Алматыдағы Бас ботаникалық бақ аумағында аққуға қатыгездік танытқан 1983 жылғы азамат бір тәулік ішінде ұсталды. Бұл туралы Алматы қаласының Бас ботаникалық бағы мәлімдеді,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Оқиға 2025 жылғы 5 тамызда болған. Әлеуметтік желілерде ер адамның аққуды мойнынан ұстап тұрған сәті түсірілген видео жарияланып, қоғам арасында әділ наразылық тудырды.
Полиция жедел әрекет етіп, бейнебақылау камералары мен бақ қауіпсіздік қызметінің деректері арқылы құқық бұзушыны анықтап, ұстады.
Бүгін Алматы қаласында өткен сот отырысының қорытындысы бойынша ер адам 7 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
«Бұл – жануарларға қатыгездік танытқан, әдепсіз және орынсыз әрекет жасаған адамдардың жауапкершілікке тартылатынының айқын мысалы. Бас Ботаникалық бақ – ерекше қорғалатын табиғи аумақ, онда жануарлар мен өсімдіктер қорғауға алынған. Оларға бағытталған кез келген агрессия немесе құрметсіздікке жол берілмейді», – делінген мекеме хабарламасында.
Қазіргі таңда аққудың жағдайы жақсы, оны орнитолог мамандар бақылауда ұстап отыр. Бақ әкімшілігі аққулы тоған маңына келушілердің және жануарлардың қауіпсіздігі үшін шағын қоршау орнатуды жоспарлап отыр.