Алматы облысында туризм әлеуеті қарқынды дамып келеді. Бұған облыстық туризм басқармасының ұйымдастыруымен өткен ақпараттық тур барысында БАҚ өкілдері куә болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сапар барысында қатысушылар өңірдің негізгі туристік нысандарын аралап, ASP Arena көпфункционалды кешені, “Көшпенділер қалашығы” этномәдени орталығы және Шонжыдағы демалыс аймақтарының инфрақұрылымымен танысып қайтты.

ASP Arena кешені
Турдың алғашқы бағыты Қонаев қаласында орналасқан, халықаралық деңгейдегі спорттық жарыстар мен бұқаралық іс-шараларға арналған ASP Arena кешенінен басталды.
ASP Club арт-директорының айтуынша, кешен аумағында қонақүй, мейрамхана, картинг, такси қызметі, киберзона және демалыс алаңдары бар. Қазір мұнда Орта Азиядағы ең үлкен мұз айдыны салынып жатыр.

“Жоба заманауи жабдықтармен жабдықталған. Бір сеанс кезінде шамамен 40 мыңға дейін келушіні қабылдай аламыз. Компания еншісінде әртүрлі өлшемдегі 5 мың жұп жаңа коньки бар”, - дейді Наталья.
Көшпенділер қалашығы

Келесі маңызды бағыттарының бірі 2004 жылы салынған, танымал фильмдер түсірілген тарихи-этномәдени кешен “Көшпенділер қалашығы” болды. Мұнда “Мың бала”, “Көшпенділер”, “Томирис” сияқты туындылар түсірілген.
Алматы облысы туризм басқармасының өкілі Фариза Серікбайқызының айтуынша, нысан бүгінде туристік орталыққа айналып келеді.
“Облыс әкімдігінің қолдауымен жаңа жол салынып, жарықтандыру жүйесі жүргізілді. Туристерді көбірек тарту үшін алдағы уақытта кешен толық жөндеуден өтеді”, - дейді ол.

Сөзінше, локация этнотуризм, кинотуризм және мәдени туризм бағытында жоғары әлеуетке ие.
“Көшпенділер қаласы Іле өзенінің бойында орналасқан және болашақта толыққанды туристік кешенге айналады. Нысан жеке меншік иесінің қарауында, реконструкция да жеке кәсіпкердің қатысуымен жүзеге асады. Түсірілімдер арнайы рұқсат арқылы ғана жүргізіледі”, — деп қосты ол.
Шонжыдағы демалыс аймақтары

Ақпараттық тур барысында қатысушылар Шонжы өңіріндегі сауықтыру-туризм кластерімен де танысты. Бұл бағыт термалды бұлақтарға негізделген демалыс және wellness-туризм нысандарымен ерекшеленеді.

Мәселен, қатысушылар аялдаған All Seasons демалыс кешені жыл сайын 30-35 мыңға дейін турист қабылдайды. Нөмірлерінің бағасы 50 мың теңгеден басталады. Мұнда демалыс пен сауықтыруға арналған инфрақұрылым жолға қойылған.

Сонымен қатар қатысушылар ECO Park демалыс аймағының жұмысымен де танысты. Кешен бір күнде 200-ге дейін турист қабылдай алады. Мұнда да қонақүй бағасы 50 мың теңгеден басталады. Сонымен қатар 3 мейрамхана, spa аймақтары мен массаж қызметі бар.
“Биыл қонақүйде жөндеу жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп жатыр. Яғни, сумен жабдықтау жүйесі мен техникалық құралдар жаңарды. Кейбір бөлмелер жөндеуде болғанымен, қызмет көрсету жалғасып жатыр”, – делі ECOpark орталығының басшылығы.

Айтуларынша, ақпан айынан бастап нысан мемлекет қарауына беріліп, халықаралық деңгейдегі туристік жоба ретінде қарастырылмақ. Бұл мүмкіндік Қазақстан Республикасының әрбір азаматына, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға, қарттарға және зейнеткерлерге арналған. Қонақүйде ұсынылатын барлық емдік және демалыс қызметтері мемлекеттік тапсырыс арқылы тегін ұсынылады.
“Бағыт бойынша бес рет тамақтану, минералды су пайдалану және арнайы емдік бағдарламалар бар. Болашақта атқа міну мүмкіндігін де ұсынамыз. Біз ECOpark-ты халықаралық деңгейдегі курортқа айналдыруды мақсат етіп отырмыз”, – дейді басшылық.

Келесі нүкте FourSeasons қонақ үйі болды. Бұл демалыс нысаны да Қазақстандағы туристік бағытты дамытуда маңызды рөл атқарып отыр. Яғни, шетелдік және қазақстандық туристерге заманауи қызмет көрсете алады.
Сондай-ақ қатысушылардың Nammu Resort демалыс аймағына да жолдары түсті. Нысан басшысы Темірғали Есеннің айтуынша, қонақүйдің ашылғанына небәрі 3 ай болған.

“Демалыс орнымызды заманауи технологиялармен, шетелдік стандарттарға сай етіп жасадық”, – дейді ол.
Сөзінше, қазіргі таңда Nammu Resort-та жүзге жуық қызметкер жұмыс істейді. Қонақүйде 12 түрлі жабық бассейн мен моншалар бар.

“Бір күнде 120-ға жуық адамды қабылдай аламыз. Үш айдың ішінде демалыс аймағы 2 мыңнан астам қонақты қабылдады”, — дейді ол.
Темірғали Есен демалыс орнына шетелдік қонақтар да белсенді түрде ат басын бұрып жатқанын атап өтті.
“Қазіргі уақытта индонезиялық туристер қонақүйде демалып жатыр. Сондай-ақ қырғызстандық және ресейлік туристер де жиі келеді”, — деді ол.
Логистика
Экскурсия барысында қатысушылар Шонжы автостанциясының жұмысымен де танысты. Автовокзал басшысы Сауытжан Ерболдың айтуынша, нысанға 2025 жылдың сәуірінен бастап дайындық жұмыстары жүргізілген.

“Инфрақұрылымы толық дайын. Жолаушыларға арналған демалу, тамақтану, медициналық көмек көрсету және туристік қызмет көрсету орындары бар. 2026 жылдан бастап негізгі туристік бағыттар жұмыс істейді. Алматыдан Құлжаға, Дулатыға және Шонжы арқылы өтетін бағыттар бойынша туристік тасымалдау қосылған. Қызмет сапасын арттыру үшін автобустар мен жеңіл көліктерді дайындадық”, — дейді ол.
Сөзінше, автовокзал туристердің шекарадан өтуін жылдамдату үшін арнайы бағдарламаларды енгізіп жатыр. Қазіргі таңда компанияда 20-ға жуық қызметкер жұмыс істейді. Автовокзалдың құрылыс және техника жабдықтары жергілікті әкімдік пен облыстық спорт және туризм басқармасының қолдауымен іске асырылған.

Қорытындылай келе, аталған ақпараттық тур барысында қатысушылар өңірдің туристік әлеуетімен танысып қана қоймай, жаңа жобалардың жолға қойылғанына көз жеткізді.
