Тұрсын Аян Қыздар университетінің мақтанышы саналатын ол таэквондодан, ушу-сандадан және жекпе-жектен спорт шебері, татамиден бес дүркін Қазақстан чемпионы. Сонымен қатар, 2008 жылы Якутияда өткен «Азия балалары» атты халықаралық спорт ойындарының, Қазақстан чемпионатының (2014) және Конфедерация Кубогының (2014) қола жүлдегері. 2010 жылы Алматыда өткен Жастар ойындарының және 2012 жылы өткен Әйелдер спартакиадасының күміс жүлдегері. 2013 (Ақтөбе) және 2014 (Алматы) жылдары Студенттер арасындағы жарыстың Қазақстан чемпионы атанған.
Спорт десе ішкен асын жерге қоятын Тұрсын Аян ушу-сандадан да екі дүркін ел чемпионы. 2014-2015 жылдары екі жыл қатарынан Алматы қаласында ушу-сандадан әйелдер арасында өткен Қазақстан чемпионатында 1 орынды жеңіп, өзіне тең келер ешкім жоқ екендігін дәделдеген болатын. Ол сонымен қатар, дәл осы жылы аталған спорт түрінен Қазақстан кубогінде алтын медальға ие болды. Жекпе-жек спортында да жүлделі орындарға ие болып жүрген Тұрсын Аян 2016 жылы Талдықорған қаласында жекпе-жектен өткен Қазақстан чемпионатында 1 орынды иеленіп, жеңіс тұғырынан көрінген еді.
Қыздар университетінің 1 курс студенті Тұрсын Аян қазіргі таңда «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша білім алуда. Ол 1994 жылы 23 тамызда Алматы қаласында дүниеге келген. 2004 жылдан бастап таэквондомен айналыса бастаған. Алғашқы бапкері Үсікбаев Ерхан Төлеуұлы. Ол Алматы қаласы «Шаңырақ» ықшам ауданындағы дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернатының түлегі.
– 4 сыныптан бастап спортпен айналысып келемін. Спорт менің өмірлік серігім. Тұңғыш рет елімізде өткізіліп отырған Универсиадада еліміздің белгілі тұлғалары мен мықты спортшылардың қатарында Алауды алып жүру мен үшін үлкен мәртебе. Өте қуаныштымын. Оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, – деді алау ұстаған Тұрсын Аян.
Алдағы Универсиада ойындарына кімдер қатысады, үкілеп қосқан қандай саңлақтарымыз жүлделі орындарға ілігеді екен деген сұрақ әрбір қазақстандық жанкүйердің көкейінде тұрғаны шындық. Айтулы додада ел намысын қорғайтын спортшылар қатарында Қыздар университетінің студенті, тау шаңғысы спортының шебері, Қазақстан чемпионы Мария Григорова да бар. Мария Педагогика және психология факультетінің Денешынықтыру және спорт мамандығының ІІ курс студенті. Осыған дейін Мария бір емес, бірнеше жарыстардың жеңімпазы атанып үлгерген. Ол 2014, 2015, 2016 жж. Қазақстан Республикасының чемпионы, ҚР Ұлттық құрама командасының мүшесі.
Айта кетейік, тау шаңғы спорты бойынша Универсиадада Мария Григоровамен бірге ел намысын Мартин Хубер, Сергей Данов, Захар Кучин, Александр Костров, Алексей Сысоев, Екатерина Карпова қорғайтын болады.
– Жақында ғана Шымбұлақта өткен тесттік жарыста жақсы нәтиже көрсеттім. Екі рет берілген мүмкіндікте жолды өте жақсы өтіп, 9 спортшының арасында бірінші және екінші келдім. Жарысқа 100 пайыз дайынмын десем болады. Универсиадада барымды салатын боламын және жақсы нәтиже көрсетуге барынша тырысамын, – дейді Мария Григорова өз жанкүйері Қыздар университетіне үлкен сәлемін жолдап.
«Қыздар университеті» медиа орталығы