Алматы қаласының Туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсеитова Dalanews.kz сайтына берген сұхбатында кейінгі жылдары Алматы туризм саласында айтарлықтай серпіліс жасап, Орталық Азиядағы басты туристік орталыққа айналып келе жатқанын айтты.
- Бүгінгі Алматы туризмінің жағдайын қалай бағалар едіңіз?
- Алматы туризмінде серпіліс бар. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында туристер саны 4,9 пайызға өсіп, 496,9 мың адамға жетті. Бұл Қазақстанға келген туристердің төрттен бірі Алматыны таңдағанын білдіреді. Әсіресе, шетелдік қонақтардың қатары күрт көбейді: былтырмен салыстырғанда 18 пайызға өсіп, 145 мың адамға жетті. Қазақстанға келген әрбір екі шетелдік туристің бірі Алматыны көргісі келеді.
– Қалада қай бағыттағы туризм түрлері ең көп сұранысқа ие?
- Соңғы зерттеулерге сүйенсек, ең көп сұранысқа ие бағыт - тау туризмі, хайкинг, веломаршруттар және экотурлар. Алматының бірегей табиғаты, ұлттық парктері мен экотропалары туризмнің жаңа дәуірін бастады. Туристер мәдени-танымдық бағыттарға да айтарлықтай қызығушылық танытып отыр: музейлерге, театрларға, этноауылдарға келушілер саны жыл сайын артып келеді.
Нақтырақ айтқанда, туристердің 40 пайызы – тарихи-мәдени нысандарға, 38 пайызы – экотуризмге, 35 пайызы – мәдени шараларға қызығады. Ал шетелдік қонақтардың ең жоғары бағалайтыны – табиғи көріністер мен Алматының табиғаты.
– Қала әкімдігі туристік әлеуетті арттыру үшін қандай шараларды қолға алып жатыр?
– Алматы өңірлік қана емес, халықаралық туризм орталығына айналуды мақсат тұтады. 2024 жылы қала бюджетінен туризм саласына бағытталған инвестиция 110,9 млрд теңгеге жетті. Туризмнен түскен салық түсімі – 90,7 млрд теңге, былтырмен салыстырғанда өсім екі есеге жуық. Жаңа қонақүйлер, хостелдер, глэмпингтер ашылуда.
– Шет елден туристерді тарту үшін қандай қадамдар жасалып жатыр?
– Біз Алматыны жаһандық деңгейде таныту үшін кең көлемді жарнамалық кампанияларды іске қостық.
11 елде - БАӘ, Сауд Арабиясы, Италия, Германия, Корея және басқа да тікелей әуе қатынасы бар елдерде Алматыны танытатын ауқымды digital және офлайн жарнама жүргізілді. 2025 жылы Инчхон, Гуанчжоу, Мумбайға жаңа халықаралық рейстер ашылды, жыл соңына дейін Шанхай, Чэнду, Пусан, Ыстықкөл, Алания бағыттары ашылады деп жоспарлап отырмыз.
Netflix, CCTV, The New York Times секілді әлемдік медиа платформалар арқылы Алматының туристік бейнесі белсенді насихатталып жатыр.
– Алматыны жыл он екі ай турист тартатын дестинацияға айналдыру жоспары қалай жүзеге асып жатыр?
– Қала туризмінің басты мақсаты — Алматыны төрт мезгіл бойы турист қабылдайтын орталық ету. Қазір біз бес бағытты басты артықшылық ретінде дамытып отырмыз: тау туризмі, табиғи ландшафт, урбанистика, гастрономия және мәдениет.
Бұдан бөлек Алматылық тау кластерін дамыту бойынша 2025–2029 жылдарға арналған кешенді жоспар дайындалып жатыр.
Бұл бағытта халықаралық тәжірибеге сүйеніп, үздік технологияларды енгізу көзделген. Кемпингтер, визит-орталықтар, экологиялық маршруттар мен инфрақұрылымдар табиғаттың тұтастығына нұқсан келтірмей салынады.
– Алматыда соңғы бір жылда қандай жаңа туристік маршруттар мен нысандар ашылды? Алдағы жоспар қандай?
– 2024 жылы жаңа "Жұмбақ жол" атты жаяу маршрут іске қосылды. Ұзындығы – 285 метр, күніне екі мыңнан астам адам жүре алады. Бұл бағыт Горельник визит-орталығына апарады. Маршрут экотуризмді дамытып, Медеу мен Шымбұлақ бағытындағы жүктемені азайтуға арналған. Биыл кемінде 10 жаңа тау бағыты, 3 күн панелі бар кемпинг аймағы ашылады.
– Алматы туризмі халықаралық стандарттарға қаншалықты сай келеді?
– Алматы әлемдік туристік қауымдастыққа толық интеграцияланды. Қала Condé Nast Traveller Italia рейтингіне кірді, New York Times 52 әлемдік туристік бағыттың қатарына қосты. Lonely Planet, CNN Travel, The Telegraph, Wanderlust секілді беделді халықаралық медиа Алматыны «Орталық Азияның інжу-маржаны» деп бағалайды. Біз ICCA, WTCF мүшесіміз, мамандарымыз халықаралық WTTC, WFTGA ұйымдарында біліктілік арттырады. Алматы гастрономиясы, инфрақұрылымы, мәдени кеңістігі, туризмдегі сервисі жаһандық талаптарға жауап береді.
– Туристердің қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етілуде?
– Турист қауіпсіздігі – біздің басымдық. MasterCard зерттеуіне сәйкес, Алматы – шетелдік қонақтар үшін қауіпсіздігі жоғары (4,45 балл/5 мүмкін балдан) қала. 52 мың камера жұмыс істейді, жыл соңына дейін 70 мыңға жетеді. Әуежайда, Медеу, Республика алаңында туристік полиция пункттері бар. 9 ақпараттық орталық жұмыс істейді. Танымал маршруттарда 18 құтқару бекеті, 2 тәулік бойы жұмыс істейтін құтқару пункті бар. Әуежайда QR-код арқылы Your Tourist Pass порталына кіріп, барлық ақпаратты алуға болады. 200 гидті халықаралық стандарт бойынша оқытамыз.
– Шетелдік туристерге арналған шұғыл желі, қолдау қызметтері бар ма?
– Иә, Алматыда және жалпы Қазақстанда шұғыл желілер тәулік бойы жұмыс істейді. 112 - барлық шұғыл қызметтер, 102 - полиция (ағылшын тілінде де қызмет көрсетеді), 101 - өрт сөндіру, 103 - жедел жәрдем.
Туристік полиция қызметкерлері негізгі локацияларда жүреді, ағылшын тілін меңгерген. SafeTravel.kz онлайн-платформасында барлық қажетті ақпарат, байланыс және ұсыныстар бар.
– Қаладағы ең танымал туристік орындарды атай аласыз ба?
– Көк-Төбе (қонақтардың 73 пайызы барған), Медеу (61%), Шымбұлақ (58%), 28 панфиловшылар паркі (52%), Көк базар (44%) Алматының айнасы іспетті.
– Алматы маңындағы табиғи орындар ше? Қайсы шетелдік қонақтардың сүйіктісіне айналды?
– Алматыдан тыс ең көп баратын орындар - Шарын шатқалы мен Үлкен Алматы көлі (әрқайсы 41 пайыз), Көлсай, Қайыңды көлдері (35%), Аюсай мен Горельник визит-орталықтары (18%), Тамғалы петроглифтері (11%). Бұл - Алматының табиғи байлығына тамсануға келген қонақтардың таңдауы.