Алматы облысының «Үздік мәдениет қызметкерлері» анықталды

Dalanews 23 мая 2019 04:52 1353

Талдықорған қаласында Бикен Римова атындағы драма театрда  Мәдениет және өнер саласы қызметкерлер күні аталып өтті. Өңірдің мәдениет майталмандары мен сахна саңлақтары басқосқан мерекеде Жетісу антологиясының тұсаукесер рәсімі өтті.

Жиында сөз алған облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы театр, өнер ұжымдары, музей, архив пен кітапхана саласының қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, өңірдің мәдениетінің өркендеуіне үлес қосқан 50-ден аса қызметкерді марапаттады.

– «Өнер – ұлттың жаны» дейді халық даналығы. Кез келген ел өнерімен, мәдениетімен танылып, бағаланатыны анық. Сіздер арқылы халқымыздың мәдениеті мен өнері әлемге танылады. Мәңгілік елімізге жарқын болашақ, жетісулық өнерпаздарға шығармашылық жолда толағай табыс, еңбектеріңізге жеміс тілеймін, – деп өнердің өркен жайып, қоғамның ажырамас бөлігіне айналуы үшін барынша жағдай жасалып отырғандығын атап өтті.

Жалпы, Алматы облысында 556 мәдениет, мұрағат мекемесі, 88 «Халықтық», «Үлгілі» атағы бар ұжым, 1406 көркемөнерпаздар үйірмесі бар. Сондай-ақ 3214 қызметкер ұлт руханияты мен мәдениеті жолында еңбек етуде.

«Үздік мәдениет қызметкері» номинациясы бойынша облыстың аудан, қалаларынан 20 қызметкер марапатталды. Олардың арасында әртістер, ауылдық клубтардың, мәдениет үйлерінің, кітапханалардың, шығармашылық орталықтардың, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің қызметкерлері бар. Әрбір жеңімпазға диплом мен 100 мың теңгенің сертификаты берілді.

Сондай-ақ  9 номинация – «Халықтық, үлгілі атағы бар үздік ұжым», «Үздік театр әртісі», «Үздік мәдениет үйі», «Үздік кітапхана», «Үздік музей», «Үздік әнші», «Үздік аспапшы», «Үздік биші», «Үздік облыстық мәдениет мекемесі» аталымдары бойынша да топ жарғандар анықталды. Атап айтқанда, «Үздік облыстық мәдениет мекемесі» номинациясын ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейі жеңіп алды, музейге жүлде сыйы ретінде «Лада Гранта» автокөлігінің кілті тапсырылды. «Үздік биші» – Іле ауданының «Сармат» би ансамблінің жетекшісі Асхат Жамансариев, «Үздік аспапшы» – Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның аспапшысы Айбол Құдайберген, «Үздік әнші» – Кербұлақ ауданы Күреңбел фольклорлық-этнографиялық ән-би ансамблінің әншісі Азамат Үмбетовке берілді. Жеңімпаздарға арнайы статуэтка, диплом және 100 мың теңге ақшалай сыйлық берілді.

Сонымен қатар шара барысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында  жарық көрген «Жетісу өңірінің халық және халық композиторлары әндерінің антологиясы» жинағының тұсауы кесілді.

Кітап  қазақ халқының ғұрыптық әндері, халық әндері және халық композиторларының әндері атты 3 бөлімнен тұрады. Жинаққа жалпы саны 250-ге жуық ән кірген. Оқулықтың тағы бір ерекшелігі –жинаққа енген барлық әндер арнайы CD-дискілерге жазылып, кітапқа қоса тіркелген.

«Жетісу өңірінің халық және халық композиторлары әндерінің антологиясы» кітабын басып шығаруға жергілікті бюджеттен 5 млн теңге бөлінген. Оның тиражын 150 дана шығару жоспарланып отыр.

Еске салайық, былтыр «Жетісу кітапханасы» 100 томдығы сериясының аясында 20 автордың кітабы жарыққа шықса, биылғы жылы 40 кітап басылады деп жоспарланған. Оның ішінде  20 дана кітап жас ақындардың жинағы және «Мәдени ескерткіштер энциклопедиясы» 2 томдық кітабы да бар.



Балжан ЖҰМАНБЕКОВА

Рекомендовать
Последние новости