Алматы облысында 10 жастағы баланы иттің шабуылынан құтқарып қалған ер адам марапатталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
30 маусымда Алмалыбақ ауылындағы футбол алаңында 10 жастағы Максим Головачевке ит шабуыл жасап, бала ауыр жарақат алды. Оқиға орнына құзырлы органдар келгенше дер кезінде жеткен ауыл тұрғыны Серікбек Сақайбаев өміріне төнген қауіпті елемей, итке қарсы тұрып, баланы өлім аузынан арашалап қалды. Бұл – нағыз азаматтық батылдық пен шынайы ерліктің үлгісі.
"Серікбек Сақайбаевтың батылдығы елеусіз қалмады. Оған құрмет көрсету мақсатында арнайы марапаттау шарасы ұйымдастырылды. Шара барысында Қарасай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Рустам Атшабаров Серікбек мырзаға Алғыс хат пен демеушілер атынан қаржылай сыйлық табыстады. Сонымен қатар, мерекелік жиынға аудандық полиция басқармасының басшысы Нұсқабек Зауланбаев пен төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Бағдат Шәріпбеков арнайы келіп, Серікбек Сақайбаевқа Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар тапсырды. Қарасай аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сағат Мәсімақынов өз батасын беріп, бұл ерлік елге үлгі болатынын атап өтті. Бұл оқиға – әрбір азамат үшін үлкен сабақ. Қоғамдағы бейқамдық пен салғырттық адам өміріне қауіп төндіретіні анық. Заңсыз және бақылаусыз ит ұстау деректері анықталған жағдайда тұрғындар құқық қорғау органдарына немесе аудан әкімдігіне дереу хабарлауы тиіс", - деп жазылған хабарламада.
Еске салайық, Алматы облысының Қарасай ауданына қарасты ауылда 10 жастағы баланы екі қабаған ит талап, ауыр жарақаттады. Оқиға 30 мамырда болған.
Оқиғаның басты куәгері әрі баланы құтқарып қалған ауыл тұрғыны, зейнеткер Серікбек Сақайбековтың айтуынша, сол күні көлігімен жолаушы әйелді үйіне жеткізу үшін бара жатқанда, бір топ баланың шулап, жан-жаққа қаша жөнелгенін көрген.
Қазір 10 жастағы бала Қарасай аудандық орталық ауруханасында ауыр жарақатпен ем алып жатыр.
Баланың анасы Екатерина Бурмистрованың айтуынша, ұлының жағдайы өте қиын.