1 маусым күні Алматы қаласында балалардың күлкісі мен шығармашылығы қала кеңістігін толтырды. Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған «BALAFEST. JARYQ SKILL FEST» фестивалі биыл да ерекше форматта өтті. Шараға 5 мыңнан астам бала қатысты, орын ретінде Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлова атындағы саябақ таңдалыпты – шындығында, мұндай мағыналы күнге дәл осы алаң лайық секілді.
Фестивальдің мазмұны қарапайым концерттен әлдеқайда кеңірек болды. Мұнда баланың ішкі әлеуетін ояту, кәсіби бағыт беру, өнер мен технологияны тоғыстыру идеясы тұрды. Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды да арнайы келіп, балалармен сөйлесті. Әкімнің айтуынша, Алматы – жай ғана инфрақұрылымы дамыған қала емес, баланың арманына сенуге үйрететін орта болуы керек. Қала басшылығы осы бағытта нақты қадамдар жасап жатқанын да атап өтті.
Фестиваль бес түрлі бекеттен тұрды: Jastar – технология мен инновацияны, Arman – арман мен қиял әлемін, Rukh – руханият пен тарихты, Yntalyq – өнер мен шығармашылықты, ал Qabilet – кәсіби бағыт-бағдар мен мамандықтармен танысуды қамтыды. Әр бекетте балалар ойын арқылы білім алып, түрлі салалармен еркін танысты. Бұл – edutainment тәсілінің тиімді үлгісі. Яғни, ойын мен оқытудың тоғысуы.
Фестиваль аясындағы Qabilet бекеті көптің назарын аударды. Жұмысшы мамандықтар жылына орай ашылған бұл алаңда балалар темір ұстасының құралын ұстап көріп, құрылыс материалдарымен жұмыс жасап, нақты кәсіпті шынайы тәжірибе арқылы сезінді. Бұл – тек кәсіпке бағыт беру емес, еңбектің қадірін ерте ұғынуға сеп болар маңызды әдіс. Мұндай қолмен жасау тәжірибесі көп баланың болашақтағы кәсіби бағытына әсер етуі мүмкін.
Сонымен қатар, қаладағы Оқушылар сарайы, музыка мектептері, шығармашылық орталықтардан келген оқушылар өз өнерін ортаға салды. Олардың қолымен жасалған бұйымдар мен көркемдік перфоманстары көрерменге рух сыйлады. Мұнда ешқандай сахналық жылтырлық емес, шынайы шығармашылық тұрды. Балалардың өз идеясы, өз қолы, өз мақсаты көрініп тұрды.
Алматы әкімдігі фестиваль аясында білім беруге қатысты нақты мәліметтер де ұсынды. Қазір қаладағы 216 мектепте 309 мыңнан астам бала оқиды, соның 224 мыңы қосымша біліммен қамтылған. Қосымша білім беру бойынша 19 мемлекеттік ұйым мен 122 жекеменшік орталық жұмыс істеп тұр. Бұл – Алматының баланың жан-жақты дамуына ерекше назар аударып отырғанын білдіреді.
2025 жылға жоспарланған бюджет көлемі де осыған дәлел: мемлекеттік ұйымдарға 8,6 млрд теңге, жекеменшік орталықтарға 3,1 млрд теңге бөлінеді. Бұл қаражат 11 мыңнан астам баланы ғылыми, экологиялық, шығармашылық, спорттық және тілдік бағыттармен қамтуға мүмкіндік береді. Мұндай жүйелі тәсіл – қаланың ұзақмерзімді балалар саясатының нақты көрінісі.
Айта кету керек, «BALAFEST» фестивалі алғаш рет 2022 жылы Мемлекет басшысының қатысуымен өткен болатын. Сол уақыттан бері бұл шара Алматы үшін дәстүрге айналды. Баланың тек мерекесі ғана емес, оның әлеуетін көруге, бағыт-бағдар беруге арналған алаң ретінде қалыптасты. Биылғы формат – соның логикалық жалғасы.
Фестиваль – сахнадағы шоу емес, баланың ішкі әлеміне терең үңілу, олардың еркін ойлауына мүмкіндік беру, шығармашылығына дем беру. Алматыда өткен BALA FEST осы талаптың бәрін қамтыған іс-шара болды.