"Ала жіпті аттамау" деген ұғымды саясатта да берік ұстану керек - Ерлан Қарин

Сағыныш Сардарова 05 июн. 2024 15:48 3204

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин "Бірлік пен даму: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бағдарының басты негіздері" атты мақаласында қоғамда қаншама көзқарас, қаншама пікір қайшылығы болғанымен, баршамыз ортақ мүдде, жалпыұлттық мүдде жолында ұйысуымыз керрек екенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ерлан Қарин қазақстандықтарға маңызды үндеу жасады. Сондай-ақ, елдің бірлігіне, тұтастығына нұқсан келтіретін әрекет пен сөзден алыс болуға шақырды.

"Қоғамның ашықтығы, эконо­микалық реформалардың іске асуы, коммуникацияның жаңа түрлерінің қарқынды дамуы сияқты нақты себептерге байланысты сол қоғамның құрылымы үнемі өзгеріп отырады. Қоғамдық-саяси кеңістік кеңейіп, күрделене түседі, яғни жаңа страталар, әлеуметтік топтар мен суб­мәдениеттер, сан алуан саяси және идеологиялық көзқарастар пайда болады.

Қазір біздің қоғамда саяси ұстанымы әртүрлі азаматтар, атап айтқанда, либералдар, социалис­тер, консерваторлар, оңшылдар, солшылдар және центристер бар. Олар түрлі саяси идеалға және құн­дылықтарға сенеді. Осы орайда біз пікір алуандығын дамыта отырып, ең алдымен, жалпыұлттық мүддеміздің біртұтастығына баса мән беруіміз қажет.

Бұл тұрғыда ел ішіне іріткі салатын әрекеттерге ғана емес, жұртты арандатып, дау-дамай туғызуы мүмкін кез келген сөзге абай болған жөн. Өкінішке қарай, тым шолақ ойлайтын кейбір әсіребелсенділер, кейде тіпті іс-әрекеті ақылға сыймайтын адамдар көпшілікке өзінің сыңаржақ көзқарастарын күшпен таңып, жұртшылықтың пікірін өз ыңғайына қарай бұрғысы келеді.

Қазақта "ала жіпті аттамау" деген ұғым бар. Біздің саясатта да мұны берік ұстану керек. Яғни елдігімізге, бірлігімізге, ынтымағымызға сызат түсіретін дүниеден алшақ болған жөн. Қоғамдағы пікірталас кезінде аттап өтуге болмайтын шек, яғни "Redline" нақты белгіленуге тиіс. Бұл дегеніміз – қандай да бір тақырыпты талқылауға тыйым салу немесе цензура жасау емес. Бұл – саяси пікірталас кезінде ұстамды болып, сабыр сақтауға шақыру. Ел алдында жүрген азаматтар, яғни қоғам белсенділері, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері, блогерлер, азаматтық сектордың өкілдері берекелі бірлігімізге сызат түспесін десе:

– этносаралық қатынастарға және тіл мәселесіне;

– дін саласына;

– сыртқы саясатқа қатысты ахуал­ды ушықтырмауға баса мән беруі қажет.

Біздің қоғам бұл мәселелерге қа­тысты жанжал туғызатын сөз тара­туға, ашу-ызаға толы мәлімдеме жасауға болмайтынын жақсы түсі­неді. Бұл турасында білікті мамандар мен сарапшылар ғана кәсіби тұрғыдан пікір таластыра алады.

Мемлекет елдің ынтымағын бұ­зып, шаңырағын шайқалтқысы келе­тін кез келген әрекетке заң арқылы қатаң тосқауыл қояды. "Шек­тен шығуға жол жоқ" деген қағида әрдайым басшылыққа алынады. Біз дін бостандығын қолдаймыз, алайда соқыр сенім мен надандыққа қарсымыз. Біз отаншылдықты қол­даймыз, алайда ксенофобия мен әсіреұлтшылдыққа қарсымыз. Біз либерализмді қолдаймыз, алайда жүгенсіздік пен нигилизмге қар­сымыз.

Барша адамдар, әсіресе қоғамдық-саяси өмірге белсене атсалысып жүрген азаматтар, өзінің саяси көзқарасы мен ұстанымына қара­мас­тан, жалпыұлттық мүддені, мем­лекеттілікті сақтау және нығайту мәселесін бәрінен биік қоюға тиіс", - деді Ерлан Қарин.


Рекомендовать
Последние новости