Алла адамды әруақ арқылы қолдай ма?

Dalanews 26 июл. 2016 17:28 1571

Жазушы Құдияр Біләл өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында "әруақ адамды қолдай ма?" деген сауал қойып, оған жауап іздеуге тырысқан екен. Автордың ой-пікірі редакцияның ұстанымымен сәйкесе бермейтінін ескертеміз. 

[caption id="attachment_18194" align="alignright" width="194"]Құдияр Біләл Құдияр Біләл[/caption]

Әруақ адамды қолдай ма? Иә, қолдайды. Нақтылап айтсақ, Алла адамды тек әруақ арқылы қолдайды. Біз сол үшін де кәлима шаһадаттың «Мұхаммед оның құлы, әрі елшісі» деген екінші сыңарын айтамыз. Барлық пайғамбарлар, әулие-әмбиелер осы «қуат иесі» ретінде әрекет етеді. Бұл – Алланың рақымы. Оның солай екендігі Адам ата қиссасынан бастау алады. Еске түсіріп көрейік.

Адам пейіштен қуылады. Аллаға 300 жыл жалбарынып, мінәжат етеді. Алла оның дұға-тілегін қабыл етпейді. Себебі... Адамға тек әруақ қорған болатыны осы жерде мәлім болады. Мән берген жөн. Біз де қысылған кездерде атамыз Адам сияқты Аллаға алақан жайып, дұға жасаймыз. Бірақ атамыз дұғасының қалай қабыл болғанына жете мән бере бермейміз. Қабыл болу үшін... Иә. Әруақ мүмкіндігін іске қосу қажет. Ол мүмкіндік кілті соның «иесі» есімін дұғаға қосу арқылы ашылады.

Адам ата тілегі Пайғамбарымыз есімін өз дұғасына дәнекер ету арқылы қабыл болды. Мән берген жөн. Бұл дұғадан алынатын тағылым – әруақ әлемі Пайғамбарымыздың «құлдық қызметінде» тұрғандығын түйсінуде. Ол – мәңгілік қызмет. Біздің ата-бабаларымыз сол қызметті әулие-әмбиелер есімін өз дұғаларына қосу арқылы пайдалана алған. Есімдері аңызға айналған батырларымыз «Әруақ!» деп атой салғанда сол алапат қуат (діни тілде ол «Алланың әскері» делінеді) майданға шығады. Қазақ батырларының жауға жалғыз шаба беретіні сондықтан.

Енді жоғарыда айтқанымызға қайта ойысайық. Біз Аллаға дұға жасап кетіруін сұрап жатқан басымызға түскен қиындықтардың иесі – Алла. Сонда Алла оны бізге өзіне жалбарындыру үшін жіберсе, ол бір жағы мәжбүрлілік болып шықпай ма?! Әлде Алла оның бізге қиын болатынын «білмей қалды» деп түсінеміз бе? Жоқ. Бұл Аллаға иман келтірудің мәні. Алла қай нәрсені де Өзі жібереді және әруақ арқылы «Өзі» қорғайды. Соны білген біздің аталарымыз кейінгі «Өзді», яғни әруақты «Ол – Құдай емес, Құдайдан былай емес» деп қабылдаған. Соны түсінген адамдар «Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед оның құлы, әрі елшісі» деп иман келтіреді.

Автордың рұқсатымен көшіріліп басылды. 


Рекомендовать
Последние новости