Алматыдағы дәрі тапшылығына қазақ тілі мен ЕАЭО кедергі болған ба?

Dalanews 24 июл. 2020 07:28 940

Күні кеше ғана Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қаладағ дәрі-дәрмек тапшылығының нақты себептерін жұртқа жария етті.

Коронавирус кәріне мінген өткен апталарда Алматыдағы дәріханаларда дәрі-дәрмек жетіспеушілігі туындағаны белгілі. Бұл мәселе бүгіндері шешілген. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев бұл жағдайдың нақты себебін атап, оны қалай шешкендерін айтты.

Сағынтаевтың айтуынша, төтенше жағдай кезінде дәрі-дәрмектерге ерекше қажеттілік бола қоймаған (маскадан басқасына), бірақ маусым айының соңынан бастап коронавирус індеті өршіп, адамдар дәріханаға жаппай лап қойған.

Айталық, әкім мамыр айында дәріханалар парацетамолдың 50 мың қаптамасын сатса, ал шілде айының 3 аптасында бұл дәрінің миллион қаптамасы бірден сатылып кеткенін еске салды.

Неліктен сұраныстың артуына байланысты ұсынысты да арттыру мәселесі ұзаққа созылып, тапшылық орын алған. Әкімнің айтуынша, дәрі-дәрмектерді сатушылар мен жеткізушілерде тапшылықты жабатындай үлкен қор болмаған, ешкім мұндай сұранысты күтпеген.

– Бұл дәрі-дәрмектерді Ресейден, Үндістаннан әкелу үшін белгілі бір рұқсат керек, біз бір реттік импортқа рұқсат алу үшін құжаттарды рәсімдеу үшін, 1 күн ішінде құжаттарды рәсімдеуге қолдау көрсету үшін үкіметке фармацевтикалық өнеркәсіп қауымдастықтарының көмегіне жүгіндік. Әдетте, бұл процесс 2 апта уақытты алады.

ЕАЭО шеңберінде өндірілген дәрі-дәрмектерді өндірушілерден тауарды сатып ала бастаған кезде, заңның талабы бойынша әр қаптамада қазақша жазу, яғни дәрі-дәрмектің түсініктеме қағазында қазақша нұсқау болуы керек еді.


Бірақ мұндай көлемдегі дәрі-дәрмекті қазақ тіліне аударып жатуға уақыт тығыз екенін түсіндік. Яғни, бізде дәрі бар, бірақ оны осындай себеппен жеткізе алмадық.

Үкіметке қайта шықтық, егер нұсқаулық орыс тілінде жазылса, оны қазақшаға аударуға уақыт болмағандықтан тез арада шаралар қабылдаса дедік.

Біз тапшылықты тезірек жабуымыз керек еді. Кедергілер болды, біз оны түзеткенге дейін белгілі бір уақыт кетті. Үкіметтің арқасында жедел шешім қабылданды, сөйтіп кедергілер жойылды.

Ұшақ келіп, біз тауарды кеденнен өткізіп алғанша осындай проблемалар шешілді, нормативтік құжаттар қайта жасалды. Ең басты міндет – дүрбелеңді басып, дәрі-дәрмек тапшылығын жою болды ол кезде,  деді Бақытжан Сағынтаев.

Қазір әкімдікте дәрі-дәрмекті жеткізу тобы жұмыс істеп жатыр, олар өз қолымен дәріханаларға дәрі-дәрмектерді жеткізеді, негізгі тізімге басымдылық беріледі.

– Әр дәріхананы қамтамасыз ету мүмкін емес, бізде мыңға жуық кішкентай дәріхана бар, бірақ алдында басты деген 105 дәріхананы қамтамасыз еттік, қазір бұл цифрды 385-ке жеткіздік, бұл тізім біртіндеп өсіп келеді, – деді Сағынтаев.


Қала басшысы қазір алматылықтардың өздігінен емделу тиімсіз екенін түсінгенін, сондықтан ауырса бірден дәрігерге көрініп жатқанын, осыған байланысты қалада жағдайы ауыр науқастардың саны күрт азайып келе жатқанын баса айтты.

Рекомендовать
Последние новости