Әмина Әжібаева оқыс оқиғаны пайдаланып ақша жинамауды сұрады

Көркем Алдабергенова 10 нояб. 2025 09:48

Әмина Әжібаева Алматыдағы балалар үйінде болған өртті пайдаланып ақша жинамауды сұрады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"30 жылдан бері басымызға түсетін сынақ көп еді. Бұл да бір сынақ болды. Бүгін барлық ыдыс-аяқты алып келіп, сосын Шамалған станциясына барып балалардың көмірін әкеліп алайын деп келіп едім, "апа, үй өртеніп жатыр", деп хабар келді. Бірден қайтып келдім. Үй 4-5 сағаттан бері өртенді. Өтініп сұрайтыным - ақша жинау деген алаяқтықтарыңды қалталарыңа салып қойыңдар. Ешкімнен көмек сұрап жатқан жоқпыз. Баратын жеріміз бар. Тауда балалардың саумалысы бар. Сол жерге апарып, балаларды жаңғастырамыз. Балалардың бәрі аман-есен. Бір киіммен жүгіріп шығыпты. Ешкімнен көмек сұрап жатқан жоқпыз. Осы жағдайды пайдаланып, ақша жинайтын тіршіліктеріңді тоқтатыңдар. Керек болса өзім айтамын. Үйден түк қалған жоқ", - дейді Әмина Әжібаева. 

Айта кетейік, күні кеше сағат 15:48-тен бастап өрт сөндірушілер Наурызбай ауданы, Алтын Орда көшесі бойында орналасқан ғимараттағы өртті сөндірді.

Өрт шыққан сәтте балалар үйінде 35 тәрбиеленуші және қызметкерлер болған. Барлығы дер кезінде эвакуацияланды. Зардап шеккендер жоқ.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, қазіргі уақытта балалар уақытша сауықтыру санаторийіне орналастырылды. Онда қажетті көмек пен қолдау көрсетілуде.

Балаларға тамақ беріліп, жайғастырылды. Олар сырт киіммен, азық-түлікпен және жеке гигиена құралдарымен қамтылған. Сондай-ақ тәрбиеленушілерге тәттілер берілді.

Оқиға орнында Алматы қаласы әкімдігі мен Қоғамдық кеңес өкілдері, Наурызбай ауданының қорғаншылық және қамқоршылық қызметі, сондай-ақ Отбасыны қолдау орталығы мен Балаларды қолдау орталығының мамандары жұмыс істеп жатыр. Жағдай толық бақылауда.


Рекомендовать
Последние новости