Алматы облысында жаңа емхана бой көтерді

Dalanews 05 окт. 2020 12:39 835



 Ел Президенті Қасым- Жомарт Тоқаев өзінің халыққа жолдауында жаһанды жайлаған індетпен күреске әлі екі жыл керек екенін атап өткен еді.

Қарусыз майданға ұласқан бұл күресте медицина саласының қауқары сыналатыны анық.

Осы тұста, Алматы облысындағы барлық медицина ұйымдары сақадай сай екенін айтып өткен жөн.

Оған, бүгін есігі ашылған 200 орынға лайықталған модульді жұқпалы аурулар ауруханасы дәлел.

Жауаптылардың сөзіне сенсек, жаңа емдеу мекемесі кеселдің екінші толқынын еңсеруге қауқарлы.

Ғимараттың жалпы ауданы - 6,8 мың шаршы метрді алып жатыр.

Нысан әкімшілік бөлігі бар медициналық блоктан, қабылдау-диагностикалық бөлімшеден, операциялық блогы бар реанимациядан тұрады. Аурухана құрамында операциялық және перзентхана залдары бар.

 Аурухана инфекциялық бақылаудың барлық стандарттарына сәйкес келеді. Жаңа емхана да  "Ақылды аурухана" жүйесі бар, ол әрбір пациенттің денсаулық жағдайын медициналық персоналмен тәулік бойы бейнемониторлауды қамтиды. Әрбір палатада шұғыл медициналық көмек көрсету үшін оттегіні қосу нүктелері қарастырылған. Болашақта ауруханада әртүрлі жұқпалы аурулары бар науқастар емделеді.

 Мекеме іші қажетті диагностикалық және зертханалық жабдықтармен жабдықталған, персоналға арналған үй-жайлар, зертханалар, компьютерлік томографқа, рентген аппаратына, эндоскопиялық жабдыққа, УДЗ және электрокардиографқа арналған жеке кабинеттерде қарастырылған.



 «Аурухана 55 күнде салынған. Келесі жылы тағы да жаңа ауруханалар салуды жоспарлап отырмыз және жаңа кадрларды тартатын боламыз. Осыған байланысты мамандар үшін 60 пәтерлі медициналық үй саламыз. Келген жас мамандарға барлық жағдайды жасаймыз. Бүгінгі таңда коттедж қалашығында тартылған жас медицина қызметкерлері үшін 47 коттедж бөлеміз. Заманауи жабдықтар мен мамандандырылған дәрігерлердің арқасында біз адамдарды емдейміз деп ойлаймыз», – деді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.

Жалпы алғанда облыста COVID-19 дертіне қарсы тұру үшін қажетті құрылғылар мен дәрі- дәрмек сатып алынуда.

 Айта кету керек, облыс емханаларындағы орынның басым көпшілігі босаған. Оған себеп, науқастар санының төмендеуі.

Мәселен, облыста стационарлар жүктемесінің азаюына байланысты инфекциялық төсектер саны 135-тен 115-ке дейін және 2-ші деңгейдегі орын  603-тен 571-ге дейін қысқарған.

Бірақ, соған қарамастан, облыста коронавирустық инфекцияға күдікті пациенттер үшін 84 реанимациялық төсек-орын дайындалған. Сондай-ақ, өңірдегі ауруханалар барлық қажетті құрылғылармен жабдықталған. Қазіргі уақытта емханаларда 304 өкпені жасанды желдету аппараты орнатылған. Оның 77-сі жергілікті бюджет есебінен алынған. Республикалық қазынадан тағы 119 құрылғы жеткізіледі деп күтілуде.



Сонымен қатар, жергілікті бюджет есебінен қосымша 100 керекті қондырғыларды алу мақсатында 1 млрд. 250 млн. теңге бөлінген.

 Айта кетейік, медициналық ұйымдарда 973 оттегі концентраторы бар, оның 100 бірлігі жергілікті бюджет қаражаты есебінен 83,4 млн.теңгеге сатып алынды.

Жергілікті бюджеттен медициналық ұйымдардың жанынан оттегі станцияларын орнатуға  818,2 млн.теңге және 15 рентген аппаратын сатып алуға 375 млн. теңге бөлінбек.

Оттегі станциялары Талдықорған қаласындағы облыстық емдеу орнына, Талғар, Алакөл, Іле, Панфилов, Жамбыл, Сарқан, Кеген аудандарының орталық емханаға, Есік қаласындағы Еңбекшіқазақ өңіраралық көпбейінді медициналық мекемесіне, Қарасай ауданының Шамалған ауылындағы ауылдық ауруханаларына  орналастырылады.  

Аймаққа керекті дәрі-дәрмекті жеткізу үшін республикадан 551,3 млн.теңге қарастырылған. Оның 20 млн. теңгесіне алдағы таңда 39 атаулы вирусқа қарсы препараттар алып келінбек.

Қазіргі кезде, облыста дәрі тапшылығы байқалмайды. Жұқпалы аурулар және провизорлық емдеу орындарында 215 150 дене қызуын түсіретін, 45 535 вирусқа қарсы препараттар, және де 255 157 антибиотиктер бар.

Естеріңізге саламыз, өңірде 8 ПТР-зертханасы жұмыс істейді, Облыстың ветеринариялық қызметінің ПТР-зертханаларының әлеуетін тарту есебінен тестілеу көлемі тәулігіне 3 мыңға дейін ұлғайтылатын болады дейді мамандар.

Анар САБЫРОВА


 

 

 

Рекомендовать
Последние новости