Алматы облысында 260 адам бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін қайтарымсыз мемлекеттік грантқа ие болды

Қуаныш Ермекова 29 февр. 2024 21:18 2127

Қоғамның әр мүшесінің жұмыспен қамтамасыз етілуі – Президент айтқан «масылдыққа» жол бермеудегі негізгі күш. Ел азаматтары әр салада нағыз еңбек адамы болған кезде Қазақстанның да экономикасы, әл-ауқаты бәсекеге қабілетті бола түседі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы Үкіметтің алдына маңызды міндет қойып, халықтың әл-ауқатын көтеру басты мақсат екенін, соған орай жұмыспен қамту мәселесі бірінші кезекте тұруы қажет екенін мәлімдеген болатын. Сондықтан халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын іске асыру тапсырылды. Ал бұл бағдарламаның негізгі мақсаты – халықты жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу, тұрмыс деңгейін, табысты көтеру. Бұл шара Қазақстанның әр өңірінде белсенді түрде қолға алынып, түрлі жұмыстар атқарылып жатыр. Осы орайда Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Алматы облысы бойынша еңбек мобильдігі орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Абылай Жұмабекұлы Зуайдамен сұхбаттасып, өңірде бұл бағытта қандай жұмыстар қалай қолға алынғанын сұрадық.

 

– Кейінгі жылдары өңірде қанша азамат жұмыспен қамтылды? Нақты статистика келтіре аласыз ба? Сонымен қатар, көбіне қай бағдарламалар арқылы азаматтар жұмыспен қамтамасыз етіліп отыр?

– Бүгінгі таңда «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» бағдарламасы бойынша Алматы облысында 13039 азамат өтініш білдірді, оның ішінде 10064 азамат жұмыссыз ретінде тіркелген болатын.

2024 жылдың басынан бастап жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары нәтижесінде 12063 адамды жұмыспен қамту жоспарланған, соның ішінде қоғамдық жұмыстарға 8342 адамды, әлеуметтік жұмыс орындарына 598 адамды, «Күміс жас» жобасына 1500 адамды, «Алғашқы жұмыс орны» жобасына 575 адамды, «Ұрпақтар келісімшарт» жобасына 40 адамды, «Жастар практикасы» жобасына 1008 жұмыссыз азаматты тарту жоспарланды.

– Биыл жыл басынан бергі көрсеткіш қандай? Бұл тұста да нақты статистика келтіре аласыз ба?

– Жыл басынан бері жұмыспен қамту шаралары арқылы 2671 азамат қамтылды, оның ішінде қоғамдық жұмыстарға 2 079, әлеуметтік жұмыс орындарына 167, «Күміс жас» жобасына 253, «Алғашқы жұмыс орны» жобасына 75, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына 40, «Жастар практикасы» жобасына 97 адам тартылды.

– Бүгінде жастар арасында да жұмыссыздық белең алып бара жатқаны шындық. Өйткені дипломын іс жүзінде пайдаланбайтындар да бар. Осы тұста өңірде жастарды жұмыспен қамту мәселесі қалай шешіліп жатыр?

– Қазіргі таңда 1385 жас азамат жұмыспен қамтылды. Оның ішінде521 азамат тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды, жұмыспен қамту шаралары арқылы қоғамдық жұмыстарға 486, «Жастар практикасы» жобасына 96, әлеуметтік жұмыс орындарына 32, «Алғашқы жұмыс орны» жобасына 73, «Бастау бизнес» жобасына 177 жас қамтылды.

– Мүмкіндігі шектеулі адамдарға қатысты жұмыспен қамту статистикасы қандай? Қанша адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр?

– Мүмкіндігі шектеулі адамдарға тоқталсақ, олардың арасынан 186 жұмыссыз азамат қамтылды, олардың 39-ы тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылды.

Ал 121-і қоғамдық жұмыстарға, екеуі жастар практикасына, біреуі «Алғашқы жұмыс орны» жобасына, алтауы «Күміс жас» жобасына, жеті азамат «Бастау бизнес» жобасына бағытталды.

Әкімдіктің қаулысымен 2024 жылы мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін ұйымдардағы жұмыс орындарының квоталары қызметкерлердің тізімдік санының 2 пайызынан 4 пайызына дейінгі мөлшерде белгіленді. Осы жоба шеңберінде мүмкіндігі шектеулі 309 азаматты, бас бостандығынан айыру орындарынан 69 азаматты, пробация қызметінде есепте тұрған 136 азаматты, жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 12 азаматты қамту жоспарланған.

2024 жылдың басынан бастап тұрақты жұмыс орындарына мүмкіндігі шеутеулі 7 азамат, бас бостандығынан айыру орындарынан 3 азамат, пробация қызметінде есепте тұрған 8 азамат жұмысқа орналастырылды.

– Бұдан бөлек өңірде осы бағытта қандай жұмыстар қолға алынды?

– Қосымша жоспар бойынша 800 жұмыссыз азамат қысқа мерзімді оқиды. Сондай-ақ, "Бастау бизнес" кәсіпкерлік негіздеріне сай 2340 жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамат оқиды. Бүгінгі таңда 361 адам осындай білім алып, сертификат алды .

– Халықты еңбексүйгіштікке баулып, кәсіпке ынталантыруда мемлекет тарапынан қолдау бар ма? Бұл тұста қандай жобаларды айта аласыз?

– Азаматтарға айлық есептік көрсеткіштің 400 есе мөлшерінде мемлекеттік грант беріледі. Бұл жобаны қазақстандықтарға жаңа бизнесті бастау әрі дамыту үшін қайтарымсыз негізде берілетін бастапқы капитал көзі ретінде айтуға болады.

Грант арқылы берілетін қаражат халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарға өз жеке кәсібін іске асыруға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өздерін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осындай жаңа бизнес идеяларды іске асыруға 400 АЕК (яғни 1 476 800 теңге) мөлшерінде 260 адамға мемлекеттік грант беру жоспарланған.

– Ал кәсіп бастағысы келетіндерге берілетін шағын несиені алу үшін қандай талаптар қойылады?

– Өңірде 2,5 пайызбен 35 жасқа дейінгі 392 азаматқа шағын несие беру жоспарланған. Микрокредиттерге қойылатын басты шарттың бірі 21 жастан 35 жасқа дейінгі жаста болуы және бұл өз ісін ашу немесе кеңейту үшін 5 жылдан аспайтын мерзіммен жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жағдайда ғана беріледі. Бұл ретте микрокредит бойынша конкурсқа қатысушылардың жасы "Аграрлық кредиттік корпорация" АҚ-ға өтініммен жүгінген кезеңмен ескеріледі.

– Ал жұмыс іздеп жүрген жастар қайдан ақпарат ала алады? Оқу бітірген түлек қайда жүгінсе болады?

– Жұмыспен қамту саласында мемлекеттен қолдау алу үшін Enbek.kz - платформасына (электрондық еңбек биржасы) тіркелу қажет. Бұл платформада азаматтар жұмыс таба алады немесе бос жұмыс орны туралы ақпарат жариялай алады, сонымен қатар, электронды еңбек келісімшарттарын жасай алады. Сондай-ақ, субсидияланатын жұмыс орындарына өтініш беруге болады. «Электрондық еңбек биржасы» интернет-порталында 11801 жұмыс орнына 935 хабарландыру жарияланған.

– Еңбек саласындағы саясатты дамыту мақсатында жұмыссыздыққа қатысты жәрмеңкелер өткізіліп тұра ма? Бұл іс-шаралар қаншалық тиімді болып отыр?

– Бүгінгі таңда Алматы облысы бойынша бос жұмыс орындарына қатысты 92 жәрмеңке өткізілді. Жұмыссыз азаматтарға 11393 бос жұмыс орны ұсынылды. Жәрмеңкеде 7366 адам кеңес алды, оның ішінде 945 адам жұмысқа орналастырылд. Нақты статистикаға тоқталсақ, тұрақты жұмыс орындарына 2198 адам, уақытша жұмыс орындарына 92 азамат тартылды. Өңірде кейінгі статистика осындай, алда да маңызды жобалар іске асырыла береді. Бұл бағытта қоғамның әртүрлі тобы қамтылып жатыр.


Рекомендовать
Последние новости