Ананы құрметтеймін деп, әкені аласартып алмайық

Dalanews 06 мая 2020 13:02 800

Араласатын бауырымыз шаңырақ көтеріп үйлену тойына бардым. Адал асын ұсынды, жақсы тілектер айтылды.


Тойдың соңында әлгі ініміздің туғандары, екі жасқа бақыт тілеп,балалардың үлкені  ата-аналарына ризашылықтарын білдіріп,  ел алдында Аналарын үлкен қажылыққа жіберетінін жеткізді. Барлық баласы анасын құшақтап, жиналған жұртшылық таңдана қол соқты.


Риясыз қуаныштың ішінен әкенің жанары жәутеңдеп, жетімсіреп, шетте қалып қалғанын, көбі байқамай да қалды. Күні бүгінге дейін сол сәт,  оның  аянышты халі  көз алдымнан кетер емес.


   Иә, соңғы кездері ел алдында жүрген өнер адамдары, танымал жандар да әлеуметтік желілерде аналарын қалай құрмет тұтатынын көрсетіп, өз махаббаттарын білдіріп жатуын жиі байқап қалып жатамыз.  Өте дұрыс.  Бірақ біз аналарға құрмет көрсетеміз деп,  асқар тау әкелерді ұмыт қалдырып, өз деңгейінде құрмет көрсете алмай жатқан жоқпыз ба? Бірін жоғары көтеріп, бірін төмен санау қаншалықты дұрыс? Екеуіне бірдей қамқор бол демеп пе еді қасиетті Құранда.


 «Әкеге бағыну -Аллаға бағыну, Әкеге қарсы шығу- Аллаға қарсы шығу» ( хадис).


  Жаз мезгілі еді. Ауа температурасы +35 градустың мөлшерін көрсетіп тұр. Шыжыған ыстықтан  тыныс алудың өзі қиындап барады. Мұндай кезде шөліңді басатын суық сусынныңда көмегі шамалы. Сонау қиырдан көрінген Алатаудың самал лебін аңсап, сол жаққа қарай бет алуды ойладым.


Әкеме қолқа салып, екеуміз тау бөктеріне барып әсем табиғатты тамашалауға бел будық. Жан-жағымды қоршаған осынау кереметтен көз алмай, таңданып келемін. Бәріненде көздің жауын алатын аспанмен теңескен биік шыңдар, мәңгі басын қар басқан алып таулар, етегінде жайқалған жасыл желекті шыршалар өзіне баурап,  мен-мұңдалап тұрғандай.


Алыстан аласа болып көрінген алатау жақын келе биіктей беріп, өзінің сиқырлы бейнесіне  баурап алғандай күй кештім. Әсем таудың баурайына жақындай бергенде табиғатпен адамның үйлесімділік тапқанын байқадым. Әкенің қатуланған қабағы, ақ басқан самайы, сыр бермес мінезі барлығы осы жаратушы иеміз жаратқан мына алып тауға ұқсатып жаратылғандай.  Әкені асқар тауға теңеген қазақ, осы аталы сөзді тегін айтпаса керек-ті.


Иә, қашанда қазақ  халқы ата-анасын құрмет тұтып, оларға әрдайым ілтипатпен, сыпайылықпен қараған. Әсіресе отбасында әкенің орны ерекше рольге ие болатын. Отағасысыз үйде асқа ешкім қол сұқпайтын, сол кісінің айтқаны болып, балалары еш уақытта қарсы сөз айтпайтын.


Алайда уақыт өте келе қаймағы бұзылмаған аталған адами құндылықтар қазақтың ауылынан алыстай бастағандай. Жүрегінде иманы жоқ ұл-қыздарымыз әкеге қарсы сөз айтпақ тұрмақ, бетінен алып, жаға жыртысуға дейін барып жүргендерде бар.


Мұндайда дана халқымыз: «Үміт күткен ұл оңбаған боп кетсе-әке сорлы» дейді емес пе.


Ал Аристотель: «Әкесі баласына қайырымды болуы міндетті емес, өйткені ол оның меншігі болып есептеледі. Ал баланың әкеге қайырымды болуы міндетті, себебі әкесіз бала дүниеге келмейді» - деген.


Әкенің балаға қайырымды немесе мейірімді болмауы, оның баласына деген сүйіспеншілігінің жоқ екенін білдірмейді.  Керісінше жақсы әке әрдайым өзінің ұл-қызына өмірдің сан қырлы соқпағына төзе білуі үшін, осындай мінезімен үлгі болып, дараланып тұрары анық. Сондықтан да әкенің шешеге қарағанда қатал болуы заңдылық. Әкенің махабаты, сүйіспеншілігі сырттай емес, іштей сезіліп, кез-келген уақытта баласы үшін отқа да суға түсуге, керек десеңіз жұдырықтай жүрегін сен үшін бөліп беруге даяр жан.


Ал баласының әкеге қайырымды, мейірімді  жалпы ата-анаға осындай жақсы қарым-қатынаста болуы шарт. Ол тікелей Жаратушы иеміздің бұйрығы. 


Пайғамбарымыз Мұхаммед (м.с.ғ.с)  әкеге құрмет көрсету жайлы  өзінің хадистерінде былай дейді:


«Әкенiң махаббатын сақтаңыз. Егер әкеге деген сүйiспеншiлiгiңiздi жоғалтсаңыз қара ниет болғаныңыз. Әр түрлi игiлiктерден құр қаласыз. Әкеге бағыну - Аллаға бағыну. Әкеге қарсы шығу - Аллаға қарсы шығумен бiрдей» деген.


Міне әкеге қарсы шыққан адамды Пайғамбарымызда (м.с.ғ.с) қатаң сөккен. Ондай тексіздерге Аллаһ Таала жәннәтті харам еткен.


Демек әкесіне қарсы шыққан адам бала-шағасының қызығын көре алмайды, мұратына жете алмайды, отбасымен жақсы қарым-қатынаста бола алмайды, үйінің дәм-тұзы, қызығы болмайды. Ал әкесіне жақсы көзқараста болған адам  бұндай жаманшылықтан ада болады.


Тіпті әкесі оларға жеткілікті дәрежеде көңіл бөліп, қарай алмаған болса да балалары оған жақсы қарауға міндетті. Алайда кейбір жандар «бізге түк пайдасы жоқ әкенің керегі шамалы» деп туған адамынан бас тартып жатады. Кейде оның арты қарттар үйіне әкесін тапсырумен аяқталып жатады.


Міне осындай опасыз ұрпақтың кесірінен қаншама «қара шалдарымыз» өз үйін қарттар үйімен айырбастауға мәжбүр. Өкінішті-ақ. Аталған іске барған адамдар-өз келешегінің бақытсыз болуына қадам жасағандар. Оларға лайықты деңгейде құрмет көрсетпеу-Аллаһ Таала ға қарсы келумен бірдей күнә.


Ал Пайғамбарымыз (м.с.ғ.с) мына хадисі  осындай адамдарға қаратылып айтылса керек: «Әке-шешесі қолында қартайып, жәннәтқа кіре алмағанның жағдайы қандай өкінішті» дейді.


Қасиетті Құран Кәрімде «Сіздерге Раббыңыздың нені харам еткенін білдірейін. Оған (Аллаһқа) еш нәрсені серік қоспаңдар, ата-анаға жақсылық жасаңдар» (Әнғам сүресі 151 аят). Міне ата-анаға жақсылық жасаудың маңыздылығын осыдан-ақ аңғаруға болады. Ертеде осындай Аллаһтың бұйрығын орындау үшін бір кісі Қағбаны тауаф етеді. Хазреті Хасан Басри жүк арқалаған әлгі кісіні байқап қалып: - Не үшін жүгіңмен тауаф етіп жүрсің?-дейді.


-Арқамдағы жүк емес, менің әкем. Оны Шамнан 7 мәрте арқалап әкеліп. Тауаф етіп жүрмін. Себебі маған дінімді, иманымды үйретті. Мені исламның көркем мінезімен тәрбиеледі.-деп жауап берді. Сонда хазреті Хасан Басри:
-Әкеңді қияметке дейін осылай арқалап өтсең де, бір рет ренжітетін болсаң, бұл жақсылықтарыңның бәрі босқа кетеді. Егер бір рет қуантатын болсаң, осыншама қызметтердің сауабына қауышасың,-дейді. Мына бір ғибратты  мысал көпшілігімізге үлгі боларлықтай.


Бірде бір сахаба келіп: «Ия, Расул! Әкем көптен бері төсек тартып, сал аурумен жатыр еді. Өзім көтеріп отырғызамын, тұрғызамын. Тамақ беремін, дәрет алдырамын. Мен ол кісінің алдында әкелік парызын өтедім бе?»-деп сұрағанда, Мұхаммед (м.с.ғ.с): «Пәлі, сен бар болғаны мың бөлік қарызының бір бөлігінен ғана құтылдың»,-деген екен. Пайғамбарымыздың (м.с.ғ.с) мына хадисінде: «Әке- жәннәттың ортаңғы қақпасы. Қаласаң, оны тәрк ет, қаласаң сақта» дейді.


Міне осы айтылғандардың барлығы әкеге көрсетілетін айрықша құрметтің белгісі емес пе.



 Түйін орнына


 «Анаң сені тоғыз ай құрсағында көтерді, екі жыл емізді. Сені үлкейгенге дейін қойнында жетілдірді, қамқор болды. Әкең де сені өсіру үшін көптеген қиыншылықтарға төзді. Сенің қажеттіліктеріңді қамтамасыз етті. Саған дініңді, иманыңды үйретті. Сені ислам тәрбиесімен өсірді. Енді қалайша олар мейірімсіз болады? Бұдан асқан мейірім бола ма?» (Мұхаммед (с.ғ.с)


  Қуаныш РАХМЕТОЛЛАҰЛЫ


(суретте автор)


Рекомендовать
Последние новости