Алматы облыстық балалар үйінен (Бағанашыл) балаларды көшіру барысында өрескел жағдай тіркелді. Бұл туралы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Зәкиеваның айтуынша, президенттің тапсырмасына сәйкес, Алматы облыстық балалар үйінде тұрақты тұратын балалар оқуын жалғастыру үшін Алматы қаласында қалатын болды. Ал мекеменің өзі қала қарамағына беріледі.
«Бүгін балалар үйінің тұрақты тәрбиеленушілері емес, ЦАН-да уақытша тұрып жатқан балалар көшірілді», – деп жазды омбудсмен.
Оның айтуынша, бұл балалар – өмірлік қиын жағдайға тап болған, облыстың әр өңірінен келген жеткіншектер. Олар көктемде балалар мен әкімдік арасындағы кездесуде қабылданған шешімге сәйкес, мекемемен бірге көшуі тиіс болған. Бұл ақпаратты уәкіл сол кезде-ақ жариялаған.
«Кеше бұл туралы әкімдік Алматы облыстық білім басқармасының ресми парақшасында хабарлады», – деді ол.
Алайда көшіру барысы тиісті деңгейде ұйымдастырылмаған.
«Алматы облысының әкімдігі ЦАН-да тұратын балалардың көшуі кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етпеді. Соның салдарынан жол берілмейтін жағдай орын алды: балалар үйінің түлегі қыз есінен танып қалды, бір баланың аяғы жарақаттанды», – деп жазды Зәкиева.
Ол балалардан хабарлама алған соң, соңғы аптада бірнеше рет әкімдікке жүгінгенін айтты.
«Алайда жергілікті атқарушы орган ескерту жасамай, өз бетінше әрекет етті», – деді уәкіл.
Қазіргі таңда Президент Әкімшілігі бұл жағдай бойынша тексеру жүргізіп жатыр. Арнайы топ құрылған.
«Өңірлік уәкіл балалармен бірге. Мен де балаларға бара жатырмын», – деп хабарлады Динара Зәкиева.
Еске салайық, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда жетім балаларды Қонаевқа күштеп көшіруді тоқтатуды тапсырған болатын.