Алматыда полицейлер қала көшелерінде тыйым салынған заттарға қатысты жарнамалық жазбалар қалдырған ер адамды қолға түсірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Түрксіб аудандық полиция басқармасының мәліметінше, 1998 жылы туған азамат тұрғын үйлердің қабырғалары мен қоршауларға «есірткі жарнамаларын» жазып жүрген. Ол мұндай жазбаларды интернет арқылы “тапсырыспен” орындап, әр жазбасы үшін ақша алып отырған.
Тәртіп сақшылары оны вандализм әрекеті кезінде, дәл үстінен түсіп ұстаған. Тексеру барысында ер адамның сөмкесінен бояу баллондары, трафареттер және заңсыз әрекеттерін дәлелдейтін хат алмасулары бар ұялы телефон табылып, тәркіленді.
«Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 299-1-бабы (“Есірткі заттарын насихаттау немесе заңсыз жарнамалау”) бойынша іс қозғалды. Бұл бапқа сәйкес, нақты бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Қазір іс материалдары сотқа жолданды», – деді Түрксіб аудандық полиция бөлімінің бастығы Дәулет Сейтқұлов.
Оның айтуынша, мұндай әрекеттерді жай «қызығушылық» немесе көше граффитиге теңеуге болмайды.
«Қабырғадағы мұндай жазбалар — тек сурет емес, есірткінің таралуына үлес қосу деген сөз. Бұл қылмыстық жауапкершілікке әкеледі. Біз мұндай құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз. Азаматтарды да белсенді болуға шақырамыз: егер осындай жазбаларды байқасаңыз, дереу полицияға хабарласыңыз. Қаламызды есірткі қауіпінен тек бірлесіп қорғай аламыз», – деді ол.