Алматы облысы: экономика серпін беріп, жаңа жобалар іске асуда

Жарбол Кентұлы 24 июл. 2024 16:56 2084

2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Алматы облысында экономикалық өсім көрсеткіші айтарлықтай жақсы көрсеткішке жетті. Барлық негізгі салаларда оң динамика сақталды, ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, жаңа мектептер салу және автомобиль жолдарын жөндеу жалғасуда, өңірдің инвестициялық әлеуеті артуда.


Дегенмен, алда көптеген міндет тұр. Олардың ішіндегі ең бастысы – экономиканың өсу қарқынын сақтау және өңір халқының өмір сүру сапасыһн жақсарту, – деп атап өтті әкімдік отырысында Алматы облысының басшысы Марат Сұлтанғазиев.


Облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаев өңірдің ағымдағы жағдайы мен даму жолына егжей-тегжейлі талдау жасады. Ол қысқа мерзімді экономикалық индикатордың 108,2% құрағанын, бұл өңірге республикада 5-ші орынды иеленуге мүмкіндік бергенін атап өтті.
Ауыл шаруашылығы (106,4%, 192,2 млрд теңгеге өндіріс) және өнеркәсіп (105,2%, 884,3 млрд теңгеге өнім шығару) экономиканың көтерілуіне елеулі үлес қосты.

Өңірдің инвестициялық мүмкіндігі арта түсуде. Инвестициялардың өсімі өткен жылмен салыстырғанда 21% -ды құрады.
Өңдеу өнеркәсібінде 3,6% өсім байқалады, металл бұйымдарының, электр жабдықтарының, қағаз өнімдерінің және жеңіл өнеркәсіп тауарларының өндірісі артты. Алайда химия өнеркәсібінде, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіруде, сондай-ақ 18 жүйе құраушы кәсіпорынның 5-де көрсеткіштердің төмендеуі байқалады.


«Кәсіпорындармен жағдайды жақсарту үшін жүйелі жұмыс жүргізілуде. Мысалы, мемлекет қосымша энергетикалық қуаттарды алуға қолдау көрсетеді, бұл болашақта олардың өндіріс қуатын арттыруға мүмкіндік береді. Осылайша, «Азия Агро-Фуд» зауыты қытайлық компаниялармен дайын өнімді жеткізу бойынша екі ірі келісімшартқа қол қойып, оның өндірістік жүктемесін 50%-дан 75%-ға дейін арттырды. Зауыттың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде жаңа қосалқы станса салу жоспарлануда.


Өз сөзінде Рустам Исатаев биыл өңдеу өнеркәсібінде 205 миллиард теңгеге 16 жоба іске асып жатқанын атап өтті. Ауыл шаруашылығында өндірістің өсуінен басқа инвестициялар белсенді түрде тартылуда. 79,3 миллиард теңгеге 22 жобаны іске асыру жоспарлануда. Ауыл тұрғындарына өз бизнесін ашуға және жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретін «Ауыл аманаты» бағдарламасына ерекше назар аударылуда.


Алайда, облыс басшысының пікірінше, бағдарлама аясында толық қуатында жұмыс істемейтін бордақылау кешендері мен сүт-тауар фермаларын жұмысқа қосу қажет.


Құрылыс саласында тұрақты өсім байқалады. Жұмыс көлемі 14,5%-ға артып, 110,4 млрд теңгеге жетті. Тұрғын үйді пайдалануға беру айтарлықтай ұлғайтылды, 600 мың шаршы метрге жуық үй салынды. Әлеуметтік осал топтар үшін 21 миллиард теңгеге 1304 пәтер сатып алу жоспарлануда.


Жалпы осындай оң үрдіске қарамастан, кейбір аудандарда экономикалық өсу бойынша жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізілмеді. Осы орайда облыс басшысы аудан әкімдеріне тұрақты өсуді қамтамасыз ету және жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу үшін барлық мүмкіндікті пайдалану жөнінде тапсырма берді.


Рекомендовать
Последние новости