Алтай Көлгінов оқушыларға қосымша білім берудің маңызына тоқталды

Dalanews 24 мая 2021 16:58 885

Елорда әкімі Instagram парақшасында балаларды қосымша біліммен қамту жұмыстары қалай жүргізіліп жатқаны туралы мәлімдеді, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

– Сапалы білім беру мен оқушылардың жан-жақты дамуы үшін мектептерді салып, оларды жөндеуден басқа, қосымша білім беруді дамытуға ерекше назар аудару қажет. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес балаларды қосымша біліммен барынша қамту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Балалардың спорттық, шығармашылық және зияткерлік әлеуетін іске асыруы маңызды.

Бүгін бірқатар көпбейінді қосымша білім беру орталықтарының жұмыс барысымен таныстым. Оның ішінде Железнодорожный елді мекеніндегі орналасқан техникалық шығармашылық орталығы бар. Ғимарат бұрын бос тұрса, қазір жөнделіп, қосымша білім беретін орталыққа айналды (Ж.Жабаев көшесі, 27). Аталмыш қосымша білім беру орталығында робототехникамен, авиамодельдеумен, техникалық дизайнмен, қолөнермен, мотокроспен айналысу үшін барлық жағдай жасалған. Орталықтың 30-дан астам филиалы жұмыс істейді. Олар қала ішінде де, елді мекендерде де орналасқан. 7 жастан 18 жасқа дейінгі балалар орталыққа тегін бара алады.

Сонымен қатар М.Өтемісов атындағы Оқушылар сарайында болып, жұмысымен таныстым (Ә.Мәмбетов көшесі, 1). Мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қосымша үйірмелер ашылды. Көркем және әлеуметтік шығармашылықты, дене шынықтыру мен спортты дамыту үшін барлық жағдай жасалған. Орталықта лингвистика, домбыра, шахмат, тоғызқұмалақ, робототехника, видеографика, спорт секциялары (бассейн, баскетбол) және т. б. кабинеттер бар.

Балаларды қосымша біліммен қамтуда аула клубтары да көмектеседі. Бүгінде Нұр-Сұлтанда 28 аула клубы жұмыс істеп тұр, ал олардың тәрбиеленушілерінің саны шамамен 3 мың баланы құрайды.

Егер мектеп құрылысы туралы айтатын болсақ, биыл 16 ірі мектеп саламыз. Олар биыл 40 мыңнан астам жаңа оқушы орнын құруға мүмкіндік береді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есе көп.


Кешенді жоспар аясында бес жыл ішінде 50-ге жуық мемлекеттік мектеп саламыз. Сондай-ақ мектеп құрылысына жеке инвестициялар тартамыз. Инвестициялық кеңестерде 30-дан астам жекеменшік оқу орындарының құрылысы қолданды.

Биыл қосымша жаңа Оқушылар сарайы ғимаратының құрылысын бастаймыз, – деп жазды елорда әкімі.

Рекомендовать
Последние новости