Ананы ардақтаған әкім

Dalanews 21 дек. 2020 19:46 797

[caption id="attachment_58825" align="aligncenter" width="650"] Текелі қаласының әкімі Батыр Қайыр­кенұлы Молдахметов[/caption]

Тәуелсіздік мере­кесінің қарсаң­ында Текелі қаласының әкімі Батыр Қайыр­кенұлы Молдахметов Батыр ана Сәбдікенова Жәмила Байнау­рыз­қызының шаңырағына арнайы барып, әжейді туған күнімен құттықтады. «Ана алдында бәріміз де бас иеміз, ана алдында бәріміз де борыштармыз. Ұлтыңыз бен ұрпағыңыздың бесігін тербеткен жақ­сы ғұмырыңыз жалғаса берсін», – деп ізгі тілегін айтқан өңір басшысы туған күн иесіне сыйлығын табыс етіп, отбасы мүшелерін де келіп жеткен айтулы мерекемен құттықтады.




«Адам – ұрпағымен бақытты» десек, 93-ке келген Жәмила Сәбдікенова анамыз, айтса айтқандай, ұрпағымен бақытты жан. Екі ғасырдың куәсі болған қарт ана қазақтың да осы кезең аралығындағы тарихи жылнамасынан орын алған сан қилы оқиғаларды жанарының таспасынан өткеріп, жүрегіне қаттап келеді.

[caption id="attachment_58827" align="aligncenter" width="650"] Жәмилә әжей әкесі Байнаурыз бен шешесі Нұрқайша апамен[/caption]

Анасы – Нұрқайша өз заманындағы беделді, ауқатты адамның қызы еді. XIX ғасырдың бас кезіндегі аласапыран – «қызылдар қырғыны» кезінде бір әулеттен жалғыз өзі тірі қалып, артынан Байнаурыз атамен шаңырақ көтереді. Әкесі Байнаурыз бен шешесі Нұрқайшаның жалғыз қызы болған Жәмила әже 1950-жылдары институтты жаңа бітіріп, Майск ауылына мұғалім болып келген Тұрсын атамен танысып, отау құрып 40 жыл тату-тәтті ғұмыр кешеді.

[caption id="attachment_58822" align="aligncenter" width="650"] Ұлжан Ботбаева, Текелі қаласы әкімінің баспасөз хатшысы[/caption]

Төрт ұл, бес қыз өсіріп, олардан қазір 29 немере, 36 шөбере сүйіп отыр.
Жұбайы Сәбдікенов Тұрсын (1929-1990) – Еңбекші ауылының мектебінде 40 жыл ұстаздық еткен, Алакөл ауданы, бұрынғы Талдықорған облыстық, аудандық советтің бірнеше мәрте депутаты болып, Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген үздік мұғалім, еңбек ардагері атанған елге қадірлі тұлға.

[caption id="attachment_58818" align="aligncenter" width="650"] Жәмилә әжейдің жұбайы Сәбдікенов Тұрсын (ортада) Еңбекші орта мектебі ұжымымен[/caption]

Осындай іргелі әулеттің берекесін кіргізіп отырған Батыр ана жас күнінен ата-ененің көңілін тауып, балаларының да тәрбиесін елеусіз қалдырмай, әр іске белсене араласып, үйдің де, түздің де шаруасына үлгеріп жүрді. Халықтың басына түскен небір қиын кезеңдер алыстаған сайын көңілден өшпесе де көмескілене бастаған сол жылдардың өтеуіндей, бүгінде бейбіт заманның бақытты әжесі атанып отыр.

[caption id="attachment_58820" align="aligncenter" width="651"] Тұрсын ата мен Жәмилә әжей[/caption]

Ата-ананың ең үлкен міндеттерінің бірі – иманды, бауырмал, дені сау, білімді, еңбекқор, кішіпейіл, жаны ізгі, көрегенді ұрпақ тәрбиелеу. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған абзал ана немерелері мен шөберелерінің де заманға сай лайықталған тәрбиемен өсіп келе жатқанына дәйім ризалығын білдіріп отырады.



Отбасылық мерекелерде ұл-қыздары мен немере-шөберелері бір қауым ел болып жиналғанда жүрегі мейірімге толы ақ әже, қуаныштан бір жасап қалады. Бүгінде жапырағы жайқалған алып бәйтеректей болып отырған Батыр ана туған-туыс, құда-жегжат, ауыл-аймағының ортасында да сый-құрметке бөленіп, ізгілікке толы ғұмырымен үлгі болып келеді.

[caption id="attachment_58817" align="aligncenter" width="650"] Жәмилә әжей балаларымен[/caption]

Қарты бар елдің қазынасы бар. Иә, әр сөзі мен әр ісі даналыққа тұнып тұрған қарияларға көрсетілер құрмет қашанда жүрекке жылылық ұялатары сөзсіз. Еңсесі биік егеменді елдің тәуелсіздігі баянды болуын тілеген Жәмила әжей де туған күнімен арнайы құттықтап келген аймақ басшысына алғысын білдіріп, ақ батасын берді.

Батыр Қайыркенұлының Текелі қаласының әкімі қызметін таяуда ғана бастағанына қарамастан, өңірде халық игілігі үшін жасалып жатқан шаралардың көптігіне де Батыр ана разылығын білдірді. Рудничный ауылдық округінде балалар футбол алаңының ашылуы спортсүйер жасөспірімдерді қуанышқа кенелтсе, Абай атындағы амфитеатрдың құрылыс жұмыстарының сәтті аяқталуы руханияттың өрістеуіне сеп болары анық.

Текелінің тұмса табиғаты отандық ту­ризмді дамытуға тұнып тұр десек артық айт­қандық болмас. Қала әкімі осы бағыттағы игі істерді қолға алып, таулы өңірдің өрісін кеңітіп, халқын бақуат­тандыруды алдағы тың жоспарларға қосқан.

Текелі қаласының тынысын кеңейтіп, көркін асырар өзге де жұмыстардың қолға алынып, жалғасын тауып жатқаны ел дамуына кірпіш болып қаланары анық.

Медина БАҚЫТ


Рекомендовать
Последние новости