Алматы облысы Жалпақсай ауылында питбуль иттердің шабуылынан зардап шеккен 11 жастағы Максим Головачевтің отбасы баспаналы болды. Жаңа үйді оларға “Asar-Ume” қайырымдылық қоры сыйға тартты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қор жетекшісі Асхат Нұрмашевтің айтуынша, Максимнің отбасы он жылдан астам уақыт бойы жалдамалы пәтерлерде тұрып келген. Қайғылы оқиғадан кейін балаға жергілікті әкімдік, еріктілер мен қайырымдылық қоры қолдау көрсетіп, кейіннен отбасының қор талаптарына сай келетіні анықталған соң, баспана беру туралы шешім қабылданған.
"Жаңа үйдің аумағы — 83 шаршы метр. Ол отбасы бұрын тұрған шағын үйдің дәл жанында орналасқан. Қоныс тойын ұйымдастыруға Алмалыбақ және Жалпақсай ауылдарының тұрғындары, сондай-ақ Максим оқитын Алмалыбақ орта мектеп-гимназиясының ұжымыбелсене атсалысты", — деді Нұрмашев.
Қазіргі таңда Максим ем алып жатыр. Дәрігерлер оның жақын күндері ауруханадан шығып, үйіне оралуы мүмкін екенін хабарлады.