Алматыда ЮНЕСКО қауымдастықтары мен клубтарының алғашқы жаһандық жастар форумы өтеді

Dalanews 18 февр. 2025 19:29 829

2025 жылы 19 ақпанда сағат 09:30 - да Алматы қаласындағы "Қазақстан" қонақ үйінде (Достық даңғылы, 52/2) ЮНЕСКО қауымдастықтары мен клубтарының Бірінші Жаһандық Жастар Форумы (GYF) өтеді. Бұл форум әлемнің 60-қа жуық елінен 150-ден астам қатысушының басын біріктіреді, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Форумды ЮНЕСКО және Дүниежүзілік ЮНЕСКО клубтары мен қауымдастықтарының Федерациясы (WFUCA), Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО клубтарының Федерациясының, Қазақстан және Франция ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссияларының, сондай-ақ ҚР Сыртқы істер министрлігінің, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылады. 

Екі күн бойы ЮНЕСКО клубтары мен қауымдастықтарының өкілдері, сондай-ақ үкіметтік, академиялық және бизнес саласының мамандары, соның ішінде ЮНЕСКО сарапшылары әлеуетті арттыру, жастардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту, жасанды интеллектіні пайдалану этикасы, цифрлық технологияларды қолдану, тұрақты туризм, климаттың өзгеруі, инклюзия және көркем білім мәселелерін талқылайды.

Іс-шара аясында Қазақстанға ЮНЕСКО-ның ізгі ниет елшісі Х. Аббин, жасанды интеллект саласындағы әлемдік жетекші профессор Д-р В. Холмс, Дүниежүзілік ЮНЕСКО клубтары мен қауымдастықтарының Федерациясының Атқарушы кеңесінің мүшелері және басқа да тұлғалар арнайы жоғары мәртебелі қонақтар ретінде келеді.

Форумның басты нәтижесі – "2025-2030 жылдарға арналған ЮНЕСКО қауымдастықтары мен клубтары жастарының жол картасы: тұрақты болашақты бірге құру" қабылдау болмақ. Бұл құжат 94 елдегі 5 000-нан астам ұйымды қамтитын қозғалыстың стратегиялық даму бағыттарын анықтап, жастардың мүмкіндіктерін кеңейтеді және ЮНЕСКО клубтарының көшбасшылар желісін нығайтады. 

Бұл бастаманы сонымен қатар "Karachaganak Petroleum Operating B.V." компаниясы, Банк ЦентрКредит, "Қазақстан" қонақүйі, Doscar компаниялар тобы және "Шымбұлақ" тау-шаңғы курорты қолдады. 


Рекомендовать
Последние новости