АҚШ босқын қазақтарға Аляскаға қоныстануға келісім берген. Бабаларымыз Түркияны таңдады - зерттеуші

Dalanews 31 мая 2022 05:15 836

Бүгінде жасы 80 жасқа келген Берлин қаласының тұрғыны Әбейдулла Қойунчи-Қойыншы (қазақшасы – Қойшы) ақсақал және Алғаш Батыс Берлинге түрік жұмысшыларымен бірге көш бастап келген төрт қазақтың бірі Арыстан қажы Тосун-Тосын (қазақшасы – Тайынша) екеуі де 12 жас шамасында Қытайдың Баркөл аймағынан Цинхай, Тибет арқылы Үндістанға көшкен ауыртпалығы мол, қиындығы көп Солтаншәріп Зуқаұлы бастаған қазақ көшінде болыпты.

Жолда Гималай тауларының бір биік жотасы арқылы асқан кезде, бір күнде 32 адамға «ыс тиіп» ауырып, 30-ы өліпті. Ол заман Тибеттің биік таулы жерлеріндегі ауа құрамындағы оттегі газы аз болатындығын қазақтар білмесе керек.

Сондықтан «ыс тиген» кезде, яғни құрамында оттегісі аз, көмір қышқыл газы көп ауамен тыныстаған кезде, денелері ісіп, ол ісік кеудеге дейін көтерілген кезде, өліп қала берген.

12 жастағы Әбейдулла балаға да «ыс тиіп» көштегі бір балгер қазақ маңдайынан дереу қан алып, теріге орап, терлетіп содан кейін барып жазылыпты.

Оның айтуынша, Тибет жеріне кіріп келгеннен кейін-ақ басы домалақ мақта шөп секілді бір шөпті адам да, мал да аяғымен басқан кезде, маңайда шаң-тозаң пайда болып, оның иісінен адам да, мал да уланып, тыныс ала алмай жығылып қала берген.

«Әсіресе малдың көбі осы шөптің кесірінен қырылды», – дейді Әбейдулла ақсақал.

Талай бейнетті, талай қиындықты артқа тастап Үндістан шекарасына келгенде олардың алдынан тағы бір бөгет шығып біраз кідіруге тура келеді.


Өйткені Үндістан үкіметі: «бұл қашып, босып жүргендер кімдер, не мақсатпен Үндістанға барғылары келетіндіктерін» анықтау керек болған.

Ақыры оларды шекарадан өткізу туралы орталықтан бұйрық келген соң, бұл қазақтардың діні мұсылман екендіктерін ескеріп, мұсылмандар тұратын Кашмир аймағына баруға рұқсат етеді.

Ол жерде 1951-1953 жылдары тұрып, ақыры 1953 жылы Түркияға көшкен. Соның алдында олардың халықаралық көші-қон ұйымы мен Түркия үкіметіне жазған арыз-өтініштері негізінде, Түркияның уалаят, аймақтарынан үкімет адамдары келеді.

АҚШ өкіметі де оларды қабылдауға, Аляскаға барып қоныстануларына келісім береді.

Алайда босқын қазақтар «Американың Аляскасына бармаймыз, Түркияға барамыз», – деген соң Түркия өкіметі өзіне қабылдап, қазақтарға жер береді, кәсіп үйретеді, «Алтайкөй» деген ауылды тұрғызып береді.

Әбейдулла Қойыншы ақсақал сол жылдардағы тұрмыс тіршіліктің қиындығынан өзінің оқу оқи алмағанын айтады. Ол 1960 жылы Түрік армиясына әскерге шақырылып, сонда 6 ай әскери міндетін өтепті.

1962 жылдан Түркиядан жұмысшылар Германияға кете бастаған хабарды естіп барғысы келгенімен «әлі жассың» деп ағасы жібермей қойыпты.

Содан 1968 жылы түрік жұмысшыларымен бірге Германияға келіп, Франкфуртке жақын бір қалада тоңазытқыш жасайтын зауыттың дайын өнімді қораптау бөлімінде 2 жыл жұмыс істепті.

Содан батыс Берлинге ауысып, әйгілі «Симменс» компаниясында 25 жыл жұмыс істеген. Бұл жерде де дайын болған өнімдерге мөр басу, қағаз-картонмен қораптау бөлімінде істепті.

Ол басында тілін, салт-дәстүрін білмейтін жат елде талай қиыншылықтарды басынан кешкенін айтады.

«Әсіресе алғашқы кезде неміс тілін білмегендіктен, көп қиналдым, кейін тілді меңгере келе компания айына төлейтін 600 неміс маркасын 700 маркаға дейін өсірді»,– дейді бүгінде көзі тірі Әбейдулла Қойыншы ақсақал.

Сол заманда бұл Түркия үшін көп ақша болатын. Ол кез Түркияның экономикасы жақсы дамымаған, халқы кедей кез болатын.


Ал, Зуқа батырдың немересі Арыстан Тосын Түркия жерінде қаршадайынан жұмыс істеді, Гималай асқанда қайтыс болған ағасының артында қалған жесір жеңгесі мен шиеттей балаларды асырау, Арыстанның мойынына жазылды.



Жасынан өмірдің осындай қиындығын көріп өскен жас Арыстан түріктермен бірге кәсіп іздеп, Германияға барады. Ол Батыс Берлин қаласындағы пошта саласында табан аудармай 32 жыл еңбек етіп, зейнетке шығады.

Екінші дүниежүзілік соғыс зардабын қатты тартқан Германия алғашында Италиядан, Испаниядан және Грециядан жұмысшылар шақырған екен. Сөйтсе, олардың көбі немістерден қалған жұмыстарды істегілері келмей түрлі сылтау айтып, кейде жұмысқа шықпай қояды екен. Содан кейін, Германия үкіметі Түркиядан жұмысшы алуға келісім жасайды.

«Бір жағынан өзіміздің тұрмыс жағдаймызды көтеру үшін, екінші жағынан соғыстан қатты қираған Германия экономикасын көтеруге көмектесу үшін келсек те, кейде неміс жұмысшылардың өздері де жалқауланып, жұмысқа шықпай қоятынын көріп таң қалатынбыз», дейді ол.

Сол жұмысы үшін неміс жұмысшысына күніне 20 неміс маркасын төлесе, түрік жұмысшыға соның жартысын яғни 10 марка ғана төлейтін және немістер бізді «гастарбайтер» яғни «қонақ жұмысшылар» деп бір жағы мақтап, бір жағынан қалжыңдап атайтын, дейді ол.

Бүгінгі күні Берлин қаласында тұратын Абейдулла ақсақалдың екі қыз, бір ұл баласы бар. Барлығы да Берлин қаласында туған, Германия азаматтары. Үлкені Гүлердің мамандығы дәрігер, жолдасы түрік жігіт, екі баласы бар, ал екіншісі Гүлдер сатушы, жолдасы Түркиялық қазақ, екі баласы бар.

Ұлы Мұрат Дюссельдорф қаласындағы радиода жұмыс істейді. Әйелі түрік қызы. Абейдулла ақсақалмен 40 жыл отасқан Кәбира апай да «Симменс» компаниясының бір зауытында жұмыс істеп, зейнетке шығыпты.

Екеуі жаз айларын Түркияның Стамбұл қаласындағы Гүнешілі ауданындағы өздері салып алған жеке үйлерінде өткізеді. Қытайда, Моңғолияда және Қазақстанда туыс-туғандары бар.

Әбейдулла ақсақал осы жасында сол туыстарын іздеп Қазақстанға, Қытайға, Моңғолияға әлденеше рет барғанын, ал олардың көбін Германияға арнайы шақырғанын, Еуропаны аралатқанын айтады.

«Германияда тұрып жатқан өзі секілді қазақтардың үлкендері азайып, барған сайын бұрынғыдай емес ағайын-туыс арасындағы байланыс нашарлап барады. Жастар қазақтың бұрынғы салт-дәстүрлерін ұмыта бастады, үлкендерді сыйлау дегенді білмейтін болды. Енді 10-15 жылдан кейін не болатынын айту қиын»,– дейді ол.

Қәзір жаз бойы Түркияда той көп.

«Ал, жастар тұрмақ, үлкендердің өздері атажұрт Қазақстанға барғысы келмейді», – дейді Әбейдулла Қойыншы ажана.


Алтай қазақтарын бастап Гоминданға қарсы күресте ерлік жасап, кейін қытайлар тарапынан басын алғызған атақты Зуқа батырдың немересі Арыстан Тосын қажы болса, Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған соң-ақ, ат тізгінін атажұртқа қарай бұрды.

Ол қазақтың әмеңгерлік жолымен бас құраған өзінің жеңгесі яки бәйбішесінің рұқсатын алып, көшуге бел байлады.

Еуропа топырағында өмірге келген 4 баласын ержеткізіп, екі қызын құтты жеріне қондырып, екі ұлын үйлендірген соң бұндай шешімге барды. Атажұртын қашанда есінен шығармаған Арекең Қазақстан тәуелсіздігін алған кезде ерекше шаттыққа бөленді.



Қазақстанның тұңғыш Президенті Н.Назарбаев ресми сапармен Ұлыбританияға барған кезде, Еуропада жүрген қазақтар арасынан Арыстан алғашқылардың бірі болып, Елбасымен жүздесіп, шетелдегі қазақтардың тағдыр-тауқыметін жеткізу бақытына ие болды.

Әрине бұл Президенттің ресми сапар хаттамасына кірмеген еді. Германиядағы қазақтардың тыныс-тіршілігіне қатысты сұрақтардан соң, Н.Назарбаевтың «зейнетке шыққан соң елге қайтыңдар» деген сөзі оның туған елге деген сағынышына қанат бітірді.

Ол қәзір Алматы қаласына жақын Райымбек ауылында түтін түтетіп, бай-бақуатты өмір кешіп жатыр. Арекеңді бүкіл Қазақстан таниды десек, артық айтпағандық болады. Ұлтжанды, үйінің есігі кімге болсын, үнемі ашық тұратын ақкөңіл, қонақжай Арекең атажұртқа қазақтың ұмытыла бастаған «Қара жорға» биін алып келді. Қазақ елінде Алтын есімді жас әйелге үйленіп, екі балалы болды. Атасы Зуқа батырдың есімімен аталатын мешіт тұрғызды, сөйтіп жергілікті халықты имандылыққа баулуда қолынан келгенше еңбек етіп келеді.

Досан БАЙМОЛДА,


Автордың «Еуропадағы қазақтар» кітабынан алынды


Бас сурет Voxpopuli.kz сайтынан алынды 


Рекомендовать
Последние новости