Алаяқтыққа барған қарағандылық әйел өзгелерге өзін банк қызметкері ретінде таныстырған

Кәмшат Тілеухан 16 июл. 2025 14:37

Қарағанды облысы полиция департаментінің тергеу басқармасы 31 жастағы әйелге қатысты аса ірі көлемдегі алаяқтық фактілері бойынша тергеуді аяқтады. Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті 1,5 жыл бойы өзін Ұлттық банктің қызметкері ретінде таныстырып, азаматтарға несиелерін мерзімінен бұрын жабуға көмектесемін деп уәде берген. Алайда бұл уәделердің астарында алаяқтық схема тұрғаны анықталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Әйел адам тұрғындардың сеніміне кіріп, жалған қызмет ұсыну арқылы олардың атынан екінші деңгейлі банктерден бірнеше несие рәсімдеген. Нәтижесінде 98 эпизод бойынша алаяқтық дерегі тіркеліп, келтірілген жалпы шығын көлемі 200 миллион теңгеден асып кеткен.

"Жедел-тергеу тобының үйлесімді жұмысы нәтижесінде бұлтартпас айғақтар жиналып, қазіргі таңда қылмыстық іс сотқа жолдануға дайындалуда. Күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде үй қамақ түрі таңдалған", делінген полиция хабарламасында.

Полиция ел азаматтарына келесідей ескертулерді жасайды:

  • Қаржы қызметтері бойынша ұсыныстар түскен жағдайда, ақпаратты тек ресми дереккөздерден тексеріңіздер;
  • Өзін банк не өзге қаржы ұйымының өкілі ретінде таныстыратын тұлғаларға сақтықпен қараңыздар;
  • Алдын ала төлем талап ететін қызметтерге сенбеңіздер;
  • Күмәнді жағдайлар туындаса, бірден полицияға жүгініңіздер.

Тәртіп сақшылары алаяқтықтың алдын алу азаматтардың өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы мен құқық қорғау органдарымен бірлесіп әрекет етуіне тікелей байланысты екенін ескертеді.

Бұған дейін сайтмызда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі өрескел бұзушылықтарды бірден 11 банктен анықтағанын жазғанбыз. Басы дауға қалған отандық банктердің қандай бұзушылықтарға жол бергені ашып айтылмайды, бірақ тұспал жасалады.
 


Рекомендовать
Последние новости