Алаш идеясы мен рухы ешқашан өшпейді

Dalanews 22 мар. 2017 17:07 1160

Таяуда Қыздар университетінде Алаш Орданың 100 жылдығына арналған «Алаш Орда және қазақ мемлекеттілігінің мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Биыл Алаш қозғалысының ғасырлық тойы – Алаш ұлттық автономиясының, Алаш партиясының және Алаш үкіметінің құрылғанына 100 жыл толып отыр. Айтулы мерекеге орай елімізде түрлі іс-шаралар жоспарлануда.  Мемлекетіміз үшін айырықша мәнге ие ерекше мерекені атап өту басталап та кетті. Алаш қозғалысы идеяларын елдің түкпір-түкпірінде өтіп жатқан конференциялар, симпозиумдар мен дөңгелек үстелдерде насихаттауда.

Маңызды даталарды назардан тыс қалдырмайтын  Қыздар университеті 15 наурыз күні Алаш Орданың 100 жылдығына орай «Алаш Орда және қазақ мемлекеттілігінің мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.

«Еліміз егемендік алып, тәуелсіз мемлекет құрғанымызда ел қамын ойлап, сол жолда өздерінің саналы ғұмырын сарп  еткен асыл азаматтардың тарихын қайта парақтап, шынайы түрде «ақтаңдақтарының» бетін ашып заман талабына сай зерделеудің маңызы зор. Шараны ұйымдастырудағы басты мақсатымыз – Алаш арыстарының рухын жас ұрпаққа сіңдіру, еліміздің болашағы болып табылатын жастарға Алаш идеясын ұстанған ұлттық-демократиялық зиялылардың саяси қызметі мен ұлттық партия құру идеяларын дәріптеу және осы идеяларды бойларына сіңіре отырып ұлтжандылыққа тәрбиелеу», – дейді шараның ұйымдастырушысы, «Тарих» кафедрасының меңгерушісі Ләззат Қожекеева. Оның айтуынша, шара дәстүрлі «Нұрпейіс оқулары» аясында өтіп отыр.

Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысына тарихшы ғалымдар, Ш.Уалиханов атындағы Тарих және этнология институтының, Жапонияның Цукуба университетінің, Мырза Ұлықбек атындағы Өзбекстан ұлттық университетінің, «Алматы» университетінің, «Интеллект Орда» Халықаралық әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулерді ықпалдастыру институтының, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің және т.б. еліміздің ЖОО-лардың тарих пәнінің ұстаздары мен ғалымдары қатысты.

Конференция Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Бірінші проректоры Баходир Әлиевтің алғы құттықтау сөзімен ашылды.

– Қазақстан ұлттық мемлекетінің басты идеяларының қалыптасуы Алаш қозғалысының идеясынан және Алаш партиясының бағдарламасынан бастау алады. Алашорда автономиясы мыңдаған жылдар бойы ұлы даланың төсінде алып империялар құрған, ірі хандықтарды қалыптастырған жұрттың өз мемлекеттілігін қалпына келтіру үшін тепсініп, үзілгенді жалғап, үмітті жандырмақ болған қадамының жемісі. «Алаш» құбылысы – ХХ ғасыр басындағы ұлттың өзін-өзі ұлт ретінде сақтап қалуға талпынған ірі қозғалыс ретінде тарихқа енді. Алаш қозғалысының басында ат төбеліндей аз санды қазақ оқығандары тұрды. Олардың қайраткерлігі, тұлғалығы қоғамдық-саяси іс-әрекеттеріндегі зиялылықтан көрінді. Әлихан Бөкейхан бастаған «Алаш» қозғалысының белсенділері Қазақстанның демократиялық жолмен дамуының іргетасын қалады, – деп Алаш қозғалысының алар орнын атап өтіп, барша қауымды Алаш орданың 100 жылдығымен құттықтады.

 

Екі ғасырға жуық патшалық Ресейдің қыспағында қалып, езгісіне түскен қазақты көзі ашық, көкірегі ояу Алаш қайраткерлері «Оян Қазақ, көзіңді аш, көтер басты!», деп ұран тастап, ұлт болып ұйысуға шақырды. Елдің еңсесін тіктеп намысын жану үшін, қаламын қару етті. Қалың ұйқыдағы бұқараны оятып елдікке шақырды. Қалың жұртты азат Алаш туының астына топтастыру тек насихат айтумен шектелмеді. Ұлт көсемдері ниетін нақты іспен дәлелдеді. Ұлт зиялылары 1917 жылы Алаш партиясын құрып, Алаш Орда өкіметін жасақтады. Бұл Абылай, Кенесары замандарынан кейінгі үш жүздің басын қосып, сахара төсінде дербес қазақтың мемлекетін құруға құлшына кіріскен Алаштың алғашқы қозғалысы еді.

Конференцияда Алаш қозағылысының құрылу тарихымен қатар, Алаш қайраткерлерінің атқарған істері мен қызметі, тарихи тағдыры, Қазақ елінің дамуына қосқан үлестері сөз болды.

«Кеңестің қитұрқы саясаты Алаш көсемдерін бірін қалдырмай құртқанымен, Алаш идеясын, Алаш рухын өшіре алмады. Жетпіс жыл құрсауда болса да, елдің сағы сынбады. Ызғарлы Желтоқсанда қазақ жастарын алаңға шығарған да қазақтың қанында тұрған Алаштық рух еді. Кеңес одағы Алаш үкіметін де, Түркістан автономиясын да күштеп құлатып, қайраткерлерді қудалай бастаған тұста да алаштықтар халық үшін қызмет етуден тайсалған жоқ. Саяси құрылым құрудан қол үзгенімен қалың бұқараны ағартудан айнымады. Ахмет Байтұрсынов қазақ тіл білімі мен әдебиеттанудың негізін салса, Халел Досмұхамедұлы медицина, биология және табиғаттану, Міржақып Дулатов пен Сұлтанбек Қожанов математика, Жүсіпбек Аймауытов психология, Мағжан Жұмабаев педагогика оқулықтарын жазды. Бұл бастамалардың бәрін ұлттың рухани негізіне, дәстүрі мен дініне сәйкестеуді негізгі талабы етіп алды. Алаш қайраткерлерінің дербестіктен кейінгі ең қастерлі асыл мұраты – жастарды әуелі отансүйгіштікке тәрбиелеп, жаңаша білім беру болды. Алаш қайраткерлерінің тіл саясатындағы тағлымы қазіргі тізгін ұстаған талайға үлгі боларлықтай. Тіл – ұлт руханиятының негізгі өзегі деп білді, әрі ана тілінің көсегесін көгертуді басты міндеті етіп алды. 1917 жылы Орынборда Жалпықазақ құрылтайын өткізген Алаш арыстары қаулы қабылдап, қазақ тілінің мәртебесін айқындады», деп атап өтілді басқосуда.

Конференция барысында бүкіл еңбек жолы мен кызметін Қазақстанның тарих ғылымына,  Алаш мәселесін, Алаш қайраткерлерінің тұлғасын терең зерттеуге арнаған, Қазақстан ғылымының өркендеуі жолында тер төккен, әрі осы саланың өркендеуіне үлес қосқан көрнекті ғалым, Ұлттық Ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарынын докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері,  алаштанушы ғалым Кеңес Нұрпейісұлы Нұрпейістің еңбегі ұшан-теңіз екендігі кеңінен айтылды. Ғалым туралы Ш.Ш.Уалиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары, т.ғ.д., профессор Светлана Смағұлова «К.Нұрпейіс еңбектеріндегі Алаш мәселесі: Тұлғалар тағдыры», аталмыш институттың бас ғылыми қызметкері Хайдар Алдажуманов «Академик Кеңес Нүрпейіс және ХХ ғасырдағы  Қазақстан тарихнамасы», Қыздар  университетінің ұстазы, тарих ғылымдарының кандидаты Бота Тақабаева «Кеңес  Нұрпейістің Алаш қозғалысы тарихын зерттеуге қосқан үлесі» атты баяндамалар жасады. Өз баяндамасында профессор Светлана Смағұлова:

– Тарихшы ғалымның ғылыми зерттеулерінің басымы ХХ ғасыр басындағы Қазақстанның саяси өмірге арналды. Яғни, ХХ ғасырдың бас кезіндегі ұлт-азаттық қозғалыс тарихы, 1917 жылғы ақпан және қазан революциялары тұсындағы Қазақстанның саяси жағдайы, 1921-1922 жылдардағы ашаршылық және Алаш қозғалысы, қуғын-сүргін  мәселелер. Алаш азаматтарын таныту барысында К. Нұрпейіс олардың бірінші ұлтқа деген сүйіспеншілігін анықтап, ең бастысы халқына сіңірген қызметін, еңбегін насихаттауды жөн санайды. Тарихта «ақтаңдақтар» деп аталып кеткен бұл мәселелерді алғашқылардың бірі болып  көтеріп, мұрағаттар мен кітапханалар қорында «құпия» сақталған материалдарды ғылыми айналымға түсірген тарихшының бірі – Кеңес Нұрпейісұлы Нұрпейіс. Оның еңбектері ғылымға бет бұрған жас ізденушілерге жөн сілтеп, бағыт берері сөзсіз», деп атап өтсе, Қыздар университетінің оқытушысы, ғалымның ізбасары Бота Тақабаева: «Кеңес Нұрпейістің Алаш тарихын зерттеудегі өзіндік орнын айтқанда, ең алдымен мұрағат қорларында жатқан мұрағат қорларында жатқан беймәлім құжаттарды, деректерді тауып, зерттеуді жаңаша дәрежеге жеткізді. Соның нәтижесінде Алаш қайраткерлерінің осы уақытқа дейінгі белгісіз болып келген белсенді әрекеттерін және біз біле бермейтін халқына адал қызмет еткен қайраткерлерді білуге мүмкіндік беруі үлкен мәнге ие. Көрнекті ғалым, ұстаз Кеңес Нұрпейісұліның жүрек соғысы тоқтағанмен, оның тарихи танымы әрбір адамның жүрегінен орын алды. Ғалым Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология ғылыми-зерттеу институтымен қатар Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық Университетінде жарты ғасырға жуық еңбек етті. Аға буын өкілдерінің дәстүрін жалғастырды. К. Нұрпейісті алғаш алаштану негізін қалаған тарихшы, академик және Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Әлімхан. Ермеков, Тұрар Рысқұлов, Мұхамеджан Тынышбаев, Халел Досмұхамедов, Ораз Жандосов мұраларын жариялап, бағалауға ауқымды үлес қосқан ғалым ретінде де еліміз тарихында қалары сөссіз», деп ғалымның Алаш қозғалысы тарихын зерттеуге қосқан үлесін кеңінен ашып көрсетті.

Конференция барысында Алаш қозғалысының бастаулары, Алаш қозғалысының тарихи маңызы, ХХ ғасыр басындағы Қазақстан тарихының зерттелуі, К.Нұрпейіс еңбектеріндегі Алаш мәселесі, қазақ мемлекеттігінің концепциясы, Алаш идеясындағы «Мәңгілік ел» құндылықтары, ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалыстар, Алаш зиялыларының өмірі мен қоғамдық-саяси қызметтері туралы өзекті мәселелер қозғалып, ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстанның мемлекеттік билік жүйесіндегі құбылыстар тарихы мен мемлекеттік билік органдарында қызмет еткен қазақ қайраткерлерінің арасындағы топшылдық күрес тарихы, XXI ғасырдың басындағы, қоғамымыздың қайта жаңарып демократиялануы, тарихымыздың күрделі беттерін яғни, «ақтаңдақтарын» ашуға сол заманда өмір сүрген, тоталитарлық жүйеге қарсы күрескен тарихи тұлғаларды ақтауға, Кеңестік дәуірдегі қуғын-сүргін саясатын, мұрағаттық нақты деректер арқылы әшкерелеуге мол мүмкіндік туғандығы, қазақ халқының болашағы үшін күрескен азаматтарының аты таптық өшпенділікке негізделген тарихнамалық мәселелер  қарастырылды.

Пленарлық мәжіліс түстен кейін «Алаш Орда және қазіргі заман: идеялар сабақтастығы», «Алаш» қайраткерлерінің тарихи тағдыры», «Жастарды тәрбиелеудегі Алаш қозғалысының рөлі», «ХХ ғасырдың басындағы саяси және қоғамдық қозғалыстар» атты секциялық жұмыстармен жалғасты.

Алаш арыстары көсемсөзде, ақындық өнерде, кәсіби маман ретінде де арттарында өшпестей із қалдырды. Олардың еңбектерін терең де түбегейлі зерттеу қазіргі күннің, бүгінгі жастарымыздың еншісінде. Өз заманындағы озық біліммен қаруланып, түрлі кәсіби маман иелері ретінде Алаш зиялыларының қай қырын алсақ та бүгінгі ұрпаққа үлгі, өнеге. Бұл ұлтымыздың жасампаздық рухын ояту үшін аса қажет. Аз санды Алаш зиялыларының сол бір тарихи сын сағатта шамаларының жеткенінше, өз мүмкіндіктерін сарқа жұмсап, ұлттың мүддесі үшін әрекет жасауға ұмтылуы, ерен ерлікке сай. Бұл кезеңнің тарихы тағылым мен сабаққа толы. Мұның бәрі бізге тарихтан сабақ алуға, өткеннен тиісті қорытынды жасай білуге шақырады.

Атап өте кетейік, конференция аясында арнайы жинақ жарық көрді. «Алаш Орда және қазақ мемлекеттілігінің мәселелері» деген атпен шыққан конференцияның материалдар жинағына Алаш Орданың 100 жылдығына және қазіргі Қазақстан тарихы және Дүниежүзі тарихы ғылымдарының өзекті мәселелеріне арналған ғылыми мақалалар топтастырылды.

 

«Қыздар университеті» медиа орталығы

Рекомендовать
Последние новости