Түркістанда V театр маусымы «Бекзат» драмасымен ашылды

Ақтоты Жапатова 10 окт. 2025 15:16

Түркістан музыкалық драма театрында V маусым ашылды. Маусым шымылдығы биыл даңқты боксшының туғанына 45 жыл толуына орай «Бекзат» драмалық қойылымымен түрілді. Қуат Ежембектің пьесасы негізінде қойылған бұл туындыда киелі Түркістан топырағында дүниеге келіп, қазақ спортының айбынды жұлдызына айналған, Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың өмір жолы бейнеленген, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Аншлагпен өткен премьера төрт күнге жоспарланған. Қойылымды тамашалауға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Бекзаттың анасы Сырлыкүл Саттарханова және Тұрсынғали Еділов, Мырзағали Айтжанов, Нұрлан Жұмабаев бастаған танымал бапкерлер арнайы келіп тамашалады. Сонымен бірге Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов пен күміс жүлдегер Мұхтархан Ділдәбеков және өзге де әлем чемпиондары мен жүлдегерлері көрермен қатарын толықтырды.

Театрға келген көрермендер қойылым басталар алдында Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың өмірі мен спорттық жетістіктеріне арналған арнайы көрмемен танысты. Экспозицияда боксшының жеке заттары, фотосуреттері мен марапаттары қойылған. Облыс әкімі Бекзаттың анасы – Сырлыкүл апаның иығына орамал жауып, құрмет көрсетті.

Спектакль – тек шаршы алаңдағы жеңістерді ғана емес, ананың алаңдаған жүрегін, әкенің үкілі үмітін, алғашқы махаббаттың мөлдір сезімін, жарыстардағы бәсекелестікті шынайы жеткізіп, жұртшылықты тәнті етті. Осылайша, көрермен Бекзаттың спорттық биіктерін ғана емес, оның адами болмысын, нәзік сезімдерін, отбасылық құндылықтарын және ел алдындағы жауапкершілігін де танып білді.

Бекзаттың бокстағы алғашқы қадамы бапкері Нұрлан Жұмабаевтың қолында басталған. Кейін ол ұлттық құраманың танымал жаттықтырушылары Александр Апачинский пен Тұрсынғали Еділовтің қолдауымен халықаралық аренаға шықты. Олимпиада қарсаңында спортшы еліміздің әйгілі спорт саңлақтары Ермахан Ибраимов, Болат Жұмаділов, Мұхтархан Ділдабековмен бірге дайындалып, шеберлігін шыңдады.

Басты рөлдердерде – Қадыржан Төреханов, Досымжан Арқабеков, Ақ-Сұлтан Әнуарбек, Шерхан Саматұлы, Темірлан Еркінғалиев, Мұзафар Ғалымжанұлы, Данияс Нұрқабден, Мерей Құдайбергенов, Динар Қалдыбай, Темір-Сұлтан Мейірбек, Инабат Абытхан, Аида Серикова, Ақбөпе Сәбет, Айдана Аққали, Ұлан Әділбек, Сембай Нұрла және тағы басқа да әртістер бар.

Премьераны тамашалаған көрермен қауым қазақ спортының шоқжұлдызы Бекзат Саттархановты еске алып, ерекше тебіреніспен қолдау білдіріп, өнер ұжымының ізденісін жоғары бағалады.

Қойылым идеясының авторы – Асылхан Төлепов, жоба жетекшісі – Айгерім Бозщина. Ал пьесаның авторы – Қуат Ежембек, қоюшы режиссері – Карло Шакалуга. Айта кетсек, аталған қойылымның премьерасы 9-12 қазан күндері аралығында сағат 19:00-де өтеді.

Премьера соңында облыс әкімі Нұралхан Көшеров театр ұжымына ықылас гүлін сыйлады.


Рекомендовать
Последние новости