Алматы қаласында қазақтың бас ақыны Абайдың 180 жылдығына арналған, ЖСДП ұйымдастыруымен «Абай руханияттың темірқазығы» атты ғылыми конференция өтті,-деп хабарлайды JurtMedia.kz ақпараттық-сараптамалық порталы.
Конференция Алматы қаласындағы алғашқы қарашаңырақ саналатын, алтыншы кітапханада өтті. Жиында түркітанушы, абайтанушы ғалымдар, БАҚ өкілдері мен студент жастар қатысты.
Ғылыми жиынға келген қонақтар Абайдың көпшілікке таныс емес, жаңа қырларымен таныс болды. Іс шараға модераторлық еткен белгілі қоғам қайраткері Ғабиден Жәкейдің пайымдауынша, Абай әлі танылу үстіндегі тұлға, ол әлі де зерттелуді қажет етеді.
Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінде айтылған ой-тұжырымдар, философиялық пайымдаулар — қазіргі заман үшін де өзектілігін жоймаған. Оның адамгершілік, білім, еңбек, әділет, дін және ұлт болмысы жайлы көзқарастары бүгінгі қоғам үшін маңызды рухани бағдар бола алады. Абайдың “толық адам” концепциясы — заманауи тәрбиенің негізіне айналарлық терең ілім -, дейді Ғабиден Жәкей.
Ал белгілі түрколог ғалым Махмұт Құлмантегі:
Абайды қазақ ақындығы сазгерлігі, пәласапалық қарасөздері, аудармасы мен ағартушы ретінде танитыны кәміл. Алайда Абайдың дінтанушы, қазақ өнерін танушы, сол заманның заң законын жақсы білгендіктен заңгер ретінде талай қазаққа көмегі тигенін екінің бірі біле бермейді. Рас Мұхтарды танытқан Абай болса Абайды танытқан Мұхтар, бұл ретте біз заңғар жазушымыздың романы арқылы қанша қырын аша түстік көре білдік,-деп атап өтті.
Үшінші болып сөз кезегін алған мәдениетанушы, француз тілінің маманы СДУ аға оқытушысы Гүлмира Асылбекқызының кішігірім жасап келген слайды мен дәрісі көпшіліктің қызығушылығын артырып жіберді.
Абайдың 175 жылдығына орай (2020 жылы) Қазақстан үкіметі мен халықаралық ұйымдардың қолдауымен оның шығармалары көптеген тілге ресми түрде аударылып, әлем елдерінде таратылды. Бүгінде алпыстан астам тілге аударылған-, дейді.
Журналистер Марат Сәбдікен мен Назым Дүтбайда өз ойларын ортаға салса бүгінгі шараға белсене қатысып отырған жастар да Абай туралы сұрақтарын қойып, тұщымды жауапқа разы болысты.
Жиын соңында жиналған көпшілік әсересе жастар жағы Абайдың жаңа қырын танығандарын айтып, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясына осындай іс шара өткізгені үшін алғыстарын білдірді.
Өз кезегінде ЖСДП Алматы қаласы бойынша өкілі Аида Кожмамбетова болса жиынға келгендерге алғыс айтып, бұндай іс шаралар алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.