Алматы облысында 590 түлек «Алтын белгі» иегері атанды

Dalanews 14 июн. 2017 17:09 954

Талдықорған қаласындағы «Жастар» саябағында облыс бойынша 590 оқушы «Алтын белгі» белгісіне ие болды. Алматы облысының үздік оқушыларын облыс әкімі Амандық Баталов құттықтап, олардың әрқайсысына "Алтын белгіні" өз қолымен табыстады.

Мектеп түлектерін құттықтаған Амандық Баталов оқушылар өздерінің талапшылдығы мен ізденімпаздығының арқасында өмір бойына азық болар ең құнды байлық  білімін толықтырып, бүгін жетістіктер жолына қадам басып отырғанын айтты. Бұл орайда ата-аналар мен мұғалімдердің еңбегін де атап өтті.



– Сіздер әлемге Тәуелсіз Қазақстан деп танылған мемлекетте туып-өсу, ел дамуымен бірге білім алу бақыты бұйырған ұрпақсыздар. Бұл сіздерге мақтанышпен қатар зор міндеттер жүктейді, – деп атап өтті облыс әкімі. Бұдан соң өңір басшысы сөзін әрі сабақтап: – Бүгінгі күні өскелең ұрпақтың терең білім мен тәлімді тәрбие алуына бүкіл елдегідей өңірімізде қолайлы жағдай жасалып отыр. Соған сәйкес ардақты ұстаздардан алған сапалы білім мен саналы тәрбие арқасында, ел сенімін ақтап, қасиетті Отанымыздың нағыз патриоттары болатындарыңызға сенемін. Адамзат баласы өмір бойы білім алады.  Өйткені, білім – таусылмас қазына, баға жетпес байлық. Сіздерден жаңалыққа жаны құмар, әлем өркениетіне жақын, озық ойлы жастар ретінде үлкен үміт күтеміз. Сапарларыңыз сәтті болсын! – дей келе, А. Баталов түлектерді марапаттау рәсіміне көшті. Үздіктердің кеудесіне «Алтын белгі» тағып, планшеттер сыйға тартты.

Салтанатты шарада облыстың үздік оқушыларының атынан Талдықорған қаласындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған №20 мектеп лицейінің түлегі Асылжан Балатұрсынов пен Іле ауданындағы М. Мақатаев атындағы № 13 мектептің түлегі Аружан Төлебекова сөйледі. Көрсетілген қолдауларға алғыстарын айта отырып, өздеріне артылып отырған сенімнің үдесінен шығатындарына сенідірген түлектер елдің иглігі үшін білім алып, еңбек етуге сөз берді.



Бітірушілер үшін эстрада әншілері өнер көрсетіп, «Білім шарлары» ұшырылды. Әдемі кеш концерттік бағдарламамен қорытындыланды.

Жалпы Алматы облысында 14 268  түлек мектеп бітіріп, соның 590-ы «Алтын белгі» төсбелгісіне, 528 түлек үздік аттестатқа ие болды.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости