Амандық Баталов жастардың ой-жоспарын қолдауға дайын екенін айтты

Dalanews 30 янв. 2019 02:43 912

Облыс әкімі Амандық Баталов жаңа жылдың алғашқы күндерінде Жастар жылына байланысты жастармен еркін форматта кездесу өткізген еді. Соның қорытындысында облыстың әрбір аудан, қаласында жастарға қызмет көрсету орталықтары салынып, ауыл шаруашылығымен айналысулары үшін жастар ресрустары орталықтарына 10 гектардан жер берілетін болып шешілді.

Сол сияқты жас отбасылар арасында ажырасуды азайту мақсатында психолог штаттарын бөлу де тапсырылған-ды. Облыс әкімі Амандық Баталовтың бүгін жастармен қайталай кездесуінде Жастар жылының ресми ашылуында Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың жергілікті жерлерде орындалуы туралы мәселе тақыланды.

Кездесуді модератор ретінде І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ғылыми зерттеулер қорытындыларын коммерцияландыру кеңсесінің директоры Дамир Огай жүргізді.

Жастар атынан студенттер, спортшылар, қоғам белсенділері, әр салада еңбек етіп жүрген жас мамандар сөз алып, жетісулық жастар барлық маңызды жобаларда бастамашылдық, креативтілік таныта алатындарын айтты. Мәселен, жас маман Дархан Нұрмадиев өз сөзінде Семейде туып-өсіп, Астанадағы медицина университетін бітіргенін және «Дипломмен ауылға» жобасының қатысушысы ретінде Жетісу жеріне табан тірегенін атап өтті.

– Қазіргі кезде Ескелді аудандық ауруханасында терапевт дәрігер болып жұмыс істеймін. Мен дұрыс таңдау жасадым, менің білімім мен машығым халықтың денсаулығын жақсартуға ықпал етіп жатқанына ризамын. «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша ауруханада жұмыс істеп жүрген мен сияқты тағы 8 маман бар. Бәріміз де бір реттік көтерме жәрдемақы мен тұрғын үй несиесіне кезекте тұрмыз, ақпан айында аламыз деп жоспарлап отырмыз. Біз елге пайдамызды тигізгенімізге, ал мемлекет бізге қолдау көрсеткеніне ризамыз, – деді ол.

Қаратал ауданындағы «Бақыт-Қаратал» ЖШС директоры Серікжан Жексембинов өзінің ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктерімен бөлісті. Ол да мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау оның жемісті жұмысына зор ықпал еткенін атап өтті. Табысты кәсіпкерлікпен қатар Серікжан – «Туған жер» бағдарламасының белсенді қатысушыларының бірі. Оның Қаратал ауданын көркейтуге бағытталған игі әрекеттері айтуға тұрарлық. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ол «Жыл меценаты» номинациясында жеңімпаз атанған.

Жазель Дакубаева – Талдықорғанның «Жетісу еріктілері» еріктілер қозғалысының белсенді қатысушысы. Ол өз сөзінде барша жастарды еріктілер қозғалысына атсалысуға шақырып, облыс әкіміне оқуда озат еріктілердің жоғары оқу орындарына грант бөлу мәселесін қарастыруды сұрады.

Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Виктор Сосин өңірде ІТ-технологияны дамытуға барлық жағдай бар екенін, облыс басшысының жастар үшін ІТ-стартап жобаларының технопаркін құру туралы идеясын қолдайтынын жеткізді.

Жастарды спортпен шұғылдануға, саламатты өмір салтын ұстануға шақырған ҚР бокстан спорт шебері, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Анель Құдайберген облыс басшылығынан спорттағы дарынды жастарды қолдауды сұрады.

Кездесу соңында сөз алған облыс әкімі Амандық Баталов күні кеше ғана Астанада Жастар жылына арналған ауқымды форум өткенін, бұл жиында Мемлекет басшысы жыл көлемінде атқарылуы тиіс бірқатар міндеттерді айқындағанын атап өтті.

– Бұл орайда бүгінгі күні облыста Жастар жылына арналған «Жетісу жастарының жарқын істері» жұмыс жоспары дайындалып, бекітілді. Алғашқы кездесуде сіздермен талқылаған ұсыныстардың жүзеге асырылуы жіті бақылауға алынған, ол бағытта нақты жұмыстар жүргізіле бастады. Атап айтқанда, облыстың әрбір аудан, қаласында жастарға қызмет көрсету орталықтары салынады, Талдықорғандағы ЖҚО базасында ІТ-стартап технорпаркі құрылады. Ауыл шаруашылығымен айналысулары үшін жастар ресрустары орталықтарына 10 гектардан жер берілетін болып шешілген болатын. Сол сияқты жас отбасылар арасында ажырасуды азайту мақсатында психолог штаттарын бөлу де қарастырылады. Оған қоса бүгінгі кездесуде де бірқатар ұсыныстар айтылды. Мен оның бәрін қағазға түртіп, ойыма түйіп қойдым. Қай кезде де жастардан жақсы идея туындап, ізгі бастамалар жасалса, біз қолдауға әрқашан дайынбыз, – деді А. Баталов.

 

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Рекомендовать
Последние новости