Ресейде күшіне енген визалық шектеулер мыңдаған қазақстандық халықаралық жүк және жолаушы тасымалдаушыларды жұмыссыз қалдыруы мүмкін еді. Алайда мәселе шешімін тапты: жаңа ереже біздің жүргізушілерге қолданылмайды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Болатбек Нажметдинұлы хабарлады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ресей заңнамасындағы өзгерістерге сәйкес, визасыз елдерден келген шетелдіктер енді бір жыл ішінде Ресей аумағында 90 күннен артық бола алмайды.
Бұл талап Қазақстаннан халықаралық тасымал жасайтын жүргізушілерге де әсер ете бастаған. Өйткені Ресей мен Беларусьтегі болу уақыты біріктіріліп есептеледі, тіпті Беларусь арқылы транзиттік өту де жалпы лимитке қосылады.
"Бұл норма халықаралық автотасымалдың ерекшелігін елемейді. Біздің жүргізушілер басқа елде жеке іспен емес, қызметтік міндетін орындау үшін жүреді. Ал жаңа талаптар оларды заң бұзушы ретінде қаралады", – деген еді бұған дейін Мәжіліс депутаты Болатбек Нажметдинұлы.
Шекарадағы ұзақ кезектер мен құжат рәсімдеу кезінде туындаған кідірістер жағдайды одан әрі ушықтырды. Қазақстандық тасымалдаушылар айыппұл, депортация және жұмыссыз қалу қаупімен бетпе-бет келген.
Мәселе қалай шешілді?
Депутаттың айтуынша, Қазақстан үкіметі Ресей тарапымен жедел байланыс орнатып, келіссөздер нәтижесінде қазақстандық жүргізушілерге жаңа визалық шектеулер қолданылмайтыны жөнінде шешім қабылданған.
"Үкіметіміз Ресей Федерациясындағы әріптестерімен жедел байланысқа шығып, кеше кешкісін халықаралық жүк және жолаушы тасымалдайтын жүргізушілерге жаңа миграциялық шектеулерді қолданбау туралы шешім қабылданды", – деп жазды Нажметдинұлы Facebook парақшасында.
Бұл шешімнің арқасында қазақстандық тасымалдаушылар енді 90 күндік шектеуге бағынбайды, ал мыңдаған жүргізуші жұмыс орнын сақтап қалды.
«Қазақстан өз азаматтарын қорғайды»
Мәжілісменнің сөзінше, Қазақстан мұндай мәселелерді ЕАЭО деңгейінде жүйелі түрде шешуді жалғастырады.
"Одақ - бұл кедергілер емес, еркіндік пен өзара құрмет кеңістігі. Қазақстан өз азаматтарын ешқашан қиын жағдайда қалдырмайды", – деп түйіндеді Болатбек Нажметдинұлы.