Алматы облысында микронесиелеу қарқын жүруде

Dalanews 05 авг. 2016 09:33 1006

«Атамекен» Ұлттық палатасының жаңа микронесиелеу бағдарламасы Алматы облысында қарқын алып келеді.

Қазіргі таңда Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қорына жалпы сомасы 610 млн 385 мың теңге болатын 124 жоба келіп түскен. Кәсіпкерлер палатасының несие комитеті қазірдің өзінде 90 өтінімді қарап, оларды мақұлдап қойған.

«Комитет мүшелері жалпы сомасы 314 млн 600 мың теңгелік жобаларды мақұлдап отыр. Бүгінде кәсіпкерлерге 87 млн теңгеден астам сома берілді. Несиені Ақсу, Ескелді, Кербұлақ және Талғар аудандарындағы кәсіпкерлік субъектілері алды.

Өзге аудандардың аграрийлері де ақшаның бөлінуін күтіп отыр», – дейді Несие комитетінің хатшысы, жобаларды қолдау бөлімінің басшысы Ерлан Датқаев.

Талғар ауданы кәсіпкерлері көптен күткен несиелерін бірінші болып алғандар қатарында. Шаруа қожалығының басшысы Унчан Нурахуноваға өткен айда тамшылап суаруды қолға алу үшін 6 млн теңгелік несие мақұлданған.

Талапты кәсіпкер бірнеше жыл бойы алма өсірумен айналысады және несиені де бірінші рет алып тұрған жоқ. Бұл қаражатқа Унчан Нурахунова қожалығын кеңейтпекші. Келесі жылы кәсіпкер алма бақтарын көбейтуді көздеп отыр.

Ерболат Досанов – микронесиелеу бағдарламасының тағы бір қатысушысы. АШҚҚҚ оған 2,7 млн теңгеге тең несие бермек. Кәсіпкер бұл ақшаны жаңа техника мен тұқымдар сатып алуға жұмсамақшы.

Ал Еркін Аққазы болса, несиенің берілуін күтіп жүр. «Әсет» шаруа қожалығының басшысы несиелеу шарттарымен келіскен және ҰКП тарапынан қолдау жалғасын табады деп үміттеніп отыр.

«Ауыл кәсіпкерлері үшін микронесиелеу дамуға берілген жаңа мүмкіндікке айналып отыр. Өкінішке қарай, қазір кез-келген кәсіпкердің банктен несие алуға мүмкіндігі болмай жатады. Несиелеудің тиімді шарттарының арқасында бізге бірінші рет 6 млн теңгелік несие беру мақұлданды. Бұл ақшаға ауданда мал шаруашылығын дамытпақ ниеттемін», – дейді аграрий.

Еске салсақ, «Атамекен» ҰКП мен Алматы облысы әкімдігі шағын бизнес субъектілеріне арнап 600 млн теңге бөліп отыр. Өңірдегі несиелеу операторы – «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ (АШҚҚҚ).

Dalanews 

Рекомендовать
Последние новости