Алматыда радикалды діни ағымдардың алдын алу жұмыстары жалғасуда

Ақтоты Жапатова 27 июл. 2025 19:00

24–27 шілде аралығында Алматы қаласының Дін істері басқармасына қарасты «Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығы» ақпараттық-түсіндіру шараларын ұйымдастырды. Науқанға жалпы 200-ге жуық адам қатысты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Іс-шаралар түрлі әлеуметтік топтар арасында өткізілді:

  • өзін-өзі жұмыспен қамтығандармен – 5 кездесу,

  • қандастармен – 1 кездесу,

  • әйелдер мен қыздармен – 1 кездесу,

  • жұмыссыздармен – 1 кездесу өтті.

Кездесу барысында дәріскерлер қатысушыларға қоғамдық орындарда бет-әлпетті тұтас жабатын киім киюге қатысты заңнамадағы соңғы өзгерістерді түсіндіріп, мемлекеттің зайырлы қағидаттары мен құндылықтарын кеңінен түсіндірді. Сонымен қатар ақпараттық материалдар таратылды.

Басқарма өкілдерінің айтуынша, қалада өзге діни ағымдардың ықпалына түскен азаматтармен жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, әр азаматтың ар-ождан және дін бостандығына құқығы бар, яғни кез келген дінді ұстануға немесе мүлде ұстанбауға ерікті.

Экстремистік діни ағымдардың ықпалына түскен адамдарға көмек көрсету мақсатында 2017 жылдан бері «Кеңес беру және оңалту орталығы» жұмыс істейді. Орталықтың теологтар мен психологтардан құралған мамандары радикалды және жалған идеологияның әсеріне түскен азаматтарға кеңес беру, алдын алу және оңалту қызметтерін көрсетеді.

Қазір бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Сондай-ақ орталықта сенім телефондары жұмыс істейді:

  • ерлер үшін: +7 701 120 75 70,

  • әйелдер үшін: +7 701 120 05 03.

Мамандар азаматтарды күмәнді діни көзқарастар мен агрессивті уағыздарға бейжай қарамауға және қажет жағдайда орталыққа хабарласуға шақырады.


Рекомендовать
Последние новости