«AMANAT» партиясының өңірлердегі кездесулері Шығыста жалғасын тапты

Dalanews 16 апр. 2022 14:53 867

Шығыс Қазақстан облысында «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов тұрғындармен, зиялы қауым өкілдерімен, партия белсенділерімен және жастармен бірқатар кездесулер өткізіп, «Жаңа Қазақстанды» құру міндеттеріне сәйкес Жолдауды іске асыру және партияны жаңғырту мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, Атқарушы хатшы «Ардагерлерді ардақтайық!» және «Кедергісіз келешек» партиялық жобалары аясында өткен іс-шараларға қатысты, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Абайдың «Жидебай – Бөрілі» қорық-мұражайында партияның Атқарушы хатшысы Абай ауданының ақсақалдарымен жүздесті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 16 наурыздағы тарихи Жолдауында үш жаңа облыс құрылатынын айтты. Абай облысының орталығы Семей қаласы болады. Бұл тарихи әрі әділетті шешім, ең алдымен, өңірдің дамуына қуатты серпін беріп, оның тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктер жасайды, – деді Асхат Оралов.

Өз кезегінде ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Төлеген Жанғалиев мұның Семей тұрғындары көптен күткенін шешім болғанын атап өтті.

– Біз Президенттің Жолдауын мұқият тыңдадық және оны толық қолдаймыз. Әсіресе, Абай облысын құру жөніндегі шешіміне айрықша қуандық. Бұл шешім – Мемлекет басшысының хәкім Абайға және Шығыс жұртына деген құрметінің белгісі. Осында отырған ақсақалдар жағымды жаңалықты естіген күннің ертеңінде Мемлекет басшысына алғысын айтып, телеграмма жолдады, – деді Төлеген Жанғалиев.


Семей қаласында зиялы қауыммен кездесуде тарихи мұраны сақтау, тарихи-мәдени ескерткіштерді қалпына келтіру және өнерді дамыту мәселелері талқыланды.

– Абай облысын құру – Президенттің дана да, дара шешімі болды. Біздің облыс «Жаңа Қазақстанды» құруға, соның ішінде рухани, мәдени, әлеуметтік, экономикалық аспектілерге қомақты үлес қосатынына сенімдіміз, – деді филология ғылымдарының докторы, профессор Арап Еспенбетов.

Сондай-ақ, Атқарушы хатшы Ұлы Отан соғысының ардагері 100 жастағы Александр Атавин, партия ардагерлері Оралхан Сартаев пен Владимир Халиннің үйлеріне арнайы барды.

Асхат Оралов аға буын өкілдеріне қамқорлық жасау мақсатында 2014 жылдан бастап «Ардагерлерді ардақтайық!» партиялық жобасы жүзеге асып келе жатқанын жеткізді. Осы уақыт аралығында ел аумағында белсенді ұзақ өмір сүрудің 45 орталығы ашылды. Онда зейнет жасындағы 60 мыңнан астам адам бос уақытын өткізеді.

Бұдан соң «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы «Gold King» спорттық-сауықтыру кешенінде параспортшылармен жүздесіп, «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қолдау және қолжетімді қалалық орта құру мәселелерін талқылады.

Осы күні Асхат Оралов Шығыс Қазақстан облысының партия активімен кездесіп, «AMANAT» партиясын жаңғыртудың басымдықтарын талқылады.

Кездесуде бүгінде өңірде 300-ге жуық бастауыш партия ұйымына біріктірілген 52 мыңнан астам партия мүшесі бары айтылды. Барлық деңгейдегі мәслихаттардың 290 депутатының 85,6%-ы – «AMANAT» партиясының өкілі. 104 ауылдық округте өткен сайлау қорытындысы бойынша «AMANAT» партиясының атынан қатысқан кандидаттардың 82%-ы жеңіске жетті.


Жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысы бойынша партияның қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 2,5 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Негізінен адамдар әлеуметтік қолдау, жер телімдерін бөлу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өтініш білдірді. Наурыз айынан бастап мобильді қоғамдық қабылдаулар шалғай ауылдарға барады.

Белсенді жастармен кездесу кезінде өскелең ұрпақты жергілікті жерлерде толғандыратын негізгі мәселелер талқыланды. Бүгінде Шығыс Қазақстан облысындағы жас депутаттар корпусында «AMANAT» партиясына мүше 35 жасқа дейінгі 43 отандасымыз бар.

Рекомендовать
Последние новости