Facebook-тегі парақшасында.

Оның ойынша, дәл осы ауытқуларда тек қана рубльдің әсері бар. Және ол қысқа мерзімді әсер беретін сияқты. Фундаменталды түрде, рубль өзімен бірге теңгені ең төменге дейін бірге құлатып әкете алмайды, арадағы байланыс мықты емес және 2023-2024 жылдары рубль кәдімгідей әлсіреген.

"Негізгі байланыс деп айта алатын импорттық каналды алып қарайтын болсақ, 2024 жылдың басынан бері Ресейден бізге келген импорт көлемі 2,42 миллиард доллар деңгейінде болды. Бұл - өткен жылғы сәйкес көрсеткіштен аз. Ия, Ресей әлі күнге дейін өзінің 28,6 пайыз үлесімен біздің негізгі импортер болып келеді. Бірақ осыдан бірнеше жыл бұрын Ресейдің біздің жалпы импорттағы үлесі, тіпті 34-36% көрсеткен кездер де болғанын ұмытпауымыз керек", - дейді ол.
Сондай-ақ ол санкция аясында Мосбиржадан доллар/рубль жұбы кеткелі бері, рубль мен доллар арасында тікелей сауда-саттық жойылғанын, рубльдің доллардағы нарықтық құны оның юаньмен арадағы саудасынан кейін, юань бағасына шағылатын кросс-курс арқылы берілетінін еске салады.
"Кеше бір доллар 96,27 рубльге дейін барды. Негізгі себебі, Қытайдың трансшекаралық транзакцияларда Ресей компанияларын юань бойынша қыса бастағанында және қыркүйек айынан бері басталған Қытай Жаңа жылында болып отыр. Нәтижесінде Ресейде юань тапшылығы басталды. Қытай Жаңа жылдан кеше ғана шықты және келесі аптадан бастап біршама юаньді Ресейге жеткізетін болады. Демек келесі апта басында рубльдің құлдырауы тоқтап, сол 94 деңгейінде тұрақтай бастауы мүмкін", деп сөзін толықтарады сарапшы.

Ол еш фундаменталды негіз болмаса да, кейде нарық түрлі спекулятивті толқынның ішінде кетіп қалатыны жасырын емес екенін де нақтылайды.

"Бірақ ол көпіршік тез жарылады да, нарық орнына тез оралады. Үкіметке осы қазанда доллардың 490 теңге болып тұра тұрғаны керемет тиімді болады. Себебі, биржада бір айдың ішінде 1,4 миллиард доллар ауыстырғанда теңге бағамынан ұтар еді. Бірақ нарық та ондай сұраныс/ұсыныс құлағын тез анықтайды. Сондықтан келесі аптада Қазақстан қор биржасында қалай белсенді конвертациялар басталады, солай теңге 483-485 дәлізіне орала бастайтынын болжай аламыз. Себебі келесі апта рубль де юань тарапынан белгілі бір қолдау алмақ. Доллар сатып алуға асықпаңыздар", деп сөзін түйіндейді Айбар Олжаев.

Рекомендовать
Последние новости