Алматыда шөпті жасыл түске бояған: әкімдік түсініктеме берді

Ақтоты Жапатова 31 июл. 2025 11:00

Алматы қаласындағы Медеу ауданында жол жиегіндегі шөптердің жасыл түске боялғаны туралы видео әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыланды. Бұл жайтқа қатысты қала әкімдігі ресми түсініктеме берді,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Әкімдіктің хабарлауынша, жауын-шашынның аз болуына байланысты шөп жамылғысының эстетикалық көрінісін сақтау үшін тыңайтқыш қосылған арнайы бояғыш қолданылған. Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин шөп боялған аумаққа арнайы барып, жағдайды бақылап шыққанын мәлімдеді.

— Биыл қалада жауын аз, ауа райы өте құрғақ болды. Осыған байланысты біз климаттық жағдайы ұқсас елдердегі тәжірибені зерттедік. Бояу ретінде қолданылған зат — органикалық пигменттер негізінде жасалған, улы емес, адам мен жануар үшін қауіпсіз құрал. Ол АҚШ, БАӘ, Испания мен Оңтүстік Корея сияқты ыстық елдерде жиі қолданылады, — деді аудан әкімі.

Оразалиннің айтуынша, бұл тәжірибе автоматтандырылған суарудан толық бас тарту дегенді білдірмейді. Жасыл түсті бояғыш тек кейбір жерлерде эстетикалық көрініс үшін қолданылады.

— Бұл — біз үшін жаңа технология. Қазір оның тиімділігін байқап көрудеміз. Ал көгалдарға күтім жасау, суару және қуаңшылыққа төзімді өсімдіктерді отырғызу жұмыстары жалғасады, — деп атап өтті әкімдік.

Айта кетейік, бұл өнімнің арнайы сертификаты бар және қазіргі таңда қалада қолдану қауіпсіз деп танылған. Шешімнің басты мақсаты — қала келбетінің тартымдылығын сақтау.


Рекомендовать
Последние новости