АЛАКӨЛДЕ АЛАМАН БӘЙГЕ ӨТТІ

Dalanews 01 апр. 2022 06:47 1600

 

«Бәйге – ұлттық ат спорты» қоғамдық бірлестігі федерациясының ұйытқы болуымен Ұлыстың Ұлы күнінде Арқарлы ауылдық атшабарында ат тұяғын дүбірлеткен кең көлемді «Құнан бәйге – 2022» жарысы өткізілді.



Тұлпарлар бақ сынасқан аламан бәйгеге Сарқан және Ақсу аудандарының шабандоздары да қатысты. Дүбірлі дода тай, құнан және аламан бәйгелерінен бөлек, көкпар мен қошқар көтеру сайыстары да ұйымдастырылды.



Бәйгенің салтанатты ашылу рәсіміне Алакөл ауданының әкімі Алмас Абдинов, аудандық мәслихат хатшысы Саяхат Жабжанов және «Бәйге – ұлттық ат спорты» қоғамдық бірлестігі федерациясының төрағасы Жасқайрат Қамзанов қатысып, атшабарларға сәттілік тіледі.



Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері: «Тай» бәйге бойынша 1-орынды ынталылық Бірлік Жәйсамбаев жеңіп алса, 2-орынды сарқандық Шалқар Есіркенов және 3-орынды ынталы ауылынан Құрманбек Ақубай еншіледі. «Құнан» бәйгеде ақсулық Аян Немербаев 1-орынды қанжығасына байласа, 2-орынды сарқандық Еркін Ошақанов пен 3-орынды Ғалым Мәкенов иеленді. «Аламан» бәйгесінде ерекше көзге түскен сарқандық шабандоздар: Ғалым Мәкенов 1-орынды, Жасұлан Мұқатаев 3-орынды, Еркін Ошанов 4-орынды иеленсе, қызылащылық Шалқар Жақсыбаев 2-орынды қанжығалады.



-Атбегілік атадан қалған кәсіп. Қазір жастарымыздың арасында тай жаратып, жылқы баптауға ден қойғандар қатары көбейіп келеді. Жалпы, ұлттық спортты дамыту жастар үшін маңызды іс. Бүгінгі өткізіліп отырған құнан бәйге де осының айғағы,-деді аудан әкімі.

Көкпар тартуда оңтайлы әдіспен 8 команданың ішінен «Жайпақ» командасы алдыға шықса, 2-орынды «Бескөл» командасы иеленіп, «Достық» командасы 3-орынға жайғасты. Ал иығына 110 рет шопан ата түлігін арқалаған арқарлық Төлеу Әсетұлы жеңіс тұғырынан көрінді.

Дода соңында Арқарлы ауылдық округінің әкімі Ерлан Төкенов пен федерация төрағасы Жасқайрат Қамзанов жүлдегерлерді марапаттап, ақшалай сыйлықтарын табыстады.

Касиет Арстан,
Алакөл ауданы әкімінің баспасөз хатшысы


Рекомендовать
Последние новости