Алматы тұрғыны айналасын жасыл желекке айналдырып, әкімдіктің қолдауына ие болды

Жарбол Кентұлы 25 нояб. 2024 20:14 207

Алматыдағы азық-түлік дүкенінің иесі Юсуф Гусейнов 12 жыл бойы өз бизнесінің айналасын жасыл желекке малындырып, айналасын әсем баққа айналдырып келеді. Қалаға деген сүйіспеншіліктен шабыттанып, ол дүкен ғимаратының артындағы қараусыз қалған жерді гүлденген оазиске айналдырып, туя ағашын, раушан гүлін отырғызуды әдетке айналдырған, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматы қала әкімдігі Юсуф мырзаның «Тұратын, жұмыс істейтін жеріңді құрметте әрі бағала» деген бастамасына қолдау білдірді.

Бүгін «Таза Қазақстан» бағдарламасының арқасында 2 мыңға жуық алматылық кәсіпкер көршілес аумақтарды күтіп ұстау бойынша міндеттемелерді өз мойнына алып, абаттандыру паспорттарына қол қойды.

Алматыда абаттандыру нысандарын паспорттау 6 мыңнан астам нысанды қамтиды және 2025 жылдың сәуір айында аяқталады. Бұл процесс үш кезеңнен тұрады және магистральдық көшелер мен қалалық және аудандық маңызы бар көшелердегі объектілерге әсер етеді.

Осылайша Юсуф Гусейновтің өмірлік ұстанымы мыңдаған алматылыққа өмірлік сабақ болуда.   

– Ғимараттың артында қоқыс контейнерлері орналасқан қараусыз қалған аумақ болатын. Сол жерде үлкен шұңқыр бар еді. Контейнерлерді алып тастады, содан кейін мен топырақ тасып, аумақты тегістеп, көшеттер мен гүлдерді еге бастадым, – дейді Юсуф Гусейнов.

Сонымен қатар, ол шеңбер бойымен арша мен раушан гүлдерін отырғызып, аумақты гүлмен көмкергенін де айта кетуіміз керек. Бірнеше жыл бұрын Юсуф мырза жол бойындағы газонмен айналысуды бастады, ал аудандық әкімдік қураған ағаштарды алып тастады.

– Әкем әрқашан мені тұрған және жұмыс істейтін жеріңде тәртіп пен сұлулық болуы керек деп үйрететін. Адамдар айнала таза және ұқыпты болғанда, өздерін жақсы сезінеді, – дейді Юсуфтің ұлы Ельнұр Гусейнов.

Бүгінде Алматыда нысандарды паспорттау үш кезеңге бөлініп іске асуда.  Жақында басталған бірінші кезеңде магистральді көшелердегі 1,5 мыңнан астам нысан қамтылды. Екінші кезеңде қалалық маңызы бар көшелердегі нысандар паспортталмақшы, ал үшінші кезеңде аудандық маңызы бар көшелердегі нысандар абаттандыру паспорттарына ие болады.

Бұған дейін Алматыда республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы мен қалалық «Алматы – біздің ортақ үйіміз» жобасы аясында экологиялық жағдайды жақсарту мен мегаполисті көгалдандыруға бағытталған ауқымды экоакция өткен болатын. «Жарқын күз» деп аталатын бұл науқанға қаладағы барлық 8 ауданның тұрғындары белсенді қатысып, көшелерді тазалау және ағаш отырғызу жұмыстарын жүргізді.


Рекомендовать
Последние новости