Ақылы автотұраққа қатысты ақпарат неге құпия?

Dalanews 14 мар. 2018 07:53 696

Алматыдағы ақылы автотұраққа қатысты кез келген сұрақ қала тұрғындары үшін өте маңызды. Көлік тұрағының әр сағатына төленетін 100 теңгені кімге және не үшін төлейміз, паркоматқа түскен теңге кімнің қалтасына кетеді, олардың құрылтайшысы кім? Осы сұрақтарға жауап іздеу барысында, кейбір қызықты мәліметтер анықталды.

Ресми деректерге сәйкес, автотұрақтарды ақылы етуді Алматы қалалық әкімдігі ұсынған.

Бүгінде олар «Алматы СпецТехПаркинг Сервис» ЖШС-нің тікелей құзырында. Тендер нәтижесінде «RR2» ЖШС-і жеңіске жетіп, алматылық ақылы автотұрақтардың жарғылық капиталына тиесілі 70 пайыздық үлесі осы «RR2» ЖШС-інің, ал 30 пайызы Алматы қаласы табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының иелігінде.

«RR2» ЖШС-нің құрылтайшылары «Активтерді басқару бойынша «Алмалы»компаниясы» ЖШС (түпкі бенефицары – Боранбаев Қайрат Советаевич) мен «Almaly CPS» ЖШС (жалғыз қатысушы ЖШС – Ахметов Саламат Қуатович).

Ал, Қайрат Боранбаев – «Қайрат» клубын қадағалау комитет төрағасы, Қостанай облысының бокс федерация президенті және Қазақстандағы қалталы адамдардың бірі.
Ол Forbes Kazakhstan тізімінде 430 млн доллар иесі ретінде 13-да орында тұр.

Сонымен қатар, оның қызы Әлима Елбасының немересі Айсұлтан Назарбаевтың жұбайы. Яғни Қайрат Боранбаев Дариға Назарбаеваның құдасы.

Осыған дейін Қайрат Боранбаев пен Саламат Ахметовтің Алматының әкімі Бауыржан Байбекпен байланысы бар деген әңгіме шыққан.

Осы мәселеге қатысты Алматы қаласы табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының сол кездегі орынбасары Айдын Керімбек (қазір Алматы қаласы ауылшаруашылығы мен ветеринария басқармасының басшысы) «Almaty CPS» компаниясы құрылтайшысы Саламат Ахметов пен Байбектің де, оның туыстарының да ешқандай байланысы жоқ деп сендірген-ді.

Сонымен паркоматтарға түсетін ақша кімнің иелігінде деген сұраққа келер болсақ,
құжат бойынша түскен ақшаның 30 пайызы мемлекет қазынасына, ал 70 пайызы  «RR2»  жекеменшік компаниясына тиесілі.

Алайда Алматыдағы 10 956 орындық автотұрақтардан түскен түсімнің 100 пайызы «RR2»  компаниясының қалтасына құйылуда.

Биылғы жылдың соңына дейін ақылы автотұрақ орындарының саны 15 мыңға дейін өспекші.

Алматы қаласы жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары басқармасы паркоматтан түскен ақшаның нақты кімге тиесілі екенінен хабарсыз екенін айтып, ресми сауалға сыдыртпа жауап береді.

Басқарманың берген жауабында «Алматы СпецТехПаркинг Сервис» пен «RR2»-дің арасында ортақ келісім бары айтылғанымен, оның шарттары құпия ретінде сақталады.
Ақылы автотұраққа қатысты ақпараттардың құпияланауы қалай?

Паркомат үшін кәсіпкер инвестициясын қандай жағдайда салуда, 120 паркоматты орнатуға қанша шығын шықты, айына бюджетке паркоматтан қанша ақша түсуде?

Өкінішке қарай бұл сұрақтардың жауабын да, жалпы паркоматтарға қатысты нақты ақпар да алу мүмкін емес. Неге?

Ал ең қызығы, ақылы автотұрақтың әр сағатына 100 теңге төлеу тарифін қандай негізге сүйеніп белгіленгені белгісіз. Осы сұраққа қатысты ақпарат та аса құпия.

Алматы қаласы табиғи ресурстар мен табиғатты қадағалау басқармасы бұл сұрақты айналып өтеді.

«Сағатына 100 теңгелік» тарифі ауадан алынғаны ма сонда? Әлде «RR2» ЖШС-нің негізгі басшысы Қайрат Боранбаев пен Саламат Ахметовтің нақты бизнес жоспары болмағандықтан паркоматтарға қатысты ақпарат жасырын ұсталуда ма?

Ақылы паркинг үшін жекеменшік компаниялар қаланың көшелерін пайдаланса да, миллиондаған түсімінен Алматының бюджетіне тек салық ретінде ғана табыс береді.
 Тек әр үш жылда бір рет қана паркингтен түскен пайдадан қала бюджеті үлес алады. Келісімшартта осылай көрсетіліпті.

Көлігі үшін сағатына 100 теңгеден төлеп отырған алматылықтар өз ақшаларының қайда, қалай кетіп жатқанын білуге құқылы. Сонымен қатар, ақылы автотұрақтың қызмет көрсету сапасы да ақысына сай болуға тиіс.

Бірақ ақылы алаңқайларда біріншіден, паркоматты жақын маңнан табу қиын, тәртіп бұзуды бақылайтын камералар да талапқа сай жұмыс істей бермейді, екіншіден, паркомат 50 және 100 теңге ғана қабылдайды. Ал кейбірінде ақылы аймақтың қай тұстан басталып, қай жерден аяқталатыны туралы ешқандай белгі көрсетілмеген.

Айтпақшы,
«Алматы СпецТехПаркинг Сервис» ЖШС-нің баспасөз қызметі жақында компания бюджетке 269 млн теңге салық төледі деп мәлімдеген болатын.

Алайда, Қаржы министрлігінің мемлекеттік қаржы Комитетінің мәліметі бойынша, компания  2013 жылдан бері бар жоғы 146,2 млн теңге салық төлеген.

Осыған қарағанда, бұл компанияға қатысты бізді алда әлі талай қызықтар күтіп тұрғандай.

 

Асыл РАХМЕТОВА


Рекомендовать
Последние новости