Алматы облысында 31 адамның ата-аналық құқықтарына шектеу қойылған

Dalanews 08 окт. 2020 12:20 877

Кәмелетке толмаған жастар арасындағы құқық бұзушылықтың барын жасырын емес. Алматы облысы бойынша биылғы жылы 429 мың 141 оқушы білім алса, соның ішінде құқық бұзушылыққа бейім 354 кәмелетке толмаған балалардың бары анықталған.

Қазіргі кезде ювеналдық полиция инспекторлары оларды бақылауға алып, әрқайсысымен жеке алдын алу жұмыстары жүргізілуде.

Осы мақсатта 182 мектеп инспекторы 760 орта білім беру мекемесімен бірлесе қызмет атқаруда. Сондай-ақ, 596 «Полицияның жас көмекшілері» жасақтары құрылған.

Биылғы көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда әлде қайда төмен екен. Дегенмен, сандарды сөйлетсек қауіптің беті сейілмегенін аңғаруға болады. Ағымдағы жылы 9 айдың ішінде кәмелетке толмағандармен жасалынған 110 қылмыстық әрекеттер тіркелген. Полиция подполковнигі, ювеналды полиция бөлімінің бастығы Медет Құнанбаевтың айтуынша кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 66 жасөспірім жеткізілген. Аз көрсеткіш емес екені  анық. Қайтпек керек?

Жастар тәрбиесі қашанда нысанаға алынған мәселенің бірі. Бұл тұста жалпы білім беру ұйымдарында тәрбие жұмысы профилактикалық іс-шаралар негізінде жүйелі түрде жүргізілетінін атап өткен жөн.

Білім ошақтарында  «Құқық бұзушылықтың алдын алу кеңестері», «Қыздар», «Ұлдар» ұйымдарының отырыстары айына бір рет өткізіліп, тәрбиеге қатысты өзекті мәселелер талқыланып отырады.

Сонымен қатар, ювеналды полиция бөлімі мен білім беру ұйымдары  кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау комиссияларымен тығыз байланыста қызмет атқарады.

– Ағымдағы жылы комиссиялардың қарауына 279 іс-құжат жолданды, оның ішінде ата-аналық құқығынан айыру бойынша – 48, ата-аналық құқықтарына шектеу қою – 31, жасөпірімдермен жасалған қылмыстар бойынша – 42, әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша – 127, жасөспірімдерді ерекше режимдегі білім беру мекемелеріне жолдауға – 4 және девианттық мінез-құлықты балаларға арнайы білім беру ұйымына жасөспірімді жолдауға – 13 іс-құжат жолданған, – дейді Медет Құнанбаев.

Жасөспірімдерге қатысты жасалатын қылмыстардың алдын алу мақсатында Полиция департаментінің қалалық, аудандық бөлімдерімен ұдайы негізде рейдтік шаралар өткізіліп, құқық бұзушыларға заңда көзделген шаралар қабылдануда.

Бұл Атазаң аясында атқарылған жұмыстардың бір көрінісі. Түбіне бойласақ жастардың жағымсыз іске барып, шалыс басуына тоқтау салу қоғам ісі. Бір ғана мекеменің мойнына ұлттың ұландарының келешегін арта салу енжар елге ғана  тән әрекет. Жауапкерлішік баршаға тең. Бір ұл ортаны, бір қыз ұлтты тәрбиелеуші құрал екенін есте сақтайық.

 Анар САБЫРОВА, Алматы облысы.

Рекомендовать
Последние новости