Әліби Жангелдин: Менің отаным керемет

Dalanews 24 апр. 2017 08:04 1148

Бізбен Әліби Жангелдин әңгімелесті. Ол – Қазақстан Орталық Атқару Комитеті төрағасының бірінші орынбасары, бұл Қазақ республикасының вице-президенті деген сөз. Ол Карлсбадта емделген еді. Енді Прага арқылы өзінің алыстағы отанына, Қазақстан астанасы Алматыға қайтып бара жатыр. Бұл Қытай шекарасынан бірнеше жүз шақырым жерде ғана.


– Менің Республикам жер көлемі бойынша Кеңес Одағында РСФСР-ден кейін екінші орында, ал халқы жөнінен РСФСР, Украина, Белоруссиядан кейін төртінші орында,- деді ол. – Республика Каспий теңізі, Батыс Сібір және Қытай аралығында орналасқан. Оңтүстік-шығысында оны “Әлем шатыры” деп аталатын Памир тауы көмкеріп жатыр, ал солтүстік-батысында Орал тауының оңтүстік сілеміне барып тіреледі. Соңғы кезде менің республикам Түрксіб теміржол магистралі салынған соң аты көпшілікке мәлім бола бастады. Республиканың жер көлемі 3 миллион шаршы километрге жуық. Онда 6 миллионнан аса қазақтар мен орыстар тұрады, сондай-ақ өзбектер мен татарлар да бар. Республика 1919 жылғы декрет бойынша бұрынғы патшалық Ресейдің үш губерниясы мен бірнеше уездері негізінде құрылған. Казак АКСР жаңа Конституция бойынша КСРО одақтас республикаларының біріне айналды. Қазан Революциясына дейін ешқандай құқы болмаған қазақ халқы өзіндік еркі бар егеменді ұлтқа айналды.


Кеңес үкіметі жылдарында темір жолдар салынды: Алматы арқылы өтетін Түрксіб Түркістан мен Сібірді жалғастырды, Петропавловск-Ақмола-Балқаш магистралі Орталық Қазақстанға жол ашты. Республикада өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы күрт дамыды. Бүгінгі Қазақстан – дамыған индустриялы және ауылшаруашылықты республика. Қазақстанда түсті және сирек металдардың, мұнай мен көмірдің бай қоры бар. Индустриялық орталықтар пайда болды – Қарағанды, Балқаш құрылыс соның көріністері, Ембіде мұнай мұнаралары бой көтерді.


Кенді Алтайдың орталығы Риддерді Қазақстан Клондайгі санайды, ол социалистік тау-кен ауданына айналды. Бұрын шетел акционерлік коғамдары қожалық етіп, патшалық үкіметтің келісімімен кен орындарын игеріп жатқан жерде қазір жаңа тау-кен өнеркәсібі пайда болды. Біздің мұнайымыздың қоры 4 миллиард алтын сомға жетеді.


Ауыл шаруашылығына келсек, біз бұл саладағы шаруаның артта қалғанынан арылдық, ірі социалистік ауыл шаруашылығына өттік.


Мәдени революцияның нәтижелері ретінде мынадай мәліметтерді келтіруге болады. Царизм кезінде Қазақстанда халықтың тек жарты проценті ғана жаза алатын, оқи алатын. Қазір сауатсыздар үлесі 40 пайыз, қалғаны оқи да, жаза да біледі, мектептерде оқиды. 1913 жылы мектепке тек 13 мың бала барса, қазір 600 мың бала барады. Қазақстанда 10 жоғарғы оқу орны бар. Зоотехния мен ветеринария саласында жоғары оқу орындары ашылды. Жақында Мәскеуде өткен фестивальда Қазақ театры айрықша назар аударды. Қазақстанның өнері мен әдебиеті бұрын жетпеген биікке көтерілді. Ұлт тіліндегі газетті барлық жерде кездестіруге болады. 1929 жылы астана болған Алматы қаласында (бұрынғы Верный) бұрын 45 мың халық тұратын және темір жолдан 900 шақырым алыс еді. Қазір Алматы Түркістан-Сібір магистралінде, ондағы халық саны 200 мыңнан асады.


Менің Отаным керемет және қай жағынан алып қарасаң да бай. Бірақ қазақтардың біліктілік пен білімге құштарлығын қанағаттандыру үшін бізге әлі мұғалімдер, кітаптар, кадрлар жетіспейді. Ал білімге құштарлық біздің дәуіріміздің кереметі саналады: бұрын білім алуға құқы болмаған миллиондаған бұқара халық оянды. Тек білімділер ғана мәдени революцияға қатыса алады.


“Прага Пресса ” газеті,


1936 жылдың 5 қарашасы.


Дереккөз: Жерұйық сайты


Рекомендовать
Последние новости