Қазақстанда базалық мөлшерлеме өсті: қандай өзгеріс болады?

Сағыныш Сардарова 10 окт. 2025 12:47

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18%-ға дейін көтерді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитеті базалық мөлшерлемені жылдық 18,00% деңгейінде белгіледі. Пайыздық дәліз - +/- 1,0 п.т.

Ұлттық банк өкілдері мұны инфляцияны тежеу қадамы ретінде түсіндірді. Өткен айда жылдық инфляция 12,9%-ға жеткен.

"Инфляция күшеюіне, сұраныс ұсыныстан асып түсуіне байланысты инфляция динамикасын тұрақтандырып, баға бақылаудан шығуына жол бермеу үшін шешім қабылдауға тура келді", - деді Ұлттық банк өкілдері.

Бұған дейін базалық мөлшерлеме 16,5 % болған еді.

Базалық мөлшерлеме дегеніміз не және ол неліктен маңызды?

Базалық мөлшерлеме – Ұлттық банк белгілейтін негізгі пайыздық көрсеткіш. Ол арқылы банк секторының жалпы бағыты айқындалып, елдегі несие мен инфляция деңгейіне әсер етеді. Бұл көрсеткіш бойынша Ұлттық банк коммерциялық ұйымдарға қысқа мерзімді несие береді және олардың қаражатын депозит ретінде қабылдайды.

Қарапайым тілмен айтқанда, базалық мөлшерлеме – ел экономикасының "бағдаршамы". Егер оны көтерсе, несие алу қымбаттайды, ал түсірсе керісінше арзан несие алу мүмкіндігі артады. Осылайша, Ұлттық банк осы тетік арқылы ақша айналымын реттеп, баға тұрақтылығын сақтауға тырысады.


Рекомендовать
Последние новости